СТОКГОЛЬМ. Ресей егемен, тәуелсіз және бөлінбеген Украинамен бірге бейбіт өмір сүруді қабылдай ала ма? Әлде, ашық соғысқа шығу уақыт еншісінде ғана ма? Бұл Шығыс Еуропада ұзақ уақыттан бері келе жатқан бірінші кезектегі мәселе еді. Ол Ресейдің әскери күштері Қырымда және Украинаның шығыс шекарасы маңында топтастырылуынан кейін қайтадан күн тәртібіне шықты.
Украинаның тәуелсіздігі – осыдан отыз жыл бұрын Кеңес Одағын біржолата ыдыратуға жол ашқан мәселе. Басқа кеңестік республикалардың егемендігін жариялауы бөлек те, Украинаның тәуелсіздік жариялауы мүлдем басқаша әсер етті. Бұл оқиға Кеңес Одағының тағдырын шешті десек те болады. Осылайша, Ресей президенті Владимир Путин атап айтқан «ХХ ғасырдағы ең үлкен геосаяси апат» басталды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жиырма жылда Ресей, негізінен, өз мемлекетін құрып, бірегейлігін қалыптастыруға көңіл бөлді. Бірақ мұндай басымдық Владимир Путин 2012 жылы үшінші рет президенттікке түсуге шешім қабылдағанда өзгерді (Ол бір мәрте премьер-министр ретінде қызмет етіп, президенттік лауазымға қайтадан сайлануға құқылы болғанға дейін Дмитрий Медведев мемлекет басқарды). Енді ол Еуразиялық одақ деп аталатын ревизионистік бағытты бастады.
Украина өз кезегінде Орталық Еуропадағы көршілерімен ынтымақтастыққа үлкен басымдық берді. Аталған мемлекеттер Еуропалық Одаққа кіргенімен, олармен тығыз байланыс орнату Украинаның Ресеймен тарихи және мәдени байланыстарын әлсіретуіне ешқандай себеп болмауы тиіс еді.
Осы тұрғыда Украинамен терең және жан-жақты еркін сауда аймағын құрған Еуропалық Одақтың «Шығыс серіктестігі» аталған елді жарты жолда қалдырмай, ынтымақтастықты нығайтуға жасалған қадам-тұғын. Еуропалық Одақ пен Украина тарапы қол жеткізген сауда келісімдерінің ешқайсысы Украинаның Ресеймен жасаған сауда келісімімен сәйкес келген жоқ. Бірақ Кремль ахуалға басқаша қарады. Бұл келісімдерді қабылдай алмағандықтан, Ресей билігі Украинаны басқаруда әлсіздік танытқан, босаң президент Виктор Януковичті ЕО-дан бас тартуға шақырып, қысым жасай бастады. Соның салдарынан Януковичті қуып жіберген (Мәскеуге қашып кетті), 2014 жылы басталған соғысқа әкеп соққан жаппай халықтық көтеріліс болды.
Кремль билігі Украинаны тұрақты қысым жасалғанда сынып түсетін, әлсіз мемлекет ретінде қарастырғаны анық. Өз реваншизмін ақтап алу үшін ресейлік шенеуніктер Украинадағы жағдай жойылған империялардан қалған бөліктерді қайта жинау дегенді сылтауратып, сыртқы әлемге жеткізуге тырысты. Белгілі дәрежеде мұнда шындық бар екеніне қарамастан, Ресей мен басқа да заманауи мемлекеттер туралы сөз қозғағанда да осындай аргументті алға тартуға мүмкіндік бар. Мәселе тарихты қай жерден бастап қарауда жатыр.
Украинаны нақты мемлекет емес деген пікірге әбден сенгені соншалық, Кремль билігі 2014 жылдың басында Қырымды тартып алу Украинаның құлдырауын тездетеді дегенге сенімді болған тәрізді. Осылайша Ресей Украинаның шығысы мен оңтүстігінде Жаңа Ресей деп аталатын (Новороссия) аймақ құрып, бақылауынан тыс жерлерді «Батыс Галицияның» меншігіне қалдырады.
Осы үлкен амбицияны ескерген Ресей тарапы украиндарды бір-біріне қарсы қою үшін жаппай дезинформациялық операция жүргізіп, қарсы тарапты көтерілісшілер, «еріктілер» және қарулармен қамтамасыз етті. Бірақ бұл әрекет нәтижесіз аяқталды. Басқа елдерге басып кіру достыққа бастамайтыны анық. Бұл жолы да ештеңе өзгерген жоқ. Кремль билігі Украинаны бөлудің орнына украин халқын бұрын-соңды болмаған деңгейде біріктіре алды. 2014 жылға қарай Ресей Украинаның Донбасс аймағындағы сепаратистік топтың сарқыншақтарын қайта қалпына келтіріп, құтқару үшін тұрақты армия батальонын орналастыруына тура келді.
Содан бері саяси келісімге қол жеткізу әрекеттері (екі Минск келісімі) нәтижесіз аяқталды. Әлі күнге дейін түрлі деңгейде жалғасып келе жатқан қақтығыстар 14 мыңнан астам адамның өмірін қиып, миллиондаған тұрғынның үйлерін тастап кетуге мәжбүрледі. Украина жұртшылығы бітімге келу жөніндегі кез келген келіссөздерде қиындықтарға тап болғанымен, бейбітшілік орнатуға Кремльдің Украинадағы анклавтарынан бас тартуы кедергі келтіріп отыр. Путинді қолдайтын Ресейдегі қоғамдық пікірдің ұлтшыл сегменті Украинадағы мұндай «жеңілісті» қабылдауы қиынға соғады.
Ресей Қорғаныс министрінің айтуынша, Ресей Украинаның шығысы мен оңтүстігінде әскери жаттығу өткізу үшін екі толық армия мен үш десанттық бөлім апарды. Бірақ мұндай жаттығу не үшін керек? Жұмылдыру Украинаға бағытталғаны анық. Путин өкілінің сөзіне сүйенсек, Ресей Украинадағы орыс тілділерге шабуыл жасалғанда оған жол бермеу мақсатында араласуға ниетті.
Осындай түсініспеушіліктің алдағы апталарда немесе айларда ашық қақтығысқа әкелуі мүмкін екеніне қарамастан (бұған тіпті Кремльдің шешім қабылдаушылары да сенімді емес), Ресей өзінің реваншистік амбициясынан бас тартқанға дейін ондағы ахуал қауіпті болып қала бермек. Мәселе, сайып келгенде, соғыс немесе бейбітшілік туралы. Ресей егемен, демократиялық Украинамен қатар өмір сүруді қабылдамайынша, орта жолдан тұрақтылық табу мүмкін емес.
Мұның салдары Ресей мен Украинадан тыс жерлерге де әсер етеді. Ресейлік ревизионизм сәтті жүзеге асса, онда бұл жоспар Киевті жаулап алумен тоқтап қалмай, Еуропадағы қырғи-қабақ соғыстан кейін қалыптасқан тәртіпті бұзуға тырысады. Бұл Ресей үшін ғана емес, бәріне өте қауіпті екені сөзсіз. Кремль Еуропаның қалған бөлігімен текетіресіп жүргенде орыс халқына лайықты демократиялық және гүлденген болашақ құру мүмкін емес.
Ендеше, өңірдің келешегі Украинаның тағдырымен тығыз байланысты.
Карл БИЛДТ,
Швецияның бұрынғы премьер-министрі және сыртқы істер министрі
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org