• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Сәуір, 2021

Бір жылқы ұрлап, бес жылға сотталды

148 рет
көрсетілді

Қазақ «Мал-жан аман ба?» деп амандасады. Алдымен малды сұрауында мән бар. Ықылым заманнан бері Алаш баласының тіршілігі төрт түлігіне байланысты. Бүгінгі таңда да ауыл тұрғындарының дені азын-аулақ малымен күн көріп отырғандығы белгілі. Ал оны оңай олжа көріп ұрлау – күнәнің ең үлкені. Демек қазақылықпен кеңшілік жасап, кешірмеу керек. Сонда ғана ұрының өрісі тарылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мал ұрлығына байланысты заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деп атап өткен болатын. Сөйтіп заң барынша қатайтылған. Алайда ауыл адамдарының әупірімдеп күнін көріп отырған төрт түлігін оңай олжа көретіндер әлі тыйылмай отыр.

Облыста өткен жылы мал ұрлы­ғы­ның 186 оқиғасы тіркелген. Оның 80 пайызға жуығы – жайылымда бол­ған қылмыс. Облыстық Полиция де­пар­таментінің қызметкерлері мал ұр­лы­ғын­ың алдын алу барысында тұ­рақты жұмыс жүргізгенімен, оңай олжаға қызығатындардың қатары азаймай тұр.

Таяуда облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы мал ұрлығына қатысты қылмыстық істі қарап, суық қолды ұрының сазайын берді. Бұл істі Зеренді аудандық соты қараған бо­латын. Күдікті бұрын екі мәрте соттал­ған және сотталған мерзімі толық өтел­меген Марат Сәткенов Қылмыстық Ко­декстің 188-бабы 1-тармағының 3) тар­мақшасына сәйкес бес жылға сотталды. Сот жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпті қыл­мыс­кер­лерге арналған мекемесінде өтеу тура­лы үкім шығарды. Қылмыстық кодек­стің 14-бабының 2-тармағы, 1) тар­мақшасына сәйкес М.Сәткенов қа­уіпті қылмыскер деп танылды. Жаза­сын өтеу қамауға алынған 2020 жылдың 19 қыркүйегінен бастап есеп­т­е­лінетін болды.

Күдіктінің кінәсін мойындататын заттай айғақтың барлығы бар. Мәселе былай болғанға ұқсайды. Өзгенің малына көзін алартқан күдікті 2020 жылдың 28 қыркүйек күні кешкі уақытта Зеренді ауданына қарасты Елікті ауылындағы серіктестіктің мал қорасының есігін бұзып ашып, 11 жасар жылқыны ұрлап алып кеткен. Се­рік­тестік басшыларының ба­ға­ла­уын­ша, ұрланған жылқының құны 350 мың теңге шамасында.

Аппеляциялық шағымында күдікті өзінің мал қорасының есігін бұзбағанын, атты жайылымда жайылып жүрген жерінен ұстап алғандығын, сондықтан сот үкімімен келіспейтінін айтып ақ­тал­ған. Оның ойынша, өзін төтенше қауіпті қылмыскер деп тану да артық. Әрі ол сотқа дейінгі барлық талапты орындап, жәбірленушіге жылқының құнын төлеп бергендігін, қазір оның ешқандай талабы жоқ екендігін жеткізіп жанталасты. Өз пікірін айта келе, сот үкі­мін жеңілдетуді сұрады. Адвокат С.Кузьмин де күдіктінің келтірген дәлел­дерін дұрыс деп есеп­тейтінін айта келіп, барлық материалды сараптап, жазаның тым ауыр екендігін алға тартты. Бірақ Қылмыстық істер ал­қасы қылмыстық оқиғаның мән-жайын, алғашқы сот барысында жазылған аудио, бейнежазбаларды зерттей келе, үкімнің заң аясында шығарылғандығын анықтады.

Сотталушы қылмыстық әрекетін мо­йындап отыр. Жәбірленуші мен куә­гер­­лердің осы оқиға бойынша тү­сі­нік­­те­ме­лері толық. Ұрланған жыл­қы­ның жа­йы­лымнан емес, мал қора­сы­нан әке­тіл­­гендігі белгілі болды. Мал қора есігі кілтке жабылған.

Облыстық сот айыпталушы Марат Сәт­кеновтің іс-әрекетіне байланыс­ты Зеренді аудандық сотының үкімін өзге­ріс­сіз қалдырды. Аппеляциялық арыз қанағаттандырылған жоқ.

Бір жылқы үшін бес жылға жаза ке­сіл­ді. Егер мал ұрлығына байланыс­ты дәл осындай қатаң әрі әділ жаза қол­да­нылатын болса, ұрлық та сап ты­йы­лар еді.

 

Ақмола облысы