Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Эверестке шыққан Мария Әуезовамен және оның командасымен кездескенін айта келе, жақында альпинистің аяғына протез алу арманы орындалатынын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Эверестті бағындырған елордамыздың тұрғыны Мария Әуезованың оқиғасын естіген шығарсыз. Мария – ерекше қажеттілігі бар қайсар тұлға. Ол 5364 м биіктікке көтерілді. Бұл мақсатқа жетуге оған жолдасы мен жаттықтырушысы көмектесті.
Нәзік Мария – рухы мықты әйел, ол бізге үлгі! Мариямен және оның командасымен, жұбайымен және жаттықтырушысымен кездестім. Ол шыңды бағындыру сәті, алдағы жоспарлары туралы айтты.
Марияның арманы – аяққа тұрып, сапалы аяқ протездерін алу. Біз оның арманын орындаймыз!» деп жазды елорда әкімі.