Америка Құрама Штаттарының ауған жеріндегі әскери контингенті Ауғанстанда орналасқан кейбір АҚШ әскери базаларын эвакуациялауға дайындықты бастады. Бұл туралы жексенбіде АҚШ пен НАТО-ның Ауғанстандағы қолбасшысы генерал-лейтенант Скотт Миллер мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz «ТАСС» агенттігіне сілтеме жасап.
«Кейбір базаларды көшіру жұмыстары басталып кетті. АҚШ барлық әскери базаларын ауған армиясына тапсырады. Егер Талибан АҚШ әскери күшіне немесе кез келген коалиция күштеріне шабуыл жасайтын болса, біз оған нақты жауап береміз», деді Скотт Миллер. Бұл пікір Hama Press ауған агенттігі жариялаған ақпаратта жазылды.
Агенттіктің хабарлауынша, Америка Құрама Штаттары алдағы екі апта ішінде үш базаны және Кандагар провинциясындағы әскери әуежайды Ауғанстан жағына өткізбекші.