• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Мамыр, 2021

Ел ішіндегі игі шаруа

151 рет
көрсетілді

Көрген жанның көңілін тоғайтатын баспасөз туры барысында көктемгі егістің қарбаласы, мал төлдету, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту бағытындағы талай шаруаның куәгері болып қайттық. Бурабай, Бұланды, Біржан сал аудандарында ауыз толтырып айтуға әбден лайықты тіршілік тынысы бар екен.

Диқан қауым дала төсіндегі ырыз­дық жорығына қапысыз қамдану үстінде. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген мағыналы сөз маңызын жоймайтыны белгілі. Бурабай ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігі 53 074 гектар жерге ие болып отыр. Оның 40 мыңнан астамы – егіс­тік алқап, 12 923 гектары – жайылымдық жер.

Серіктестік 2012 жылдан бері ақық дән өсіруден тәуір тәжірибе жинаған ұжым. Материалдық-техникалық базасы да мығым, яки, көктемгі егісті уақытында өт­кізуге, технологиялық талаптар­ды бұлжытпай орындауға қауқары әбден жететін сыңайлы. Әртүрлі маркадағы 90 тракторы бар, жұ­мысы өнімді 11 егіс кешені сақадай сай тұр. Жер дегдіп, күн жылынған соң топырақ өңдейтін 17 арнайы техника егіс алқаптарына шықпақ. Өткен жылы серіктестіктің егіс ал­қаптарының әр гектарынан 20,8 центнерден өнім жиналыпты. Еңбек тәжірибесі мықтап қа­лыптасқан диқандар алқаптан 44,6 мың тонна дән жинаған. Бидайдан басқа арпа, бұршақ, рапс тәрізді дақылдар егіледі. Майлы дақылдар дәні 10 мың гектарға жуық алқапқа себіледі. Серіктестік 153 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың айлық еңбекақысы орта есеппен 110 мың теңгеден айналады. Шаруашылық басшылары елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да қамқор.

– Халықтың жұмыс істеуге деген ынтасы өте зор, – дейді серік­тестік басшысы Николай Рад­ченко. – Біз өз тарапымыздан озат­тарды қолдап, ортақ іске жұ­мыл­дырып отырмыз. Бұл үшін әрине, дала ерлерін ынталандыру керек.

Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, мол өнімнің негізі – сапалы тұқымға байланыс­ты. Әрине, жер құнары да әсер ететіндігі даусыз. Ал сол құ­нар­­лы жерге сапалы тұқым сіңір­ген диқанның ырыздықсыз қал­майтындығы даусыз. Шаруа­шы­лық өздеріне толығымен жете­тін тұқымды қоңыр күзден қам­дап алған. Артылғанын көрші шар­уашы­лықтарға сатып, демемек.

Егістік шаруашылығымен бірге аудандағы мал шаруашылығы да соны серпін алуда. Осы бір пікі­рімізге дәлел ретінде тиянақты жұ­мы­сымен ел назарына ілі­гіп тұрған «Абдрахманов» жеке кәсіп­керлігінің жұмысын айта кету орынды болмақ. 2011 жы­лы мал шаруашылығымен айна­лысуға ден қойған қожалық қана­тын кеңге жайып, жыл сайын ма­териалдық-техникалық базасын жетілдіру үстінде. Асылында, облыстағы сүт өнімдерін молай­туға игі әсерін тигізетін де осындай тауар­лы сүт фермалары. Мұн­да сүтті салқындататын және сақ­тайтын орын дайындалыпты. 7 млн теңгеге Ресейден шыға­рылған сал­қындатқыш сатылып алынған. Сауын аппараты – түріктікі. Оған 25,3 млн теңге қаражат жұмсалған. 500 сиырға дейін саууға мүмкіндік бар. Қазір сауын сиырдың әр­қайсысы тәулігіне 20 литрден ас­там сүт беруде. Орташа есеппен әр сиырдан бір жылда 6 500 литр сүт сауылады. 88 млн теңгеге Че­хиядан 96 бас асыл тұқымды мал алған. 60-ы монбельярд тұқымдас болса, 36-ы сүтті әрі етті симменталь тұқымы. «Сыбаға» бағдар­ламасы арқылы тағы да 109 бас асыл тұқымды мал алынған. «Ырыс» бағдарламасы арқылы 82 млн теңгеге Словакиядан 53  бас қара мал жеткізілген. Міне, осы­лайша асыл тұқымды малдың артықшылығын қапысыз пайдаланып отыр. Өндірген сүтін Зерен­ді ауданына қарасты Садо­вый ауылындағы сүт  зауытына жеткізеді. Мемлекет тарапынан малсақ қауымға көрсетілетін қам­қорлық ұшан-теңіз. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында 2 999 350 мың теңге субсидия төленіпті. Өз төлі есебінен мал ба­сын көбейтуде мүмкіндік бар. Жеке кәсіпкердің 699 гектар жері болса, оның 645 гектары шабын­дық, қалғаны жайылым.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, жеке кәсіпкер мал азығын байытып дайындайтын зауыт салыпты. Өздерін толық қамтамасыз етуге қауқары әбден жетеді. Төңіректегі шаруашылықтарға да артылғанын сатып, пайда табуға әбден болады.

