Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Алматы облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство басшысына «Алтын-Емел» және «Шарын» ұлттық парктерінің инфрақұрылымын дамыту жобасы таныстырылды.
«Алтын-Емел» және «Шарын» ұлттық парктеріне келушілерге аймақтың ерекше табиғаты және оның тарихы туралы айтылады. Инвестор ұлттық саябақтарда инфрақұрылымды және экотуризмді дамыту жобасын жүзеге асырған кезде осыған назар аударады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы аталған ұлттық парктердің учаскелерін туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді пайдалануға беруге арналған конкурстардың қорытындылары бойынша «QazaqGeography» РҚБ жеңімпаз атанды.Экотуризмді дамыту тұжырымдамасына сәйкес ұлттық парктерде қауіпсіз туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға, туристік объектілерді күрделі құрылыстарсыз орналастыруға ерекше мән беріледі. Сондай-ақ заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ ауылы және керуен жолын, тамашалау алаңдарын, демалуға арналған орындар жасау қарастырылған.«QazaqGeography» компаниясының Басқарма төрағасы Орман Нұрбаевтың айтуынша, ұлттық парктердің жұмысында балалар мен жастардың білім беру қызметіне баса назар аударылатын болады. «Келушілерге аймақтың қайталанбас табиғаты туралы ғана емес, оның тарихы жайлы да әңгімелеу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білетіндей, «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағында ежелгі Бесшатыр қорғандары орналасқан. Сондай-ақ қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы жылдарын «Алтын-Емел» жерінде өткізді. Біз осындай тарихи жағдайларды жас ұрпаққа жеткізуді мақсат етіп отырмыз», деп атап өтті инвестор.Өз кезегінде, «Алтын Емел» МҰТП бас директоры Халық Баяділов экотуризмді дамыта отырып, өз экономикасын көтере алған елдердің үлгісі бойынша инвестормен ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.
Министр ұлттық парктерде экотуризмнің дамуы маңызды екенін атап өтті.«Қазақстанда экологиялық, ұйымдастырылған туризмді дамыту қажет. Еліміздің экотуризмді дамыту әлеуеті зор. Мемлекет басшысы ел ішінде экологиялық туризм мәдениетін дамыту міндетін қойды. Бұл азаматтардың экологиялық білім алуына, табиғатқа ұқыпты қарауға ықпал ететініне сенімдімін. Ең бастысы, жобалар табиғатқа зиян келтірілмей жүзеге асырылуы керек. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтар», деді Мағзұм Мырзағалиев.Биылғы жылғы маусым айында сарапшылар, экологтар мен қоғам өкілдерін шақыра отырып, ұлттық парктердің осы жобалары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарлануда.