Қызылордада көпқабатты үйде болған өртте 13 адам қауіпсіз жерге шығарылып, өздігінен жүре алмайтын 1 адам құтқарылды, деп хабарлайды Egemen.kz «Сыр бойы» басылымы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға бүгін, 14 мамырда сағат 10:58-де болған. Осы сәтте Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментіне хабар келіп түскен.
Өрт шыққанын бірінші болып байқаған куәгерлердің айтуынша, Абай даңғылы бойындағы №48 үйдің бесінші қабатындағы пәтердің балконы отқа оранған.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жылдам жетті. Барлау жұмыстарының нәтижесінде оқиғаның мән-жайы анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел және біріккен іс-қимылының көмегімен жоғарғы қабаттан барлығы 13 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың 2-еуі бала. Сондай-ақ өрттен өздігінен жүре алмайтын бір азаматша құтқарылды. Сағат 11:10-де өрттің беті қайтты, 11:18-де толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда», деп хабарлады Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.