Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай мен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қаралды. Қазіргі ахуал және халықты вакциналау барысы туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.
Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық адам вакцина алды
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемде COVID-19 бойынша сырқаттанушылық пен өлім-жітім жағдайы әлі де күрделі. Бүгінде әлемде КВИ-дің 153 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 600 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші – 2,1 %. «Әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 107-орында, ал өлім көрсеткіші бойынша 108-орында тұр. Қазақстанда 4 мамырдағы жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 330 071 науқас және КВИ- нәтижесімен 53 093 жағдай тіркелді», деді А.Цой.
Жоғары эпидемиялық қатер аймағында 9 аймақ бар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстары. Өткен аптада Павлодар және Жамбыл облыстары қызыл аймаққа өтті.
Бүгінгі таңда орта эпидемиялық қатер аймағында 5 өңір бар: Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Маңғыстау облыстары. 3 өңір «жасыл» аймақта. Олар – Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстары.
Соңғы үш апта ішінде сырқаттанушылық динамикасы іс жүзінде бір деңгейде сақталып отыр. Өткен аптада сырқаттанушылықтың 2%-ға төмендегені байқалады, өлім-жітім көрсеткіші өткен апта деңгейінде сақталып отыр. Биыл 4 мамырдағы жағдай бойынша республикада инфекциялық орындардың жүктемесі 42% (15 517 төсектік орын), реанимациялық төсектік орындардың жүктемесі 28%-ды (962 төсектік орын) құрайды. Инфекциялық төсектік орындардың жоғары жүктемесі Нұр-Сұлтан қаласында – 60%, Алматы қаласында – 57%, Қызылорда облысында – 59%, Алматы облысында – 56%, реанимациялық төсектік орындардың жоғары жүктемесі Нұр-Сұлтан қаласында және Батыс Қазақстан облысында 62%, Алматы қаласында – 52%.
Бүгінгі таңда Қазақстанда вакциналау үшін үш вакцина қолжетімді. Бұл Спутник V, QazVac және Hayat-Vax вакциналары. Шамамен 1,5 млн адам немесе вакциналауға жататын халықтың 15%-ы егілді. Вакцина алу қарқыны әр азаматтың туыстары мен жақындарының денсаулығына қамқорлық танытудағы саналы көзқарасына байланысты.
Вакцинаны жеткізу жоспарға сәйкес жүзеге асырылады, ақпан айынан бастап сәуір айының соңына дейін 2,3 млн доза вакцина жеткізілді, бұл вакциналауға жататын халықтың 20%-ына қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Вакциналау қарқынды жүріп жатқанын атап өткім келеді, мысалы, 1 сәуірмен салыстырғанда бірінші және екінші дозасын алғандар тәулігіне 12 есе, яғни тәулігіне 11 мыңнан 135 мың адамға дейін өсті. Бұл ретте 11 мың медицина қызметкері, 1 мыңнан астам стационарлық егу пункттері және 400 жылжымалы пункт жұмылдырылды. Вакциналау пункттері 2 ауысымда сағат 24.00-ге дейін және демалыс күндері жұмыс істейді», деді ведомство басшысы.
Вакциналау науқаны басталған сәттен бастап Қазақстанда КВИ-ге қарсы вакцинаның 1,8 млн-ға жуық дозасы қолданылды. Сонымен қатар өңірлердің әкімдері қазір ауыл тұрғындарын вакциналауға назар аударуы қажет, осы мақсатта жылжымалы медициналық кешендердің мүмкіндіктерін барынша белсенді пайдалану керек.
Министрлік әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу критерийлерін қайта қарады, оның ішінде ашық аспан астында қызмет ететін нысандар үшін, спорттық іс-шаралар өткізуде, балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметінде уақыт бойынша бірқатар шектеулерді алып тастау, жеңілдіктер беру бар.
