Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин қазақ елін халықтар достығы, бірлігі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz
«Барша қазақстандықтарды еліміздің татулығы мен тұтастығын бейнелейтін «Бірлік күні» мерекесімен құттықтаймын. Көпұлтты халықтың ырысы мен ынтымақтастығы және бейбіт өмірі-біздің басты байлығымыз. Сондықтан, осындай айтулы мейрам ұлттар арасындағы достықты одан әрі тереңдете түседі», деді Нұрлан Нығматуллин.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, әрқашан халықтың береке-бірлігіне, қауіпсіздігіне, тұрақтылығына баса назар аударып келе жатқандығын атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытты әрі қарай жалғастырып келе жатқанын айтып, барша қазақстандықтарға денсаулық пен бақ-береке тіледі.