Мас күйінде көлік жүргізгендерге заң жазаны қатайтқанына қарамастан, «ащы су» ішіп алып, темір тұлпар тізгіндейтіндер айыл жияр емес. Бұған Қостанай облысының тәртіп сақшылары өткізген «Мас жүргізуші – қылмыскер» атты екікүндік алдын алу шарасы дәлел бола алады.
Осы екі күннің ішінде полиция мас күйінде көлік айдаған 29 жүргізушіні ұстаған. Олардың бәрі заң алдында жауапкершілікке тартылып, үшеуі көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері алкогольді ішімдік ішіп алып көлік жүргізген 286 адам әкімшілік айыппұл арқалаған. Ал Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша 30 адам рұқсат құжатынсыз және мас күйінде рульге отырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылып отыр.
Мысалы, 6 наурызда Қостанай қаласындағы Абай көшесінің бойында тәртіп сақшылары көлік жүргізу құқығы жоқтығына қарамастан, ішімдікке сылқия тойып алып, «Ваз 2107» маркалы көлігін жүргізіп келе жатқан азаматты тоқтатқан. Кейін сот отырысында өз кінәсін толық мойындаған айыпталушы бұрын-соңды жүргізуші куәлігін мүлде алмағанын айтты. Тараптардың сөзі мен прокурордың қорытындысын тыңдап, істі зерделеп болған соң сот төрағасы айыпталушыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы, 6-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту және 20 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды.
Қолымызға тиген сот қаулыларының көбі мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас болып келеді. Мәселен, наурыз айында Қостанайдағы «Юбилейный» шағын ауданында тәртіп сақшылары тоқтатқан «Lada 21705» маркалы автокөлігінің жүргізушісі де көлік тізгінінде мас күйінде отырған. Әкімшілік хаттамада айыпталушының мас күйінде көлік жүргізгені баяндалып, оны дәлелдейтін медициналық куәландырудың қорытындысы тіркелген. Сот отырысында кінәсін мойнына алып, көлікке қалай отырғанын, полиция қай жерде тоқтатқанына дейін тәпіштеп айтып берген айыпталушыны сот кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алу және жеті жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды.
Жол сақшыларының айтуынша, былтыр облыс аумағында мас күйінде көлік жүргізген 1285 жүргізуші ұсталыпты.
– Былтыр «ащы су» ұрттап алып көлік құралын жүргізгені үшін 1213 адам сот үкімімен жүргізуші куәліктерінен айырылды. 1049 жүргізушіге қамау түріндегі жаза қолданылды. Сонымен қатар көлік жүргізуге құқық беретін куәлігі жоқ бола тұра, мас күйінде автокөлік айдаған 72 адам 20-30 тәулікке жабылды. Ал айып тұрағына 547 автокөлік қойылды. Былтыр облыс бойынша 3101 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның ішінде 22 жүргізушінің мас күйінде көлік басқарғаны анықталды. Олардың кінәсінен 2 адам көз жұмып, 62 жолаушы әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Былтыр облыс жолдарында тіркелген 244 жол апатынан 37 адам өмірмен қоштасып, 319 жолаушы жарақаттанды. Жол апатының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің көлік жылдамдығын шамадан тыс асырып жіберуі, – деді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Андрей Григоревский. Оның айтуынша, соңғы екі жыл ішінде тәртіп сақшылары облыс жолдарындағы қылмыстың алдын алу шаралары мен патрульдік бақылауды күшейткен. Мәселен, таяуда басталған «Мас жүргізуші – қылмыскер» акциясы биыл жарты жыл бойы жалғасатын болады.
Естеріңізде болса, былтыр қаңтар айынан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мас күйде көлік айдаған жүргізушілерге қатысты қолданылатын жазаны қатайту туралы өзгеріс енгізілді. Қазіргі заң бойынша ішімдік ішіп алып көлік тізгініне отырған адам қауіпті қылмыскер деп танылып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Сондай-ақ мұндай жүргізушілерге кем дегенде 5 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.
Қостанай облысы