• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Президент 07 Мамыр, 2021

Қасым-Жомарт Тоқаев: Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында

1011 рет
көрсетілді

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жоғары әскери және арнау-лы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қаты­сушыларды Отан қорғаушы күні­мен және Жеңіс мейрамымен құт­т­ықтап, халқымыздың ерлік дәс­түрін танытатын қос мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын айтты.

– Егемендіктің қадір-қа­сиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында. Осы асыл құн­дылықтарды Қарулы Күштері­міз қас қақпай күзетіп тұр. Тәуел­сіз­дік жылдарында Тұңғыш Прези­дентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың арқасында мемлекетіміздің мықты қорғаныс жүйесін қалыптастырдық. Әске­рі- міздің бес қаруын сайладық. Сар­баз­дарымыздың жауынгерлік рухын көтеріп, кәсіби машығын шың­дадық. Бүгінде армиямыз – ел­ді­гіміздің берік қалқаны, Тәуел­сіз­дігіміздің мызғымас тұ­ғыры, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның бейбітшілік пен тұрақ­тылықты қалайтын мемлекет екенін, бірақ ұлттық мүддеге нұқ­сан келтіретін кез келген әрекетке тойтарыс бере алатынымызды айта келіп, соңғы уақытта жер жү­зінде түрлі қақтығыстар көбейіп кет­кенін жеткізді.

– Сарапшылар алпауыт мем­ле­кеттер арасындағы тартыс­тарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда бо­лып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйт­кілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқа­ны кеңге салмай, ұлттық қор­ғаныс ісінде темірдей тәртіп сақ­тауымыз керек. Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс.

Қазақта «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең-байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұра­пыл соғыста жеңіске жетті. Біз өткеннен тағылым аламыз. Отан үшін, ел мен жер үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына тағзым етеміз.

Туған жердің шебін күзе­тіп, тұтастықты сақтау – әрбір аза­мат­тың қастерлі парызы. Еліміздің ты­ныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік.

Халқымыз береке-бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқа­сында алаңсыз ғұмыр кешуде. Шын мәнінде, осы бейбіт өмірдің өзінде батырлық пен ерлікке орын бар. Ерлік уақыт талғамайды, себе­бі бұл қасиет Отаншылдықтан бас­тау алады, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президенттің айтуынша, бүкіл адамзатқа коронавирус дерті қатер төндіріп тұрған қазір­гі уа­қытта індетті тоқтатуға әске­ри қызметшілер мен күш­тік құры­лымдар бір кісідей жұ­мыл­ды. Соның арқасында ахуал айтарлық­тай тұрақтанды.

Президент армия мен Күштік құрылымдар еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің бас­ты кепілі саналатынын айтты. Жа­һандық өзгерістер мен гео­стра­тегиялық тұрақсыздық жағ­дайында әлемде әскери қызмет­шілердің рөлі бірнеше есе арта түседі. Бүгінде Қазақстанды өзге жұрттар өңірлік және халықаралық тұрақтылықтың ұйытқысы ретінде мойындайды. Әскери қызметшілер БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында өздеріне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Ал ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері «Жусан» арнайы операциясын мінсіз орындады. Полиция мен прокуратураның қыз­меті кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

– Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары басталды. Оның тиімді жүзеге асырылуы халықтың билік институтына деген сенімін едәуір арттырып, қоғамдағы құқық­тық тәртіп пен әлеуметтік әділ­дікті нығайтуға септігін тигі­зеді. Еліміздің қорғаныс қабі­летін күшейту үшін мемлекет әс­кери дайындық пен Қарулы Күш­терді жабдықтауға баса мән береді. Әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкер­лерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік тұр­ғыдан қорғалуы біртіндеп жақса­рып келеді. Әскери қызмет­шілерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елі­мізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес екенін ерекше атап өтіп, бүгінгі марапат пен алғысты барша әскери қызметшілерге, Күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет деп бағалады.

– Сіздердің отаншылдық рух­тарыңыз, ең алдымен, жас ұрпақ үшін жақсы үлгі-өнеге. Олар сіздер­ге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемле­кеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы барлық әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Отан алдындағы адал қызметі үшін алғыс айтты.

