• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 10 Мамыр, 2021

Елордада жаңа аллея ашылды

357 рет
көрсетілді

2021 жылдың 10 мамыры күні елордада белгілі эколог, профессор, ғалым Мұсағали Дуамбеков атындағы аллея мен мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғамдық істерден бөлек республикалық деңгейдегі агенттіктерге жетекшілік еткен, қоршаған ортаға жанашырлықпен қараған Мұсағали Дуамбеков былтыр 28 шілде күні әлемді жайлаған індет салдарынан көз жұмды. Тірі болғанда 5 мамыр күні 60 жасқа толар еді.

 Бүгін оның құрметіне жаңа аллея ашылып, 60 түп қарағай ағашы егілді. Іс-шараға келушілердің сөзінше, саябақ қаланың сәнін келтіріп қана қоймай, өскелең ұрпақты өнегелі өмір иесінің үлгі аларлық істеріне үндейтін болады. Аллея Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Қазақстанның табиғатты қорғау ұйымдарының қауымдастығы қолдауымен ашылғанын айта кеткен жөн.

«Мұсағалиды кейбіреулер мемлекеттік қызметкер деп ойлайды, енді бірі саясаткер ретінде көреді. Ал мен оны қоғам қайраткері деп санаймын. Экологияға назар аудару, мәселелерін шешу жолындағы істері бөлек әңгіме... Ол әр іске шын жүрегімен беріліп және өзінің азаматтық борышын өтеп тұрғандай кірісетін. Мысалға, М. Дуамбеков бірқатар адамның құқықығын қорғауға атсалысты. Сот отырыстарына қатысып, баспасөз жиындарын өткізіп жүрді. Сондағы мақсаты адамдарға көмектесу еді. Сол үшін өзі де жауапқа тартылған кездері болды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істеген кездерінде саланың басты олқылықтарын заңдарды сараптамадан өткізу арқылы түзетуге талпынды», дейді Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қоғамдық қорының төрайымы Зәуреш Баталова. 

Экологты еске алу шарасына жиналғандардың арасында қоғам белсенділерінен бөлек, дос-жараңдары да көп жүрді. Олар әсерлі естеліктерімен бөлісіп, іс-шараның маңызына тоқталды. Замандастары мен әріптестері болса, ғылыми ізденісі жайлы сөз етіп, оның табиғат тазалығына ғана емес, азаматтық қоғамның таза болуына да үлес қосқанын жеткізді.

 

Сөз сөйлеушілер легі аяқталған соң, марқұмның аруағына құран бағышталды. Одан соң қолдарына күрек алып, қарағай ағаштарын отырғызды.

 

Айта кетейік, Мұсағали Дуамбеков 100-ден астам ғылыми жарияланымның және өнертабыстың авторы. Оның «Қазақстан экологиясы», «Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігі», «Экологиялық менеджмент» секілді тағы да басқа кітаптары жарық көрген.