Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасына Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық кеңес алаңында айтқан тапсырмаларының тағы бір легі іске асқанын жазды, деп хабарлайды Egemen.kz
Берік Уәли Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында педагог мамандығына оқитын студенттердің шәкіртақысын көтеру туралы тапсырма берілгенін еске салды.
«Педагогика мамандықтарына түсуге қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен арттыру қажет. Мамандықтың беделін биіктету мақсатында болашақ ұстаздардың шәкіртақысын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеру керек», деді Мемлекет басшысы.
Жазбада педагог мәртебесін көтеру бағытында атқарылған өзге де игі істер туралы мәлімет берілген. Атап айтсақ, педагогикалық бағыт бойынша оқуға түсу үшін ҰБТ-ның шекті балы 60-тан 70-ке көтерілгені, шәкіртақыны арттыру үшін 2020-2023 жылдарға республикалық бюджеттен 17,6 млрд теңге бөлінгені, докторанттардың шәкіртақысы 104 498 теңгеден 150 мың теңгеге артқаны нақты көрсетілген.