Иә, бізде мемлекет банк секторына қолдау көрсетеді. Мемлекеттің «Ер басына күн туса, етігімен су кешер» нағыз қаһарманға айналғанын талай көрдік. Қайтеміз, біздің нарық солай құрылымдалып тұр. Сондықтан қалай болса да бұл саланың жетістігіне қуанамыз. Банк жағдайы жақсы, олардың қарыз портфелі төмен болса, онда азаматтардың да борышы азайған немесе төлеу қабілеті жақсарған деп топшылауға болады. Сала көрсеткіштері жақсарып бара жатса, күндердің күні пайыздық ставка да төмендер деген үміт те қылтияды.
«Банк ЦентрКредит» пікірі
«Банк ЦентрКредит» АҚ-тың мәлімдеуінше, еліміздегі 14 банкке жүргізілген активтер сапасын тәуелсіз бағалау (AQR) нәтижесінде отандық банк секторының жеткілікті капитал қоры бар екені анықталған.
«Қаржылық қадағалаушы AQR-ды 2020 жылдың ақпанында аяқтап, жүйелік деңгейде 800 млрд теңге көлемінде капитал қоры бар екенін растады. Сондай-ақ Еуропалық орталық банкі әдістемесі негізінде бақылау стресс-тестілеуі жасалды. Ол бойынша негативті макроэкономикалық сценарий бола қалған жағдайда банк капиталының қаншалықты жеткілікті боларын бағамдауға болады. Стресс-тестілеу нәтижесінде банк жүйесі капитал қорының сыртқы қауіптермен байланысты қосымша шығындардың өзін жойып (жұтып) жіберуге қауқары бар екені белгілі болды. Яғни елдегі банк жүйесін тұрақты деп бағалауға болады. 2021 жылдың екі айының қорытындысы бойынша банктер тұрақтылық деңгейін ұстап тұр: 1 наурызда екінші деңгейлі банктер активтеріндегі өтімділік үлесі 40 пайыздан асады, негізгі капиталдың жеткілікті деңгейі 25,8 пайызды құрап отыр» делінеді банк баспасөз қызметінің жауабында.
Банк өкілінің айтуынша, банк жүйесі беріктілігін қолдау мақсатында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі пруденциалды қадағалау шараларын енгізген. Консервациялық буферге қойылатын талапты бір тармаққа, 2-ден 1 пайызға, 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін төмендету туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне ұсынылатын несие мен кепілдіктерге тәуекелдерді азайту да қарастырылған.
«Бизнесті қолдаудың негізгі құралы ретінде жеңілдетілген несиелеуді айтуға болады. Ұлттық банк бағдарламасы аясында ШОБ субъектілерін 8 пайызбен несиелеу бойынша 600 млрд теңге бөлінді. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша ұзақ мерзімді несиелеу 600 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге ұлғайтылды. Салалық шектеулер алынып тасталып, займ сомасының 85 пайызына дейін кепілдік берілді», дейді «Банк ЦентрКредит».
Көңіл күйі көтеріңкі цифрлар...
Сектордың өз жағдайын сәт санап жақсартып келе жатқанын жақында жарияланған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебінен де көре аламыз. Дәл қазір елімізде қызмет атқарып жатқан 25 банктің (оның 15-і – шетелдік еншілес банктер) биыл I тоқсандағы таза жиынтық табысы 283 млрд теңгеден асыпты. Жиынтық таза табыс тұрғысынан «Халық банк», Kaspi Bank, ForteBank, «Сбербанк» және «Отбасы банк» көш бастайды. Бес қаржы институтының қарыз портфелінің үлесі 64,5 пайыздан 66,7 пайызға өсіп, депозит портфелі де 67,1 пайыз деңгейіне көтерілген. Жалпы, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі банк секторының актив көлемі 32 426,2 млрд теңгеге жетті. Мұны агенттік былтырмен салыстырғанда 4 пайызға өскен деп бағалайды. Ал жиынтық активтегі қарыз портфелінің үлесі биыл қаңтар-наурыз аралығында 50,7-ден 48,7 пайызға азайды. Жыл басынан бері «АТФ Банк», ForteBank, Bank RBK және «Халық банкте» берілген несие көлемі айтарлықтай төмендеген. Заңды тұлғалардың өз займдарын белсенді түрде өтей бастауы осы нәтижеге себеп болғандай. Жыл басынан бері заңды тұлғалар несиесі 0,5 пайызға қысқарып, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие ұсыну көлемі 3,5 пайызға азайып кеткен.
