Мемлекет мән беріп отырған маңызды міндеттің бірі – шағын және орта бизнесті қолдау. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезеңде кәсіпкерлерге мемлекеттің қомқорлығы қажет-ақ.
Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2021 жылдың бірінші тоқсанында кәсіпкерлердің жалпы сомасы 7,4 трлн теңге болатын 126,9 мың жобасына қолдау көрсеткен. Оның ішінде несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша 4,3 трлн теңге көлеміндегі 38,5 мың жоба қордың игілігін көрді. Несиелерді кепілдендіру бойынша 667 млрд теңге көлеміндегі 22,8 мың жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, лизингтік компаниялар арқылы жеңілдетілген несие беру бағдарламалары аясында 2,4 трлн теңгеге 72 мың жоба қолдау тапты.
Осы орайда шағын және орта бизнес үшін мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар шара қолға алынғанын атап өткен жөн. Мысалы, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде түпкілікті қарыз алушыға арналған несиелердің мөлшерлемесі 6 пайызға дейін біріздендірілді. Сондай-ақ бизнесті қолдауға, дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасындағы салалық шектеулер алынып тасталды. Өтінімдерді қарастыру уақыты 21 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды.
Экономиканың зардап шеккен секторларын қолдауға басымдық берілді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында портфельдік субсидиялау мен кепілдендіру енгізілді. Бұдан бөлек, «Даму» қорының бизнес процестері 94 пайызға дейін автоматтандырылды. Атап айтқанда, субсидиялау бойынша онлайн өтінімдердің үлесі 2019 жылы 22 пайыз болса, қазір 97 пайызға жетті. Сол секілді кепілдік беру үлесі де 22 пайыздан 86 пайызға дейін ұлғайды.
Кәсіпкерлерге ұсынылған көмектің бірі – несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Былтыр субсидиялаудың аталған құралы бойынша жалпы сомасы 1,2 трлн теңге болатын 14,7 мың жобаға қолдау көрсетілді. Бұл ретте, жоба саны 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 9 есе, ал жұмсалған қаржы 5 есе артқан. Өткен жылы жобалар саны бойынша сауда (42 пайыз), қызмет көрсету (23 пайыз), өңдеу (12 пайыз), көлік және қоймалау (9 пайыз) салалары көш бастады. Сауда және қызмет көрсету жобаларының көбеюі дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасындағы салалық шектеулерді алып тастаумен байланысты. 2021 жылдың бірінші тоқсанында 277,5 млрд теңге көлеміндегі 6,2 мың жоба субсидияланған.
Былтыр 7,3 мың жоба несиелерге ішінара кепілдік беру құралының игілігін көрді. Бұл 2015 жылдың деңгейінен 8 есе жоғары. Өткен жылы кепілдік берілген жалпы сома көлемі – 275 млрд теңге. Көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. 2021 жылдың бірінші тоқсанында 89,1 млрд теңге көлеміндегі 6,9 мың жобаға кепілдік беру құралы арқылы қолдау көрсетілді. Тарқата айтсақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 82,9 млрд теңге көлеміндегі 6,9 мың жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 4,4 млрд теңге көлеміндегі 18 жоба, «Даму – Оптима» бағдарламасы шеңберінде 1,8 млрд теңге көлеміндегі 15 жоба қамтылған.
«Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 2021 жылдың бірінші тоқсаны бойынша өңірлер арасындағы кәсіпкерлерді қолдау шараларының нәтижесі де белгілі. Осы жылдың қаңтар-наурызында аталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша 232 млрд теңге көлеміндегі 5 884 жобаға қолдау көрсетілді. Қолдау тапқан жобалардың саны бойынша Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы көш бастап тұр. Ал берілген несиелер сомасы бойынша Алматы облысы, Алматы қаласы және Қарағанды облысы алдыңғы шепте.
Кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 87 млрд теңге көлеміндегі 6 892 жоба қамтылған. Қолдау көрсетілген жобалар саны бойынша Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Жамбыл облысы көш бастаса, берілген несиелер сомасы бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және Павлодар облысы алда тұр.
Өткен жылдың төртінші тоқсанында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының бірінші бағыты – «Микро-шағын кәсіпкерлік несиелері бойынша портфельдік субсидиялау және кепілдік беру» бағыты іске қосылғанын білеміз. Ондағы мақсат – микро және шағын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайту. Бүгінде осы бағыт бойынша 103,3 млрд теңге көлеміндегі 18,9 мың жобаға қолдау көрсетілген.
Жалпы, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысушылар 2010-2019 жылдары 27 трлн теңгенің өнімін өндірген. Сондай-ақ олар 2 трлн теңге салық төлеп, 600 мың жұмыс орнын сақтап қалды. Оның ішінде 170 мың жұмыс орны жаңадан құрылды. Әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің жылдық көрсеткіштерінің орташа өсуі шамамен 30 пайызды құрады.
Жоғарыда аталған және қолданыстағы шаралар өткен жылмен салыстырғанда биыл қолдау көрсетілген жобалар санын 15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді деген болжам бар. 2021 жылы қолдау тапқан кәсіпорындар 10 мың жаңа жұмыс орнын құрып, 5,5 трлн теңгенің өнімі мен қызметін ұсынады деп күтілуде.