Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтау қаласының орталық көшесінде орналасқан 10 тұрғын үйдің қабырғасына мурал салынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлім етті.
Шаһар басшысының айтуынша, жоба құрылысы демеушілердің көмегімен іске асады. Алғашқы жұмыстар 10 мамыр күні басталады. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесін тойлау мақсатында қалада бірнеше жоба іске аспақ.
«Жаңа 40-шы шағын ауданнан саябақтың ірге тасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Демеушілер қаражаты есебінен Ақтау қаласының «Шығыс-3» шағын ауданы, № 8 және № 9 өнеркәсіптік аймақтың қиылысына «Шотан батыр» ескерткішін орнату және «Ақтау-Әуежай» тас жолының бойына кіреберіс кешенінің құрылысын салу жобалары әзірленді. Ал, 20-шы шағын ауданындағы айналмалы жолға демеушілік есебінен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақтау қаласына сый ретінде «Салтанатты арканың» құрылысы басталды», деді Нұрдәулет Қилыбай.