Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыстың тоқтамай тұрғанына бір аптаға жуықтады. Соның салдарынан жүзден астам адам қаза тауып, 600-ге жуығы жарақаттанды. Өте өкініштісі, қайтыс болғандардың басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. Жартысына жуығы балалар мен әйелдер. Бұл қақтығыс кейінгі жылдардағы шиеленістің ішіндегі ең қанқұйлысы болып отыр.
Оқиға қалай басталды? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын Израиль мен Палестина жанжалының тарихына үңілген жөн.
Осман империясы тұсында Палестина жерінде арабтар мен еврейлердің тату-тәтті ғұмыр кешкен. Алайда XIX ғасырдың соңында әлемге тарыдай шашылып кеткен еврейлер арасында ұлтты біріктіру идеясы күш ала бастайды.
«Саяси сионизмнің әкесі» саналатын журналист Теодор Герцль өзінің «The Jewish State» кітабында Евфрат пен Тигр маңайында мемлекет құру қажеттігін жазған екен. Кейінірек бұл туынды еврейлердің бойтұмарына айналды. Осылайша, жан-жақтан Иерусалимге ағылған сионистік идеяны сіңірген еврейлер біртіндеп тұрғылықты халықтың жерін сатып ала бастайды. Бірақ палестиналықтар олардың түпкі мақсатын аңғармай, қолын мезгілінен кеш сермеп қалды. Сөйтіп, арабтарға тиесілі жерлердің басым бөлігін, әсіресе Иерусалимнің көп бөлігін еврейлер иемденеді.
1947 жылы БҰҰ 181-қарарымен Палестина жерін бөліп, Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Араб елдері жоғары кеңесіне ұнаған жоқ. Көп ұзамай-ақ Иерусалимнің мүфтиі еврейлерге жиһад жариялады.
Бір жылдан соң, 1948 жылы 14 мамырда Израиль тәуелсіздігін жариялағанда Араб лигасы оларға соғыс ашты. Мысыр, Иордания, Ирак, Сирия, Ливан, Сауд Арабиясы, Йемен бірігіп, Израильге қарсы шыққан. Бірақ түйеден әлі түсіп үлгермеген арабтар америкалықтар қолдаған еврейлерді жеңе алған жоқ. Керісінше, Палестина территориясының 78 пайызынан айырылып қалды.
Міне, осыдан бері семиттер ұлысына жататын арабтар мен еврейлердің басы піспей келеді. Алғашқы қақтығыстан кейін екі тарап бірнеше рет соғысып, оның зардабын қарапайым халық тартты. Араб лигасы қанша талпынса да сионистерді жеңе алған жоқ. Бүгінде миллиондаған палестиналық өз үйінен айырылып, босып кеткен. Арабтар әлі күнге дейін Израильді бүйірден шыққан шиқан секілді көрсе, еврейлер атажұртымызға келдік деп есептейді.
Жоғарыда айтылған соғыс салдарынан әу баста Палестина мемлекеті құрылған жоқ. Кейінірек, тек 1988 жылы Алжирде өткен Палестина ұлттық кеңесінің сессиясында тәуелсіздігі жарияланды.
Жанжалдың бір парасы Палестинаның егемендігін тануға қатысты. Бүгінге дейін әлемнің 193 мемлекетінің 138-і аталған елдің тәуелсіздігін мойындаған. Соған қарамастан, Палестина әлі күнге дейін БҰҰ-ға толыққанды мүше емес. Оның басты себебі мынада. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің үшеуі – АҚШ, Ұлыбритания және Франция Палестинаның егемендігін әлі күнге мойындаған жоқ. Ал онсыз БҰҰ-ға толыққанды мүше атана алмайды.
Ғасырға жуықтаған жанжалдың ұзын-ырғасы осындай. Жалпы, бұл мәселеде халықаралық қоғамдастықтың ұстанымы Палестина жағында. Мәселен, Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын 1967 жылғы «Алтыкүндік соғыста» басып алған болатын.
Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалыптастыру әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақасын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлердің қонысын заңсыз деп санайды. Сондықтан «Батыс жағалау» мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешілген жоқ.
БҰҰ қарарларына сүйенсек, Израиль тарапы «Батыс жағалауды», «Голан жоталарын» және Шығыс Иерусалимді босатып, ондағы арабтарды қудалауын тоқтатуы тиіс. Бірақ оған құлақ асқан еврейлер жоқ. Өткен аптада басталған қақтығысқа да шоқ тастаған – палестиналықтарды қудалау оқиғасы.
Израиль үкіметі бірнеше жылдан бері Шығыс Иерусалимдегі Шейх Джарра ауданын мекендеген 7 араб отбасын көшіруге ұмтылып келген. Биыл осы мәселе шырқау шегіне жетіп, палестиналықтарды баспанасынан айыруға кірісті.