А.Цойдың айтуынша, КВИ-ға қарсы вакциналанғандар санының біртіндеп артуына және Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына байланысты КВИ-ға қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен адамдар үшін бірқатар шектеулер алынып тасталды. Сонымен COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен жағдайда ауруханаға жатқызудың кез келген түрінде, ұйымдасқан ұжымдарға барғанда, вахта жұмысшыларына, демалыстан, іссапардан кейін медициналық қызметкерлерге, ауырып қалуына байланысты жұмыс орнында болмаған кезде, медициналық ЖОО-лар мен колледждердің студенттеріне және т.б. ПТР тесті қажет емес. CОVID-19 расталған жағдайда олармен байланыста болғандар оқшауланбайды, бірақ медициналық бақылаумен қамтамасыз етіледі; кеңсе ұйымдарының қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу форматына ауыспайды.
Сондай-ақ 26 сәуірден «Ashyq» бағдарламасы барлық өңірде қолданыла бастады, оған 3 мыңға жуық қатысушы, 650 мың пайдаланушы тіркелді, шамамен 900 КВИ науқас және олармен байланыста болған 700 тұлға анықталды. «Күн сайын тәулігіне 400 мыңға дейін жағдай тіркеліп отырған Үндістандағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиялық жағдайдың нашарлауын ескере отырып, Үндістан аумағында таралған штамның әкелінуінің алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылданды. Мәселен, Қазақстан Республикасына келген және соңғы 14 күн ішінде Үндістанға барған адамдар ПТР әдісімен COVID-19-ға анықтамасының және COVID-19-ға қарсы вакциналануына қарамастан, 14 күнге үйде оқшаулануы (үй карантині) тиіс», деп түйіндеді А.Цой.
Халықты вакциналау қарқынын арттыру қажет
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, қазіргі таңда ауру өсімінің тұрақтану үрдісі байқалады. Вирустың репродуктивті индексі аздап төмендеп, 0,98 құрады. Аурухана төсектерінің жүктелуі 42%, реанимациялық төсектік орындардың жүктелуі 28% құрайды. 9 өңір «қызыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Жамбыл облыстары. Өңірлерге 2,3 млн-нан астам вакцина жеткізілді. 1,5 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және 350 мың адам екінші компонентін алды. Бұл вакциналауға жататын халықтың 15%-ы. Қоймаларда вакциналардың жеткілікті қоры бар. «Вакциналаудың осы қарқынын төмендетпей, оны тек өсіру керек. Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық шаралар іске асырылуда. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек», деді А.Мамин.
Премьер-Министр вакцина алғандар санының артуына қарамастан, азаматтар белгіленген санитарлық нормаларды әрі қарай да қатаң сақтауы тиіс екенін атап өтті. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көшпелі вакциналау пункттерін қолдануды кеңейте отырып, ауыл тұрғындарын барынша вакциналауды қамтамасыз етуді тапсырды. «Мамырда 2 млн-нан астам адамды вакцинамен қамтамасыз ету жоспары орындалуы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеудің жаңа критерийлерін, сондай-ақ вакцина алғандарға жеңілдіктерді енгізуді бақылау керек. Бұл, әсіресе, қызмет көрсету саласында бизнесті жандандыруға мүмкіндік береді», деді А.Мамин.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, вакциналау, Қазақстанда қолданылатын барлық вакциналардың қауіпсіздігі, оларды таңдау мүмкіндігі, сондай-ақ шектеу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын арттыру тапсырылды.
24 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне несие беріледі
Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.
Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиевтің айтуынша, пандемия және жалғасып жатқан шектеулер жағдайында кәсіпкерлер қызметі үшін шағын және орта бизнесті қолдау ерекше өзектілікке ие болып отыр. «2020 жылдың 3 тоқсанында экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 30,5%-ға жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 2020 жылы 32,7 трлн теңгеге өнім шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарында ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың саны 3,4 млн адамды құрады», деді Ұлттық экономика министрі.
