• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2010

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР

835 рет
көрсетілді

26-30 сәуір аралығында Астана қаласында “Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің кубогы” үшін жасөспірімдер арасында фут­болдан ІІІ Халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл дүбірлі додада Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Ре­сей, Сербия және Қытайдың дарынды жас аяқдоп­шы­­лары жасыл алаңға шы­ғады. Осы турнирді өткізу шара­сының бас ұйымдастырушылары – Қазақстан Фут­бол фе­дерациясы мен “Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тия­­лық партиясы өкілдері журналистерге жиын өткізді. “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты жетек­шісінің орынбасары Қ. Ақсақалов Елбасымыздың Жолдауына сәйкес Қазақстан халқының саламатты өмір салтын насихаттау және қалыптастыру – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі және үшінші жыл қатарынан өткізілгелі отырған Президент кубогы үшін жасөспірімдер арасындағы дода соның бір көрінісі болып табылады, деді. Футбол федерациясының вице-президенті В. Катковтың мәлімдеуінше, осы айтулы турнир биыл алғаш рет “Астана-Арена” стадионында ұйымдас­тырылып отыр. Дәстүрлі дода елімізде 25 сәуірде аталып өтетін Футбол күніне орайластырылды. Өйткені, 2002 жылғы 25 сәуірде егемен еліміз – Қазақстан УЕФА-ға мүшелікке өткен болатын. Осы турнирде еліміздің намысын “Цесна” футбол мектебінің түлектері қорғап жүр. Биылғы турнир, сондай-ақ біздің жас футболшыларымыздың 2010/2011 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойын­дары­на дайындықтың кезекті жаттығу сынағы да болмақ. 2009 жылы “Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің кубогы” турнирінің бас қадірлі қонағы ретінде ФИФА президенті Й. Блаттер келген еді. ФИФА басшысы турнирдің өткізілуіне және атқарылған жұ­мыстарға жоғары баға беріп, көңілінің толғанын жет­кізген-тін.  Алматы қаласында өткен алғаш­қы турнир­дің жеңімпазы түріктің “Бешикташ” клубы­ның футбол­шылары болды. Ал 2009 жылы кубок “Оле Бразил” футбол академиясының командасына бұйырды. Биылғы турнирдің салтанатты ашылуы кеше,  сәуірдің 26-сы күні болды. Ақтық кездесулер 30 сәуір күні өтеді. Ұйымдастырушылардың мақсаты тек жеңім­паздарды анықтау ғана емес, жоғарыда айтқаны­мыздай, жастар арасында саламатты өмір салтын наси­хаттау және қалыптастыру, Қазақстан қонақ­тарына еліміздің салт-дәстүрлері мен мәдениетін таны­ту, сонымен қатар, мемлекетаралық достық байланыстарды нығайту болып табылады. Жандос МЕДИМАНОВ.