• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Сәуір, 2021

Нұр-Сұлтан мектептерінде масканың болуын анықтайтын технология іске қосылды

332 рет
көрсетілді

27 сәуірде екі елордалық мектепте бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды, ол бірден температураны өлшеп, масканың болуын тексереді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандық әзірлеме деректер базасында тіркелмеген адамдардың мектепке кіруін шектейді, сол сияқты оқушылардың, оқытушылардың және барлық қызметкерлердің келіп-кету уақытын қадағалауына мүмкіндік береді.

«Бұл әзірлеме бірден бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді: қауіпсіздікті де, келген жұртты бақылауды да қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта отандық әзірлеушілердің 200-ден астам клиенті бар, олардың 80%-ы Қазақстан аумағында, қалғандары Ресей, Украина, Өзбекстан, Филиппин, Сингапур, Индонезия және Үндістаннан келген», дейді Clockster өкілі Арман Ерназаров.

Қазақстандық Clockster әзірлемесі — жұмыс уақытын есепке алуға арналған HR-жүйе. Бұл ыңғайлы, өйткені ол әр түрлі биометриялық құрылғылармен біріктірілуі мүмкін. Әзірлеушілердің айтуынша, Clockster жүйесі ерекше, өйткені компания базасында мәліметтер болмаған кезде жүйе адамның бет биометриясын танымайды және оны ғимаратқа кіргізбейді. Әзірлеме пилоттық жоба аясында елорданың №22 және №59 мектептерінде іске қосылды.

«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл бірінші кезектегі міндет. Мектепке кіргізетін карталар үнемі жоғалады немесе бөтен адамның қолына түсіп қалуы мүмкін. Ал Clockster жүйесі ешқандай картаны керек етпейді, тек базада сіз туралы ақпарат болуы қажет. Жүйенің тағы бір ерекшелігі - баланың сабаққа қатысуы туралы хабарлама мектеп басшылығы мен ата-аналарына бірден келеді. Деректердің сақталуына Clockster және деректердің иелері болып саналатын пайдаланушылардың өздері жауапты болады», деді «Astana Innovations» АҚ Басқарма төрағасы Әділет Нұрғожин.

«Біздің жоба 2020 жылы «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығында» осалдықтарды табуға тестілеуден өтті, олардың ұсыныстары бойынша барлық ықтимал осалдықтар жойылды», дейді Арман Ерназаров.

Айта кетейік, Astana Innovations Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, елорда тұрғындары мен қонақтарының тұруы үшін қолайлы және жайлы жағдай жасайды. Осылайша, «Ақылды аудан» жобасы аясында Astana Innovations енгізуге дайын шешімдері бар компанияларды табады. Нәтижелер сәтті болған жағдайда жүйені елорданың басқа мектептерінде де орнату ұсынылады.