Төрткүл дүниені түгел жаман тұмаудың үскірік лебі қалтыратып тұрған шақта Степногор қаласындағы жомарт жүректі жандар айналасын өздерінің таңғы шықтай мөлдір ақ пейілімен, өлкеге кәміл өнеге болатын қомақты көмек-қолдауымен, естіген жанның көкірегін жылытатын қайырымды ісімен шуақтандыра түсті.
Ел ішіндегі еңселі тірлікті, сүттей ұйыған ұйымшылдықты көргенде көңілің көп-көрім өсіп, сәтімен сабақталған сәулелі істерге жүрегің жылып қалады екен. Несін айтасыз, ел ішінде бірлік бар екен, мықты екен. Адамдардың бір-біріне ақ адал ниетімен қамқор болып, қысылып қиналған сәтте қос қолтығынан демеп тұруға ұмтылуының өзі – бір сүйініш. Осы бір ізгілік нұрын, шапағат шуағын шашатын әдемі де айшықты мысалдарды көрген сайын жан жүрегіңді ризашылық сезім буып, көкірегің уылжып кетеді.
Степногор қаласындағы кәсіпорындар карантин кезінде 57 млн теңгеге жуық қаржы аударып, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына, жалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіпті. Олар емдеу орындарына оттегімен тыныстау аппараттарын, қорғаныс құралдарын, азық-түлікті сатып әперген. Мәселен, осы қаладағы емханаға қайырымды жандар 3,9 мың қорғаныс құралдарын, 15,5 мың бетперде, 1,4 мың қорғаныс костюмы тәрізді заттарды сыйға тартыпты. Ал «ЕПК Степногорск» АҚ, «Астана нан Кемикалз», «СГХК» серіктестіктері мен «Степногорск горводоканал» кәсіпорны, шағын және орта бизнес, діни ұйымдардың өкілдері жаман тұмау айрықша өршіп тұрған уақытта әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызілікті жандардың тізімін жасап, қажетті дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, материалдық көмек көрсеткен.
«Қазақалтын Технолоджи» серіктестігінің қолдауымен Ақсу кентінде құны 14,7 млн теңге тұратын, заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген спорт алаңы салынды. Бестөбе кентінің «Рауан» мәдениет үйінің жанындағы 5 млн теңгеге жабдықталған, осындай жанашырлықтың арқасында бой көтерген әп-әдемі спорт алаңы халыққа қызмет етіп тұр.
Қауіп қаншалықты бүйірден қысып, төбеден төніп тұрса да, ел тіршілігі тоқтаған емес. Жұрт қамын ойлаған жақсы мен жайсаң бірлікті бекемдеуге, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға білек біріктіріп, атсалысып жатыр. Айталық, қаладағы «Қазақалтын Технолоджи» компаниясы шағын қаланы шырайландырып, абаттандыру туралы бастама көтерді. Нәтижесінде, 15 шағын аудан көп-көрім көркейіп қалды. Аталған компания осы орайдағы оңды шаруаны іске асыру үшін 25 млн теңге қаражат бөлді.
Асылында туған жерге деген перзенттік махаббат кез келген қиындықты жеңеді. Бұл өлкенің адамдары да туған топырақтарының күн өткен сайын гүлденіп, ажарлануына атсалысуда. Бестөбе кентінің тұрғындары ұйымдасып, 2 млн теңгеге заманауи балалар алаңын орнатып берді. Қазір Бестөбенің балалары карантин талаптарын сақтай отырып, спортпен шұғылдануда. Олар аға толқынның жанашырлығын жақсы түсінеді. Күні ертең өздері де осындай шарапатты шаруаға бел буып араласып жатса, бүгінгі күні көрген өнегенің өрісі деп қабылдауға болар. Ауызбіршілігі мықты жерде жекелеген адамдар да кеңпейілімен танылуда. Айталық қала тұрғыны Г.Әбілшенов Қаныш Сәтбаев көшесін жарықтандыру жұмыстарын қолға алды.
