Кәсіпкерлікті жаңаша реттеу саясатын енгізу үшін «Smart» реттеу» жобасы қолға алынады, деп хабарлайды Egemen.kz
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев саладағы салықтық жеңілдіктер мен заңнамалық өзгерістер туралы да ақпарат берді.
«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін табыс салығынан 3 жылға босату қолданылады. Осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап, Қызмет көрсету салаларында алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Өткен жылдың бірінші сәуірінен бастап, бірінші шілдесіне дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетін болды», дейді Ерғалиев.
Оның сөзінше, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50 мыңнан астам кәсіпкерлік обьектіге сауалнама жүргізіп, соның негізінде шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі жаңа шаралар пакеті әзірленген.
«2021 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспар шеңберінде 60-тан астам қолдау шаралары көзделген.
Бизнеске жүктемені азайту, оның ішінде бірқатар салықтық жеңілдіктер және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету. Кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жетімділігін жеңілдету. Сұраныстағы нарықтарға қол жеткізу. Аталған бағыт Мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталған шаралар көзделген. «Smart» реттеу кәсіпкерлік саласында жаңа реттеу саясатын енгізуді көздейтін заңды әзірлеу мен қабылдауды қамтитын болады», деді ведомство басшысы.Әсет Ерғалиев жаңа экономикалық жағдайда саланы реттеудің жаңа саясаты әзірленіп жатқанын айтты.
«Бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері қалыптастырылуда. Оның ішінде мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіру, талаптарды белгілеу шарттары, реттеушілік апелляция институты, эксперименттік құқықтық режим, міндетті талаптар тізілімі, есептілік, бақылаудағы тәуекел-талдауды автоматтандыру, мемлекеттік бақылауды жетілдіру шаралары қамтылған. Қазіргі таңда тиісті заң жобасы барлық мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметтің қарауына енгізілді», деді министр.