• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Оқиға 26 Сәуір, 2021

Экологиялық сауат қалыптастыру маңызды

561 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елорда жастарымен бірге «Киелі табиғат» республикалық экологиялық акциясын бастады. Қатысушылар астанадағы Ботаникалық саябақта шырша отырғызып, жас­тар арасында қоршаған ортаны қорғауды дәріптеудің маңызын алға тартты.

Іс-шарада сөз алған министр табиғатты аялау, құрметтеу философиясы біз үшін жат ұғым емес екенін атап өтті.

– Халқымыз үшін «тазалық» деген – киелі ұғым. Табиғатты аялау мен құрметтеу – халқымыздың қанында бар қасиет. Ата-бабаларымыз жас ұрпақты «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Көк шыбықты сындырма», «Өзенді ластама» деп өсірген. Алдыңғы буын үлкендеріміз бізді үнемі осылай тазалыққа тәрбиеледі. Енді осы жақсы дәстүр сабақтастығын үзіп алмай, біз де әрі қарай жалғауымыз қажет деп санаймын, – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, экологиялық сауат ашу – жаңа ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігі. Сондықтан бұл акция еліміздің барлық елді мекенінде басталып отыр.

Аида Балаева Қазақстан Президенті экологиялық білім мен тәрбиеге ерекше назар аударатынын, соған орай бірқатар мемлекеттік органға нақты тапсырма бергенін атап өтті.

– Бұл осы секілді акциялардың стратегиялық маңызы зор екенін көрсетеді және алдағы уақытта қатарымыз толыға түсеріне сенімдімін. Еліміздің жас­тар ұйымдарын бізге қосылуға және қолдауға шақырамын. Акция аясында үлкен ақпараттық жұмыс та жүргізілмек. Youtube-та «Киелі табиғат» деп аталатын арнаны іске қосамыз және ол біз жүзеге асыратын үлкен ағартушылық жобалардың тиімді болуына септігін тигізетін болады, – деді министр.

Осыдан кейін Аида Балаева акцияға қатысып, Ботаникалық бақ аумағына жастармен бірге бірнеше түп ағаш отырғызды. Экологиялық айлық 25 сәуір мен 25 мамыр аралығында бүкіл ел аумағында жалғасатын болады. Барлық өңірдің жастары өзен арналарын тазартып, аулаларды тазалайды, ағаш егіп, гүл отырғызады.

Акцияны бастаған «Жас Ұлан» ұйымының төрағасы Динара Сәдуақасова бұл жұмысқа өзге де жастар ұйымдарының жұмылатынын айтты.

– Бір айда саябақтар мен скверлерді тазалап, өзен-бұлақтардың айналасын қоқыстан тазартамыз. Ағаш егіп, осылайша жастар арасында қоршаған ортаны қорғауды, табиғатты аялауды дәріптейміз. Сенбіліктерден бөлек, жастарға арнап семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Жалпы, бұл іс-шаралар алдағы бір аймен шектеліп қалмайды. Жоба жыл соңына дейін жалғаспақ. Сондай-ақ мамырда балалар мен жасөспірімдерге арнап эко­театр ашамыз. Онда былтыр экологиялық тақырыпта жарық көрген «Гринэйктер хикаясы» ертегілер желісімен спектакль қойылады. Оған қоса, биыл оқиғаның жалғасымен тағы бес кітап шығарамыз. Елордалық жастар жазда кесте бойынша театрға келіп, қойылымды тамашалай алады, – деді Д.Сәдуақасова.  

Іс-шараға қатысқан белсенділер экология мәселесінің жастар арасында өте өзекті екенін атап өтті. Қазір суды үнемдеу, қоқысты қайта өңдеуге сұрыптап салу, табиғатқа зиян пластикалық пакеттен бас тарту немесе қолдануды азайтуды секілді нәрселерді жастар саналы түрде жасап жүрген көрінеді.

«Әлемдік экологиялық мәселелерді шешуге біз секілді жасөспірімдер де қол ұшын бере алады. Ол қалай десеңіз, бар болғаны – қоқысты контейнерлерге сұрыптап салу. Әрине, оған қоса жерде қоқыс көрген жағдайда оны ұялмай көтеріп, қоқыс жәшігіне тастаған да дұрыс. «Киелі табиғат» республикалық жастар экологиялық акциясына келер болсақ, бұл жобаның жастар үшін маңызы өте зор. Себебі біз, жастар, өз жерімізді, табиғат-анамызды аялап, сақтай білуіміз керек. Бұл жоба қатысушылар, еріктілер саны жағынан ауқымды болады деген ойдамын. Өйткені қазір жастар экологиялық мәселелерді, оның салдарын жақсы біледі. Біз осылайша күйбең тіршілікпен қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа деген күтімді ұмытқан жандарға ой тастағымыз келеді. Көп ағаш егіп, тұрып жатқан жерімізді көркейтуді көздейміз», деді «Жас Ұлан» ұйымының белсендісі Қанат Канаев.