• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Мамыр, 2021

Жамбыл облысында бағаның өсуіне жол берілмейді

413 рет
көрсетілді

Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасы облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін бірқатар кешенді шаралардың қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазіргідей күрделі кезеңде Жамбыл облысының тұрғындары баға мәселесіне алаңдаулы. Себебі, жыл басында өңірде күнделікті тұрмысқа қажетті әлеуметтік тауарлардың бағасы қымбаттап кеткен болатын. Дей тұрғанмен, бағаны тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласында және өңірдің бірқатар аудандарында әлеуметтік дүкендер ашылды. Бүгінде олар ел игілігіне жұмыс істеп келеді.   Өңірдегі сауда нүктелерінде баға тұрақтылығы басты назарға алынған. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге септігін тигізіп отырған тұрақтандыру қоры арқылы облыс тұрғындары арзан өніммен қамтамасыз етілуде. Жалпы, тұрақтандыру қоры арқылы жыл басынан бері 212,6 миллион теңгеге 1442 тонна 11 түрлі тауар өткерілген. Алдағы уақытта тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тұрақтандыру қорына 2508 тонна тауар жинақталыпты. Қорды қалыптастыруда 1282 тонна ұн, 372 тонна қант, 51 тонна қарақұмық, айналым қаражаты шарты бойынша 181 тонна күнбағыс майы сияқты сұранысқа ие тауарлар жеткізілген. Бүгінгі таңда аймақта қант 220 теңгеден, жұмыртқа 27, күнбағыс майы 560, қарақұмық 315 теңгеден сатылуда. Олар арнайы ашылған 25 әлеуметтік дүкен мен 8 ірі сауда орнындағы әлеуметтік сөрелер арқылы өткерілуде. Сонымен қатар, жаңадан іске қосылған екінші тетік «айналым схемасы» бойынша 4 кәсіпкерлік субъектісіне 605,0 миллион теңге бөлінген. Бүгінде жылдық көлемі 2343 тоннаны құрайтын 14 әлеуметтік тауарға нарықтан 8-15 пайыз төмендетілген бағалар бекітіліп, облыстағы ірі сауда желілері арқылы сатылуда.

Бүгінде облыста барлығы 25 әлеуметтік дүкен мен павильондар жұмыс істейді. Оның 15-і Тараз қаласында болса, қалған 10 дүкен өңірдің аудан орталықтарында орналасқан. Мұндай павильондар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін арнайы ашылған. Осы орайда, алыпсатарлық фактілеріне жол бермеу үшін бір адамға сатылатын тауарлардың көлем-нормасын да белгілеу қолға алынуда. Сондай-ақ, әлеуметтік дүкендерге жақын маңда тұратын мұқтаж отбасылардың тізімдерін жасақтап, төмендетілген бағадағы өнімнің негізгі тұтынушылары ретінде қалыптастыру жоспарлануда. Әлеуметтік дүкендер нарықтан 8-24 пайыз төмен бағадағы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен қамтылған. Оған облыстағы «Молбит», «БМК», «Қызыл-Жұлдыз», «Көкжиек-2030», «Аса даму», «ӘулиеАта-Феникс», «Хлебный дар» және «Аксарай Экспорт» сияқты тауар өндірушілердің өнімдері тікелей жеткізілуде. Сонымен қатар, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Алматы облыстарындағы өндірушілерден сатып алынып, Жамбыл облысында төмендетілген бағамен сатылып жатыр.