• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2010

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

622 рет
көрсетілді

Кеше Ұлы Отан соғысының қаһармандары Мәжіліс үйіне келіп, ғимаратта орнатылған Даңқ тақтасын көрді. Онда Ұлы Отан соғысын­да ерлікпен қаза тапқан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші ша­қырылым депутаттарының есімдері алтын әріптермен ойып жазылған. Өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған, кеуделері орден мен ме­даль­дарға толы ардагерлерді Пар­ла­мент қабырғасында Мәжіліс Төр­ағасы, “Нұр Отан” ХДП фракция­сы­ның жетекшісі Орал Мұхамед­жа­нов қарсы алып, құттықтау сөз сөйледі. Ардагерлер 1941-1945 жылдар ішінде 1418 күнге созылған сұра­пыл соғыста бастан кешкен оқи­ға­ларымен бөлісті, жастарға ізгі тілегін жеткізді. Құрметті қонақтардың ішінде Айдархан Бәйкен бар. Ол 17 жа­сында өз еркімен әскерге алынып, 1943 жылы мамыр айында жаудан “тіл” әкелудегі жасаған ерлігі үшін әйгілі қолбасшы Бауыржан Мо­мыш­ұлының қолынан Даңқ орде­нін алған. Осындай екінші орденді 1944 жылы маусым айында жаудың артиллериялық батарея­сын жойып жібергені үшін алған. Сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсеткен өзге де ардагерлер өмір жолдары мен майдандастары жайлы сыр шертті. Астана қала­лық мем­лекеттік филармониясы мерекелік концерт қойып, осы шараға қатысқан 15 ардагердің әрбіреуіне жалынды жылдардың әнін арнады. Меймандар арнайы жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татты. Бейбіт өмірді орнатқан асыл жандарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Соғыс қаһармандары парламентшілермен бірге ескерт­кішке фотосуретке түсті. “Егемен-ақпарат”.