Банктер кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру деңгейін төмендеткенімен, жеке тұлғаларды несиелендіруді арттырған. Жыл басталғалы тұтынушылық бағыттағы несиелер 4 391-ден 4 556 млрд теңгеге дейін ұлғайыпты. Сондай-ақ отандық банктер арқылы берілген несиедегі теңгенің үлесі 87,8 пайызды құрайды. Бұл ретте шетел валютасы арқылы рәсімделген несие үлесі небәрі 12,2 пайыз деңгейінде.
ШОБ нысандары үшін қай банк қолайлы?
Жоғарыдағы статистикадан банктердің шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруға аса ынталы емес екенін аңғардық. Қазір елімізде шамамен 335 мыңға жуық ШОБ субъектісі бар. Бәрі бірдей нарықты қыздырып тұр деуге келмейді. Оның 167 мыңы ғана белсенді жұмыс атқарады. Әрине, сол 167 мың кәсіпкерлік нысанына қаржылық қолдау ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Дәл қазір еліміздегі ірі 10 банктің 8-і ШОБ-ты қаржыландыру бағдарламасын ұсынып отыр. Соның ішінде ең төменгі жылдық тиімді ставка «Халық банкке» тиесілі – 14,2 пайыздан басталады. Одан кейінгі орында 15,5 пайызбен ForteBank және 15,7 пайызбен Jusan Bank тұр.
«Халық банк» беретін максималды займ сомасы – 5 млрд теңгеге дейін деп қарастырылған. Сондай-ақ бұл банкте 3 млрд теңгеге дейін берілетін өнімдер де бар. Одан кейінгі орындарды ForteBank (2 млрд теңгеге дейін) пен Kaspi Bank (1 млрд теңгеге дейін) бөліседі. Сегменттегі ең ұзақ мерзім «Сбербанкте» бар екен – бұл банктің шарты бойынша займды 120 айға бөлуге болады. Сонымен қатар 84 айлық мерзім бұл банкте де және «Халық банк», Jusan, Bank RBK, Еуразиялық банктерде де бар.
Таза табыс пен NPL деңгейі
Банктер көптеген саланы несиелейді. Соның ішінде қаржылық институттар негізінен өнеркәсіп (13,5), құрылыс (4,2), сауда (11,8) және транспорт (3,2) секторларын қаржыландыруды қолай көреді екен. Саланың биылғы бірінші тоқсандағы таза табысы 283,3 млрд теңгеге жетті дегенді айттық. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,6 млрд теңгеге көп. Банктер бір жылда 14 пайыздық өсімді қамтамасыз етіп отыр деген сөз. Ең көп табыс «Халық банк» (83,7 млрд теңге), Kaspi Bank (63,5 млрд теңге) және «Сбербанкке» (30,6 млрд теңге) тиесілі. Бірақ «Халық банк» былтыр дәл осы кезеңде бұдан да көп табыс тапқан еді. Олар биыл таза табысын 517,6 млн теңгеге азайтып алды. Соның өзінде көш тізгінін өзге институттарға ұстата қоймапты. Ал пандемия кезінде белсенді жұмыс істеген Kaspi Bank пен «Сбербанкке» жылдық табыстарын 6,1 және 12,5 млн теңгеге көбейтуге мүмкіндік туған.
1 сәуірдегі жағдай бойынша 90 күннен асқан мерзімде төленбеген несиенің (NPL 90+) үлесі 6,9 пайыздан 7,1 пайызға ұлғайды. Сөйтіп 1120,8 млрд теңгеге жеткен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, заңды тұлғалардың қарыз портфеліндегі NPL 90+ 5-тен 9 пайызға өсіп кеткен. Қарыздың ұлғаюына осы қатты әсер еткен сияқты. Алайда жеке тұлғалардағы NPL 90+ керісінше, 5,4-тен 5,3 пайызға төмендеген. Жекелеген банктер есебінен де кешіктірілген несие көлемінің төмендегенін аңғарамыз. Дегенмен бұған дейін айтқанымыздай, былтыр пандемия толқыны кезінде көптеген азамат несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігін пайдаланды. Олардың мерзімі әлі аяқталған жоқ. Сондықтан жыл соңында қарыз портфелінің шынайы сапасы мүлде басқа деңгейді көрсетуі ықтимал. Сондықтан 2021 жылдың соңына қарай 90 күннен асқан мерзімде төленбеген несие үлесі артып кетіп жатса таңғалуға болмас.