– Дақылдарды өзіміз өсіріп дайын­даймыз, – дейді жеке кә­сіп­кер Болат Әбдірахманов. – Пәлендей артық ештеңе жоқ, ғы­лы­ми негізделген мал азығы. Мал тұқымы асыл болғанымен, оның өнімділігі азығына байланысты.

Ауданда тасы өрге домалап тұр­ған шаруашылықтар баршы­лық. Соның бірі – «Шиелі Агро» серік­тестігі. 2009 жылы өз жұмысын бастаған серіктестіктің қуаты 200 бас қара малға шақталған. Оған қоса ас­тық дақылдарын өсірумен де ай­налысады. Биыл тауарлы сүт фермасы ұйымдастырылыпты. Инвестициялық жобаның жалпы құны 350 млн теңгені құрайды. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы симменталь асыл тұқымды 80 сиыр­ды Чехиядан жеткізген. Биылғы жылы тағы да осы елден 70,5 млн теңгеге ірі қара мал сатып алған. Қазір бағымда 169 бас мал бар, оның 80-і сауын сиыр. Малсақ қауым мал төлдету үстінде. 25 төл алыпты. Серіктестік қара малмен қоса 160 жылқы бағып отыр. 9 адамды тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз еткен. Өткен жылы гектар берекесі 13 центнерден айналыпты.

– Егіншілік шаруашылығын ұдайы жетілдіріп отыру қажет, – дейді серіктестік директоры Әскер Баи­тов. – Онсыз өнім көлемін молайту мүмкін емес. Егер жыл сайын жақсы өнім алып жатсақ, халыққа да қарайласып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігіміз тиер еді.

Әлеуметтік жағдай демекші, ауданда бұл орайда да қадау-қадау жұмыстың жүзеге асырылып жатқанын байқауға болады. Айталық, «КZ-Аян Батыр» серіктестігінің «Бола­шақ» бала­бақ­шасы қазақ және орыс тіл­дерінде жеткіншектерге тәлім-тәрбие беруде. 40 балаға шақ­талған бақшаның көлемі – 320 шаршы метр. Іші кірсе шыққысыз болып жайнап тұр.

– Карантин кезінде сақтық талаптарын бұлжытпай орындаймыз, – дейді балабақша директоры Гаухар Байғожина. – Бес жасқа дейінгі балалар тәрбиеленуде. Олар­дың денсаулығы көздің қара­шығындай қадағаланады. Бағдар­ламаға сәйкес қалыптасуына бар­лық жағдайды жасап жатырмыз.

Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында соңғы жылдары көпқабатты үйлер салына бастады. Дәл қазір бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Шағын қала үшін айта қаларлықтай жағымды жаңалық. Бұл үйде көпбалалы және әлеумет­тік жағынан аз қамтылған отбасы­лар қоныстанатын болады. Ха­лыққа жасалар қамқорлықтың негіз­гісі де осы емес пе?