Салтанатты рәсім барысын­да Марат Құсайыновқа, Руслан Шпек­баевқа генерал-лейте­нант әскери атағы; Айдар Аймұр­зинге, Рүстем Ақбалинге, Нұрлан Ал­дия­ровқа, Алмаз Ахмадиевке, Се­рік Борамбаевқа, Мереке Күшік­баевқа, Қуанышбек Үштаевқа генерал-майор әскери атағы; Айбар Дуанбаевқа, Шыңғыс Қоңқашевқа, Руслан Сейсембаевқа ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнау­лы атағы; Мұрат Баймұқашевқа, Оңал Бекиевке, Ақынқали Дәр­меновке, Арыстанғани Заппаров­қа, Нұрлан Мәсімовке, Марат Төле­­баевқа полиция генерал-майо­ры арнаулы атағы; Жанат Ешма­­ғам­­бетовке әділет генерал-майо­ры арнаулы атағы; Қайрат Әб­ді­хановқа, Жарқынбек Бақаш­баев­қа, Мақсат Қожабаевқа, Серік Шала­баевқа 3-сыныпты мем­лекет­тік әділет кеңесшісі сынып­тық шені; Нұрлан Шабдарға 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы берілді.

Суреттерді түсіргендер А.Дүйсенбаев, Ғ.Өмірбеков

Сонымен қатар іс-шара барысында І дәрежелі «Даңқ» орденімен Мемлекеттік күзет қызметі басты­ғының орынбасары Талғат Мұх­таров; ІІ дәрежелі «Даңқ» орде­німен Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті Қарағанды облысы бо­йынша департаментінің бастығы Кендебай Адамбеков, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов, Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиев наградталды.

Бұдан бөлек І дәрежелі «Ай­бын» ордені Ұлттық қауіпсіздік комитеті департамент бастығының орынбасары Әділжан Алшыновқа, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Инженерлік әскерлер департаментінің бастығы Нұрлан Қонысовқа; ІІ дәрежелі «Ай­бын» ордені Ішкі істер минис­тр­лігі Шығыс Қазақстан облы­сы­ның Полиция департаменті Өс­­­кемен қаласының полиция бас­­қармасы патрульдік полиция ба­та­льонының инспекторы Нұр­­­жан Кәкеевке, Бас прокура­тура­­ның департамент бастығы Серік Кәріпбековке, Қаржы­лық мони­­торинг агенттігі Тергеу де­пар­таментінің басшысы Саят Сау­ком­бековке, Төтенше жағ­дайлар министрлігі Өртке қарсы қыз­мет комитеті төрағасының орын­­басары Марат Хасеновке; ІІІ дә­режелі «Айбын» ордені Мем­­лекеттік күзет қызметінің Ай­­рықша мақсаттағы күштері «Ба­­тыр» президенттік полкінің ма­маны Евгений Пивеньге табысталды.

Ал Ішкі істер министрлігі Жам­был облысының полиция де­­­пар­таменті Жергілікті полиция қыз­­меті басқармасының аға инс­­пек­­торы Диляфруз Кинже­ха­нова «Құр­мет» орденімен мара­пат­талды.

Ішкі істер министрлігінің Кө­ліктегі полиция департаменті Қызыл­орда стансасындағы желі­лік полиция бөлімінің аға инспекторы Дархан Әбдікәрімов, Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанай облысы Төтенше жағдайлар депар­­таменті Өрт сөндіру және ава­риялық-құтқару жұмыстары қыз­меті №5 өрт сөндіру бөлімінің бө­лімше командирі Владимир Беляков, Төтенше жағдайлар минис­трлігі Нұр-Сұлтан қаласы Төтен­ше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқа­ру жұмыстары қызметі №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөнді­руші-құтқарушысы Айдархан Кема­ладинов, Ішкі істер министрлігі Алматы облысының Полиция департаменті Талдықорған қала­сының полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының инспекторы Дәурен Нәрікбаев, Ішкі істер министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Қыл­мыстық-атқару жүйесі депар­таменті РУ-170/1 мекемесінің ба­қы­лаушысы Абылай Төлеев «Ер­лігі үшін» медалімен наградталды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Қорғаныс министрлігінің 18404 әскери бөлімі десанттық-шабуылдаушы батальонының коман­дирі Жасұлан Байбарақовқа, Қор­ғаныс министрлігі 15632 әскери бөлімінің командирі Жанат Бек­тұрғановқа, Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштері Бас шта­бының департамент басты­ғы Елнұр Бисембаевқа, Қорға­ныс министрлігі 14776 әскери бө­лімінің аға офицері Максим Доб­росельскийге, Қорғаныс министр­лігінің 21450 әскери бөлімі мото­атқыштар батальоны ротасының технигі – аға механигі-жүргізушісі Нұржан Жарияқұлға, Қорғаныс министрлігінің 21814 әскери бөлімі зымыран-артиллериялық кемесінің (3-дәрежелі) командирі Бауырғали Имашевқа, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштері қолбасшысының басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының аға инспекторы-ұшқышы – бағыт аға офицері Ерлан Қоз­ғұловқа, Ұлттық қауіпсіздік ко­­ми­тетінің басқарма бастығы Шы­­­нар­күл Сейдахметоваға бе­ріл­ді.