Қазақстанда жақын арада органикалық және табиғи өнімдерді жеткізіп берумен айналысатын GREEN BEE стартапы іске қосылмақ. Қазір экологиялық өнім өндірушілердің басын қосатын стартап мобильді қосымшасының соңғы шаруалары пысықталуда.
Жобаға үш мемлекеттің қатысы бар. Стартапты белорусиялық IT-мамандар дайындап, жобаның өзі Эстонияда тіркеліп, бірақ жұмысын Қазақстанда бастамақ. Стартаптың мақсаты – фермерлер мен қала тұрғындарын бір платформада тоғыстырып, делдал және алыпсатарларды араластырмай, таза табиғи өнімді тұтынушыға тікелей жеткізіп беру.
– Қазір экоөнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Біздің басты ерекшелігіміз – екі тарапқа да қолайлымыз. Бизнес тұрғысынан қарайтын болсақ, фермерлерді артық проблемадан арылтамыз. Өнімді тұтынушыға өзіміз жеткіземіз. Ал клиенттердің химия қосылмаған, таза, табиғи өнімдерді таңдап алуына мүмкіндік сыйлаймыз. Органикалық өнімдердің әлемдік нарығы 20 жылда 6 есе өсті және құны 106 млрд доллардан асып кетті. Жеке бизнес дайындаған органикалық өнімдер маркетплейсі 2021 жылы ең тез көтерілген бизнеске айналуда, – дейді идея авторы Бахт Ниязов.
Стартап аясында шаруа қожалықтары, шағын кәсіпкерлік өнімдері «цифрланып», қолөнер шеберлерінің өнімдері де нарыққа шығарылмақ. Жобаға қатысу үшін өндірушілер сапалы, таза, табиғи өнім шығарып, өнімнің экологиялық тазалығын қамтамасыз етуі керек. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, қазірдің өзінде платформаға оншақты бизнесмен қосылған. Базада Алматы облысындағы сыр, сүт өнімдерін, жеміс-жидек, халал ет, құс етін өндірушілер бар. Фитнес-өнімдер де баршылық. Қосымшаға картаны тіркеп, өнімге тапсырыс беруге болады. Авторлар келешекте жобаның аудиториясы мен тапсырыс географиясын арттырамыз дейді.
– Біз тұрақты даму принциптеріне негізделген кез келген бизнесті қолдауға дайынбыз. Бірақ біздің басты назарымыз шағын (20 адамға дейін) органикалық және табиғи өнімдер өндірушілер мен сатушылар, дәмханалар, мейрамханалар, slow food және эко-отельдер. Қазіргі таңда Қазақстанда, Алматы қаласында жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ АҚШ пен Эстонияда кеңсеміз бар. Жақын уақытта Ресей және Еуропа нарығына шығуды жоспарлап отырмыз, – дейді жоба авторлары.