Өсімдік майын өндіретін «Бота» серіктестігінің алып зауы­ты күзді күні пайдалануға берілмек. Бұл жобаның бір тиімдісі, жер­гілікті шаруашылықтардың өнімі өңделетін болады. Макинск өнді­ріс орындары шоғырланған қалаға ай­налатын түрі бар.

Әу бастағы «Politerm» атауы «Макинск жылу жамылғысы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі болып өзгергенімен, бағыт бұрынғы. Яки, құрылысқа қа­жетті, жергілікті жерде таптырмай­тын жылу жамылғыларын дайындайды. Кәсіпорынның жылдық қуаты 34 мың тонна өнім шығаруға же­теді. 

Жасыл экономиканың тиімді­лігі айқындалғаннан бері иннова­циялық құрылыс материалдарына деген сұраныс өсе түсті. Зауыт дайындайтын минералды тақ­таларға шикізат ретінде базальт табиғи тас жынысы пайдаланылады. Сөз арасында қазақстандық кәсіпорындар осы бір қат дүниені бұрын шет мемлекеттерден тасы­малдағанын айта кетуге болар. Ол кезде еліміз­де жаңа үлгідегі жақ­сы материал шыға­рылмады. Италиялық фир­маның өкілдері алдын ала жасал­ған келісімшарт бойынша өн­дірістік желіні құрып берген. Бұл – қазіргі заманғы ең озық құрылғы.

Серіктестік – бүгін де қала­ның өсіп-өркендеуіне септігін ти­гізіп отырған кәсіпорын.  Ең алдымен елге керегі жұмыс орны екендігі белгілі. Кәсіпорында қазір 150 адам тұрақты жұмыс іс­тейді. Жұмысшылардың айлық еңбекақысы 210 мың теңге төңі­регінде.

Біржан сал ауданында да алға ұмтылған тіршіліктің тынысын аңғаруға болады. Степняк қаласында қазір 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.  Шағын және орта кәсіпкерлікке де көңіл аударылған. Аудан орта­лығындағы «Эко-Фуд» дүкеніне мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Кәсіпкерлердің қолын байлап отырған жай – жаман індеттің қайта өршуі. Осы тақырыпты қаузап, Үлгі ауылындағы фельд­шер­лік-акушерлік пунктке бас сұқ­­тық. ФАП-та 6 медицина қыз­меткері ауылдық округтегі 5 елді мекеннің мың жарымға жуық тұрғындарына қызмет көрсетеді.

– Бүгінгі таңда вакциналау мәселесі өте өзекті болып тұр, – дейді ауданның бас дәрігері Сай­­лаубек Айтмағамбетов. – Ел ішін­де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Әйтсе де, ауылдық округте 35 адам ғана вакцина алған екен. Демек, бұл орайдағы жұмысты мейлінше ширата түсу қажет.

Қазақ «бірінші байлық – ден­саулық» деп тегін айтпаған. Үлгі ауы­лынан шығып Жөкей көлін жаға­лай көктеп өтсеңіз, аттанар жақ қанаттан ақшаңқан үйлер көрі­неді. Бұл – «Жұлдызды орман» деп аталатын биыл ғана қолға алынып жатқан жоба.

– Қарағайлы орманның бауы­рында саф ауамен тыныс­тап, жа­сыл шалғынды даланы кезіп, Жөкей көлінің жағасында суға түсіп, балық аулауға толық мүм­кіндік бар, – дейді жоба жетек­шісі Есенжол Алпысов. – Біздің мақсат – ішкі туризмді дамытуға үлес қосу. Айналып келгенде, адам­дардың денсаулығын нығайтуға септігімізді тигізгіміз келеді.

Ел ішіндегі тіршілікті екшей баяндағанда, көңіл демдейтін көрініс осы. Қай тарапқа қарасаңыз да тырбанып тіршілік етіп жатқан халықты көресіз. Көресіз де, шүкір дейсіз. Оңынан оңғарылып жатқан шаруаны көріп, қуанудың өзі бір ғанибет!

 

Ақмола облысы