Іскерлік ахуалды жақсарту бойынша қабылданған реформалар Қазақстанға 2019 жылы Doing Business рейтингінде 25 орынға көтерілуге мүмкіндік берді. Биыл шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың бірінші тоқсанында 663 млрд теңге сомасына 16 мыңнан астам жоба жеңілдетілген қаржыландыру алды. Жыл қорытындысы бойынша 2,5 трлн теңгеге жеңілдетілген несиемен 47 мыңнан астам жоба қамтамасыз етіледі.
Экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес кредиттерін қайта қаржыландыру шеңберінде қолдау көрсетілуде. 2020 жылғы 15 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қайта қаржыландыру үшін субсидиялар берілді. Биыл аталған тізбе 145 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне кеңейтілді. Кеңейтілген тізбе бойынша субсидиялар 132 млрд теңге кредиттік портфель сомасына 2 мың жоба бойынша төленеді.
«Биылғы жылдың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында несиелерді жеңілдетілген түрде қайта қаржыландыру, мерзімін 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Осы жұмыс аясында 93 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші анықталды. 425,5 млрд теңге несие сомасына 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда», деді Ә.Ерғалиев.
Осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кредиттердің 232 млрд теңге жалпы сомасына 5 884 жоба субсидияланды, 87 млрд теңге несие сомасына 6 892 жоба бойынша кепілдік берілді. Аграрлық несие корпорациясы аясында 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында бизнесті микрокредиттеу жаңа бағыты басталды. Осы бағыт шеңберінде айналым қаражатына 5 млн-ға дейін және инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Бұл ретте, 5 млн теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде беріледі.
Биыл жыл қорытындысы бойынша аталған бағдарламалар шеңберінде 24 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиелеумен қамту жоспарлануда.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Шағын және орта бизнесті дамыту – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі. Бизнестің қарқынды дамуына барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды конструктивті жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар пандемия өз түзетулерін енгізді, шектеулерден шағын және орта бизнес зардап шекті», деді ол.
Премьер-Министр Үкімет тұрақты түрде «Атамекен» ҰКП-мен және өңірлік кәсіпкерлер кеңестерімен бірге бизнесті аса толғандыратын мәселелерді жедел қарап, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайтынын атап өтті. Атқарылған жұмыс нәтижесінде қызметіне шектеулер әсер ететін ШОБ субъектілерін қолдаудың 60-тан астам қосымша шаралары қарастырылған 2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар өзектендірілді. Бірінші кезекте бұл шаралар бірқатар салықтық жеңілдіктер тұрғысынан бизнеске жүктемені азайтуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге, мемлекеттік сатып алуға қолжетімділікті оңайлатуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті қайта реттеуге қатысты.
Биыл ШОБ-тың қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту аясында шамамен 47 мың жобаны қамти отырып, 2,5 трлн теңгеден астам жеңілдікті несие беріледі. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша бизнес өтінімдерін қарау мерзімдерін 21-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді. Субсидиялау және несиелерді кепілдендіру аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру биыл 97%-ға дейін ұлғайды.
2021 жылғы 1 сәуір мен 1 шілде аралығында ШОБ субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан барлық салықтарды төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Бұл бизнеске шамамен 200 млрд теңгені сақтауға мүмкіндік берді.
ШОБ субъектілерінің салықтық және кедендік берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу 2021 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатылды. Бұл бизнеске айналым капиталы үшін 279 млрд теңгені босатуға көмектеседі.
Екінші деңгейлі банктердегі кредиттер бойынша төлемдерді 2021 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдыру жөнінде шаралар қабылданды. Кейінге қалдырылған төлемдер көлемі 750 млрд теңгені құрайды.
«Біздің қазіргі міндетіміз – кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға қолдау көрсету. Қабылданып жатқан шаралар биыл экономика өсімі құрылымында 0,8 пайыздық тармаққа дейін қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспардың уақтылы орындалуын, бизнесті салықтық ынталандыру бойынша заңнамалық түзетулер пакетін қабылдауды және 2021 жылғы 1 маусымға дейін Парламентте тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, «Даму» қорына «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің барлық қолдау түрлерін алу жөніндегі өтінімдерін қысқа мерзімде қарау міндеттелді.