Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2021 жылғы 29 сәуірде өтетін Сенат отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Палатаның алдағы отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланып, аталған құжатты Парламентке жолдаған еді. Бұл заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу тетіктері қарастырылған.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да Палата отырысының күн тәртібіне шығарылды. Теріс пиғылды коллекторлардың әрекеттері қоғамда айтарлықтай дау тудырғаны белгілі. Соған байланысты Мемлекет басшысы микроқаржылық және коллекторлық қызметті іске асырудың құқықтық базасын жетілдіруді тапсырған еді. Сондықтан аталған заң жобасында коллекторларға басқа адамдардың телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салу нормасы қарастырылған. Сондай-ақ, олар борышкерлермен арадағы кез келген іс-әрекет кезінде видео және аудиофиксация жүргізуге міндетті болады.
Одан бөлек, Бюро отырысы кезінде Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.