• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 28 Сәуір, 2021

Өскемендегі мұғалім өліміне мектеп директорының қатысы бар ма?

948 рет
көрсетілді

Өскемен қаласындағы №5 орта мектептің мұғалімі Әсем Нұрғалиева қайтыс болды. Ұстаздың өлімін оның туыстары мен әріптестері мектеп директорынан көріп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Әсем Нұрғалиева кейінгі кездері басшылық тарапанынан жәбір көріп, әріптестерімен бірге құзырлы органға шағымданған. Алайда тексеріс барысы енді басталғанда ол бақилық болған. 

«Ол: «қатты күйзелістен миым қайнап жүр, шыдай алмаймын, қудалап есімді шығарды» деді. 20 күн бұрын әріптесімен бірге құзырлы органдарға мектеп директорының үстінен шағым түсірген. Білім саласындағы бақылау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, мектеп директорының заңға қайшы әрекеттерін әшкерелеген», дейді сол мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Бапинова.

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жұмабек Қамбетовтың айтуынша, барлық факті расталған.

«Бұл кісі тамыз айында жұмысқа орналасқан. Сол кезде мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Мұғалімдер мектептің ауласын тазалау жұмыстарына тартылған. Тексеру қорытындысы бойынша мектеп директорына қатысты 6 әкімшілік іс қозғалған. Осы кезде шағым жазған Әсем Нұрғалиева ауруханаға түсіп, бір апта ес-түзсіз жатып, көз жұмған», деді Жұмабек Қамбетов.

Ал мектеп директоры Наталья Карпова дәрігерлердің өлім туралы анықтама қорытындысына сүйеніп, өзін кінәлі деп санамайды. 

«Ол минингиттен қайтыс болды. Бұл жұқпалы ауру. Ал мектептегі психологиялық ахуалды ауыр деп есептемеймін. Ешкімге қысым көрсетілген жоқ», дейді мектеп директоры Наталья Карпова.

Марқұмның туыстары дәрігердің қорытындысымен келіспей отыр.

«Дене қызуы көтеріліп, ОРВИ болғанда мидың ісінуі болады деді. Дәрігердің бізге алғаш айтқаны осындай диагноз болды. Ал енді менингит болған жағдайда, неге дәрігерлер ана мектепті жаппайды. Менингиттің өзі де жұқпалы ауру ғой»,  деді марқұмның нағашы апасы.

Осы жағдайдан кейін Өскемен қаласының білім басқармасы мектеп директорын қызметінен босату туралы шешім қабылдаған.