• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 28 Сәуір, 2021

Теңіз курортын дамытудың іргелі жобалары жүзеге асуда

842 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары өңір ғана емес, ел әлеуметтік-экономикалық дамуының жетекші салаларының бірі болатын туризмді түлету үшін теңіз жағасындағы Ақтау қаласын заман талабына сай жаңғырту күн тәртібіне шықты. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы тамыздағы «Ақтау қазіргі заманғы теңіз курортына айналуы тиіс» деген тапсырмасынан кейін Үкімет басшысының қолдауымен аталған мәселеге 17 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыстың бірінші кезеңі жүргізілді.

Алғашқы кезең аясында 10,5 шақырым электр желісі тартылып, 31 шақырым жол салынды, 56 шақырым су және 58 шақырым газ тарту құрылыстары аяқ­талды. Сондай-ақ «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аума­ғында өткен жылы «Риксос» қонақүй кешені жобасының бірінші кезеңі іске қосылды, ашылған жылы-ақ қонақүйге      78 мыңнан астам адам келіп, 68 млрд теңге инвестиция тартылды, қонақүй 600-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр, бұл – өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге көмек.

Қазір Ақтауда курортты аймақты дамытудың екінші кезеңі қарқынды жүргізілуде. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен қосымша қаржы бөлініп, жылы жағажай аумағын сумен, электр энергиясымен, газбен жабдықтау және автомобиль жолдарын салу жұмыстары жасалуда. Екі жыл ішінде Ақтауда 400 млрд теңгеге ірі туристік жобалар жүзеге асырылады.

Жоба аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың бірі Tethys International Hub Ltd компаниясының 202 млрд теңге қаржы құйып, теңіз жағалауынан салып жатқан төрт нысанын айтуға болады. Толық іске қосылған соң 1380 жаңа жұмыс орны ашылады. Алғашқысы – халыққа қолжетімді болатын тақырыптық ойын-сауық паркі. Мұнда отбасылық демалыс үшін судағы, жердегі және әуедегі аттракциондар салынады. Саябақтың орта тұсында субұрқақ, мейрамхана, фудкорт пен азық-түлік дүңгіршектері орналасады. Биыл шілде-тамыз айларында аяқтау межеленген бұл саябаққа күніне шамамен 4,5 мың адам келеді деген жоспар бар. Саябақ жанында гольф-клуб пен 300 нөмірлі гольф-отель бой көтереді. Сонымен қатар көне шаһар стиліндегі Town Center сауда қатарларын салуды да жоспарлап отыр. Соңғы үш нысанды пайдалануға беру келер жылдың еншісінде. Курортты аймақты ұзындығы 2,5 шақырым, ені 11 метр болатын серуендеу аумағы жал­ғайтын болады. Мұнда жаяу жүруге және велосипед тебуге болады, – дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров.

Оның айтуынша, BI Group компаниясы демалыс пен тұрғын үй кешенін салып жатыр. Құны 37 млрд теңгені құрайтын тұрғын үй кешені виллалар мен апартаменттерден тұрады. Кешенді 2022 жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ 15 гектар аумақта Double Tree by Hilton әлемдік брендтегі 4 жұлдызды қонақүйі бой көтермек.

Ал Bazis-A құрылыс корпароциясы да теңіз жағалауына 10 гектар жерге вилла, таунхаус және апартаменттерден тұратын тұрғын үй кешенін тұрғызып жатыр. Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, қазақстандықтар үшін курортты аймақта орналасқан жылжымайтын мүлік­ке қаржы құйып, теңіз жағалауында тұруға және демалуға зор мүмкіндік туады.

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономи­калық аймағында орналасқан жобаларды іске асыру өңірге қосымша инвестиция­лар тартуға, туристердің келуіне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, салық аударымдарының түсуіне, сондай-ақ эко­номиканың аралас салаларының өркен­деуіне ықпал етіп, облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуына оң серпін бермек.

Ақтауда қолға алынған заманауи жобалар қала көркін асырып, тұрғын­дардың көңілін өсірсе, келімді-кетімді қонақ­тар­дың көз қуанышына айналса дейміз.

 

Маңғыстау облысы