Кейінгі аптада бұл оқиға Иерусалимде қызу талқыланып, наразылық күшейе түсті. Жеті отбасы мекендеген үйді 1956 жылы БҰҰ бас болып, Израиль басып алған территорияларды мекендеп, кейін босқынға айналған арабтардың меншігіне тапсырған-ды.
Бірақ Израильдегі «Нахалат Шимон» деп аталатын ұлтшыл ұйым аталған баспаналарды еврейлердің меншігіне беру қажеттігін алға тартады. Аталған елдің Жоғарғы соты «Шейх Джарра оқиғасына» қатысты 10 мамырда шешім шығаруы тиіс еді. Межелі мерзім жақындан сайын қала көшелерінде наразылық күшейіп, Бас прокурор оны кейінге қалдыруды сұрады.
Өткен айда еврейлер Иерусалимде шеру өткізіп, «Арабтарға өлім келсін!» деп айқайлаған-ды. Бұл онсыз да жарылайын деп тұрған ахуалды одан сайын шиеленістіріп жіберді. Израиль полицейлері Рамазан айында палестиналықтарға ауызашардан соң Ескі қаладағы Дамаск қақпасына жиналуға тыйым салып, кедергілер қойды. Палестиналықтар бұл шешімге қарсы шығып, кейін Израиль тыйымды алып тастады.
Оның үстіне, мұсылмандар үшін қасиетті Қадыр түні мен Израильдің Иерусалимді басып алу күніне арналған мерекесі қатар келіп қалды. Бұл да жанжалды ушықтырды. Кейіннен Израиль полициясы Қадыр күні қарсаңында әл-Ақса мешітіне келген мұсылмандарды қудалады. Соның салдарынан бірнеше палестиналық қаза тауып, жиырма шақтысы жараланған.
Қасиетті түнде мұсылмандар қынадай қырылып жатқанда «Хамас» ұйымы қарап жатпады. Еврейлер мекендеген аймақтарға ракетадан оқ жаудырды. Израильге керегі осы еді. Соны сылтауратып, Газа секторына жойғыш ұшақтармен шабуыл жасады. Осылайша, екі жақ та бір-бірін атқылап, қақтығыс әлі тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда Израиль тарапы Палестинамен шекара маңына әскерлерін үйіп-төгіп, танк бригадаларын орналастыра бастады.
Палестина басшылары араб отбасыларын үйлерінен күшпен шығару әрекеті «қасиетті қаланы иудейлендіруге» бағытталған этностық тазарту деп есептейтінін жеткізді. Израиль бұл қақтығысты «жылжымайтын мүлік дауы» деумен шектеліп отыр.
Халықаралық қоғамдастық палестиналық отбасыларды Шейх Джаррадағы баспанасынан күшпен шығару әрекетін сынға алды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс мамыр айының басында «АҚШ Иерусалимдегі Шейх Джарра пен Сильван аудандарындағы палестиналық отбасылардың қудалануына қатты алаңдаушылық білдіреді. Олардың көбі өз үйлерінде бірнеше ғасыр бойы өмір сүрді. Бұған дейін айтып өткеніміздей, шиеленісті ушықтыратын немесе бейбітшіліктен алшақтататын қадамдардан аулақ болу өте маңызды», деді.
Еуропалық Комиссия араб отбасыларын баспанасынан зорлықпен көшіруді айыптап, оқиғаға алаңдаушылық білдірді. «Мұндай әрекеттер халықаралық адам құқығы заңнамасына сай келмейді. Әрі тек шиеленісті өршітеді», деп мәлімдеді Еуропалық Комиссияның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жетекші өкілі Питер Стано.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының кеңесі 7 мамырда Израиль тарапының әрекетін кемсітушілік деп бағалады. Сондай-ақ еврейлерді басып алынған жерлерге көшіру халықаралық адам құқығы заңнамасына сай келмейтінін мәлімдеп, соғыс қылмысы саналатынын атап өтті.
Осы ретте даудың бәрі Иерусалим қаласынан басталатынын айта кеткен абзал. Шаһар мұсылмандар үшін де, еврейлер үшін де қасиетті саналады. Қаладағы бір қарыс жерден айырылу – қай-қайсысы үшін болсын жеңіліске тең. Сондықтан Палестина да, Израиль де одан айырылмауды көздейді.
Қаланың батыс бөлігін еврейлер мекендесе, шығыс бөлігінде мұсылмандар қоныс тепкен. Бірақ ең қасиетті мекендердің бәрі Шығыс Иерусалимде орналасқан. Мәселен, Қасиетті қабір шіркеуі мен көне қала палестиналықтарға тиесілі аймақта. Сондай-ақ әл-Ақса мешіті де осында тұр.
Қорыта айтқанда, халықаралық қоғамдастық Израильдің «Батыс жағалау» мен Шығыс Иерусалимге қатысты саясатын айыптағанымен, оны елеп отырған еврейлер жоқ. Өткен аптада басталған қақтығыс ұзақ мерзімге созылған шиеленістің бір парасы ғана. Өкінішке қарай, бұл қасірет әлі қаншаға созылатыны белгісіз.