Вакцина алғаннан кейін бетпердесіз жүре беруге бола ма? Аллергиясы бар адамдарға екпе алуға рұқсат етіле ме? Көпшілікті толғандырған осы және өзге де сауалдарға отандық ғалымдар жауап берді.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиеваның айтуынша, вакцина – коронавирус індетінен қорғайтын бірден-бір жол. Бірақ екпе алған адамға ауру мүлдем жоламайды деген сөз емес. Сондықтан вакцина алғаннан кейін де сақтық шаралары қатаң сақталуы керек. Өйткені вакцинаның екі компонентін алған адам сақтық шараларына жүрдім-бардым қараса, өзі ауырмаған күннің өзінде өзгелерге инфекция жұқтыруы әбден мүмкін.
– Вакцина алған адам айналасындағылар үшін инфекция көзі болуы ықтимал. Яғни симптомсыз тасымалдаушы ретінде COVID-19-ды таратуы мүмкін. Екпе жұтқыншақта вирустың жоқтығына кепіл болмайды. Бірақ ауырмауға немесе аурудың жеңіл өтуіне септігін тигізеді, – деп түсіндірді ол.
Мұндай құбылыстың ғылыми негіздемесін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл түсіндіріп берді.
– Екі компонентпен егілген науқас біраз уақыт SARS-CoV-2 вирусының тасымалдаушысы болуы мүмкін деген ғылыми дәлелдер бар. Вирустың популяцияда белсенді айналымы жүріп жатқан кезде инфекцияның кейіннен таралуын болдырмау үшін вакциналаудан кейін медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты ұсыныстар осыған негізделген. SARS-CoV-2 вирусының айналымы неғұрлым төмен болса, біз соғұрлым қалыпты өмірімізге тез ораламыз. Вирус айналымын төмендетуге халықты белсенді иммундау және індетке қарсы іс-шараларды сақтау әсер етеді, – дейді сарапшы.
Тағы бір атап өтерлігі, аллергиялық аурулар өршіген кезде COVID-19-ға қарсы вакцина салдыруға болмайды.
– Аллергиялық аурулар өршіген кезде немесе анамнезде қандай да бір препаратқа, мысалы, тауық эмбрионына немесе бұған дейін егілген екпеге реакция болса, вакцина салдыруға болмайды. Басқа аллергиялық реакциялар, соның ішінде көктемде болатын поллиноздар вакциналауға қарсы көрсетілім болып саналмайды. Себебі вакциналардың құрамында антибиотиктер де, аллергия тудыруы ықтимал препараттар да жоқ, – дейді Л.Ералиева.
Мәселен, аллергиясы бар адам COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғысы келеді. Ол вакциналауға дейін екі күн бұрын және екпеден кейін екі күн бойы гистаминге қарсы препараттар қабылдай алады.
Сарапшылардың сөзінше, COVID-19-ға қарсы вакциналар мутацияға ұшыраған аурудың барлық түрінен қорғайды.
– Бүгінде әлемдегі маңдайалды ғалымдар індеттің 50-ден астам салдарын және бірнеше жылға созылатын ұзақ мерзімді әсерлерін анықтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары COVID-19-ға қарсы вакциналар мутацияға ұшыраған аурудың барлық түрінен қорғайтынын алға тартуда. Біздің міндетіміз – қалыпты өмірге оралу және бетпердесіз еркін жүру. Иммундаудың нәтижесінде ғана еркін өмір сүре аламыз, бізде популяциялық иммунитет қалыптасады, – дейді Л.Ералиева.
Бүгінде Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 1 790 356 адам егілді, 722 504 адам екінші компонентті салдырды. Өңірлерде 798 мың дозадан астам вакцина бар. Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны артып келеді. М.Смағұлдың мәлімдеуінше, өңірлерде иммундау жұмыстары мыңнан астам вакциналау орталығында жүзеге асырылуда.
– Көпшілікті алаңдатқан мәселе – Спутник V вакцинасының уақыт аралығы. Бұл аралық Ұлттық эпидемиологиялық және микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы директорының ресми мәліметі бойынша 45 күнді құрайды. Сонымен қатар 2-ші компонентті 1-ші компонентті салдырғаннан кейін 21 күннен 90 күнге дейін алуға болады. 1-ші және 2-ші компоненттер арасындағы аралықтың ұзаруы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейтінін ескеруіміз қажет. Адамдар бойында COVID-19-ға қарсы вакциналар ауру тудырады деген қорқыныш әлі бар. Бірақ ұсынылған вакциналардың ешқайсысында COVID-19-ды тудыратын тірі вирус жоқ. Демек, вакцинадан кейін адам COVID-19 ауруымен ауыра алмайды, – дейді М.Смағұл.
Оның айтуынша, кез келген вакцина секілді COVID-19-ға қарсы вакциналар да жанама әсерлер тудыруы мүмкін. Олардың көбі жеңіл түрде бірнеше күннің ішінде өздігінен кетеді. Бүгінде жүргізіліп отырған мониторингке сәйкес, Қазақстанда күтілетін реакциялар 0,3 пайызды құрайды. Оның ішінде 57 пайыз – жалпы реакциялар, 43 пайыз – жергілікті реакциялар.