Қалалық мәслихаттың депутаттары да ауыртпалықты иықтаса көтеруде үлгі болуда. Олар көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жалғызілікті жандарды өз қамқорлықтарына алып отыр. Мәслихат депутаты А.Қаршегенов 561 500 теңге бөлсе, әріптестері О.Жағыпаров 110 мың теңге, Д.Балпанов 75 мың теңге, облыстық мәслихаттың депутаттары Б.Наурызбаева 80 мың теңге, Ж.Камелиденов 70 мың теңге қаражат бөлген. Бір айта кетерлігі, осы бір игілікті істен халық қалаулыларының ешқайсысы шет қалмапты. Барлығы бір адамдай хал-қадірінше қаржы жинап, көмек көрсеткен. Ең бастысы, осындай жанашырлық іс алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Анаға көмек» көпбалалы аналарды қолдауға арналған еріктілер қозғалысына басшылық жасаған Г.Баймақова қаланың жүздеген тұрғынына маска мен қорғаныс құралдарын тегін таратқан. Олар осы бір қиын сәтте көпбалалы аналарды қамқорлықтарына алып, күнкөрістерін назардан тыс қалдырмайды. Жекелеген кәсіпорын басшылары да ел ішіндегі тыныс-тіршілікті қадағалап отыр. Жұртты жақсылық іске жұмылдыруға Jas Otan жастар қанаты да ұйытқы болуда. Олар қаражат жинап, қажетті дәрі-дәрмекті сатып алып, емханада тіркеуде тұрған созылмалы сырқаты бар адамдарға мекенжайлары бойынша жеткізіп беруде. Партия ардагері Н.Рукавцова 35 мың теңге, М.Наукев 60 мың теңге қаражатын осындай ізгілікті іске жұмсаса, өзге де А.Белбасарова, Р.Семикин тәрізді ардагерлер жомарттар қатарынан табылған. Аға ұрпақтың бұл ісі өміршең өнегенің өрімі деп қалай айтпайсыз.
Жалпы, шағын қалада бір-біріне селбесіп, көмек қолын созу мысалы өте көп. Ұжым басшылары да қалыптасып отырған жағдайды жете түсініп, қамқорлықтарын күшейте түскен. Қуаты мол кәсіпорындармен бірге шағын кәсіп иелері де ортақ іске атсалысуда. Осы орайда Ч.Бейсенбеков, Г.Оралбекова, Г.Бүркітбаев, С.Руцкий, Н.Андриенко тәрізді жеке кәсіпкерлерді айта кетуге болады. Бұдан өзге де жақсылық жасауға ұмтылып тұратын жаны жайсаң азаматтар аз емес.
Атымтай жомарттық осындайда танылса керек. «Степногорск-Энергокомплекс» серіктестігінің бас директоры А.Қаршегенов 15 көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасын тұрақты қамқорлығына алып отыр. «Organik FOOD» серіктестігінің директоры Г.Балпанов та дәл осындай көмек көрсетуде. «ГМК Қазақалтын» акционерлік қоғамы 210 көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасына 2 млн теңге көлемінде жәрдем жасаған. Ел ішіндегі тірлікті, ешкімді жүдеп-жадатпаймыз деген бекем бірлікті көргеннен кейін «Астана-Нан Chemicals» серіктестігі 200 мың теңге қаражатын бөліп, жалғызілікті жандарды жебеген.
Қаладағы Паң Нұрмағамбет атындағы мешіт көмекті қажет ететін адамдарға 420 кило ет, 10 тонна көмір, 154 азық-түлік себеттерін жеткізіп берсе, 280 мың теңге қаражатты ақшалай үлестірген. Қырыққұдық ауылының тұрғындары ауылдағы жастардың тілегін ескере отырып, жарты млн теңге қаржы жинап, өз елді мекендерінде жаттығу залын салып алған.
Бұл қаладағы қайырымдылық істердің бір парасы ғана. Тіпті, бәрін айшықтай жазу мүмкін еместей. Біз ондаған ұлт құтты қоныс еткен шағын қаланың жанашырлықпен сәулеленген шырайының бір ұшқынын ғана тілге тиек еттік. Лайым жақсылық шынары осындай леппен тамырын тереңге жая бергей!
Ақмола облысы,
Степногор қаласы