1 сәуірден бастап «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ел аумағында «Көлік құралдарының электронды паспорты» ұлттық жүйесін іске қосты.
Электронды құжат меншік иесінің қалауы бойынша жаңа және сырттан әкелінген және тіркелген автокөліктерге рәсімделетін болады. Осы көлік құралдарын цифрландыру оның өмірлік циклін елімізде ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ аумағында да қадағалауға мүмкіндік бермек.
Электронды паспорттарда көлік құралының техникалық сипаттамасы, меншік иесі жөнінде мағлұматтар, тіркеу туралы, алымды кәдеге жарату төлемдері және кедендік шектеулер мен кедендік тазарту жөнінде, сондай-ақ техникалық байқаудан өткені жайындағы мәліметтер болады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, цифрлы құжат көлік құралдарын сатудағы алаяқтық жағдайлар санын азайтады. Осылайша, қазіргі және болашақ автокөлік иелері арасындағы мәміленің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
– ЕАЭО орталық базасында тексеру есебінен қайталанатын VIN кодтарды анықтау мүмкіндігі пайда болады. Бұл халықты проблемалы автомобильдерді сатып алудан сақтандыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Автомобильді пайдалану кезінде көлік құралының паспорты өзекті күйде болады және кез келген өзгерістер жүйемен қадағаланбақ. Көлік құралы туралы шынайы ақпараттың болуы ЕАЭО қатысушы елдердің бүкіл аумағында автомобильді сату немесе сатып алу процесін неғұрлым қауіпсіз етеді. Айта кетер жайт, жоба ЕАЭО елдері қол қойған көлік құралы паспортының бірыңғай нысандарын енгізу туралы келісімді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды.