• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 26 Сәуір, 2021

Оңалту қызметтерінің тапшылығы 11 өңірде байқалады

147 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестерін цифрландыру, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарының санын арттыру, сондай-ақ көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арнап тұрғын үй салу мәселелері қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға қатысты мемлекеттік қызметтер 100% цифрландырылатынын айтты.

Қазіргі таңда әлеуметтік-еңбек саласында 44 қызмет түрі қарастырылған, оның 40-ы 2020 жылы электрондық форматқа ауыстырылды. 24 мемлекеттік қызмет зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаумен және төлеумен байланысты, оның ішінде 22 қызмет электрондық түрде, 12 (50%) қызмет алушының өтінішінсіз, проактивті түрде көрсетіледі.

Қазақстанда 12,3 мың мүмкіндігі шектеулі бала оңалтуды қажет етеді, олардың 47%-ы қазіргі уақытта 38 оңалту орталығының қызметтерімен қамтылған. Оңалту қызметтерінің тапшылығы ҚР 11 өңірінде байқалады.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін елімізде мүгедектігі бар балаларға арналған қосымша 15 оңалту орталығын ашу міндеті қойылған.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасының осы тармағын орындау жөніндегі жұмыстар туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үйді (977 мың тұрғын үй) пайдалануға беру жоспарланғанын айтты.

Биыл тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 17 млн шаршы метрге дейін ұлғайды. Демек, 163 мыңнан астам отбасы, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары жаңа баспана алуы тиіс. Осы жылдың I тоқсанында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда 2,87 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 8,6%-ға артық.

Премьер-Министр зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау үшін барлық бастапқы деректерді цифрландыруды және өзектендіруді, әр өңірде балаларды оңалту орталықтарын ашуды және олардың қызметін дамытуды, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі жөніндегі ай сайынғы жоспарларды бекітіп, әкімдіктерге жеткізуді, сондай-ақ олардың іске асырылуына нақты мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.