Атакүлдікке жету, өз Отанының нығаюына еңбек етіп, ұрпағын ағайын арасын қосу – елжанды қазақтың арманы. Түрікменстандағы қандастардың да туған елге табан тіреуді армандағанына біраз жыл болған. Олар Отанына оралуға рұқсат беретін құжатты да сарылып бір жыл күткен-ді.
Бұған дейін бір лекті – 153 жанды Қазақстанға аттандырып салып, өздеріне келер жақсы күнді күтіп кейін қалған 256 ағайын Маңғыстау топырағына табан тіреді. «Түрікмендемираллары» мемлекеттік агенттігі арқылы мамыр айының 12-і күні Түрікменбашы стансасынан пойызға отырған ағайындар 13 мамырда шекарадан бері өтіп Қазақстанның «Болашақ» стансасына, одан кейін «Жаңаөзен» қаласына келіп тоқтады. Бұл қуаныш Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрліктері және ҰҚК Шекара қызметі, өзге де құзырлы орындар мен ұйымдардың ұйымдастыруы, қолдауы арқылы жүзеге асқан болатын.
Әлемде орын алып жатқан індет жағдайына байланысты күтіп алу шарасы барлық санитарлық талаптарға сәйкес өткізілді және медициналық, полицейлік, коммуналдық, транспорттық қызметтермен қамтамасыз етілді. Келген қандастардың екеуінің температурасы 38.2 болғандықтан, жедел жәрдем қызметкерлерімен провизорлық орталыққа жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруімен бұл екі адамда COVID және пневмания белгілері болмағандықтан үйлеріне қайтарылды. Жаңаөзен темір жол вокзалынан ән-күймен, шашумен салтанатты жағдайда қарсы алған ұйымдастырушылар да, ортаға оралған бауырлар да мәз.
Қандастардың қалауы бойынша 66 адамнан тұратын 18 отбасы Жаңаөзен қаласына, 105 адамы бар 30 отбасы Ақтау қаласына, 53 мүшесі бар 14 отбасы Мұнайлы ауданына қоныс тепсе, 8 адамы бар үш отбасы Алматы облысына, 14 адамы бар 5 отбасы Жамбыл облысына қарай көш бетін бұрмақ.
«Елге ел қосылса – құт» дегендей, қандастардың атажұртқа оралуы – олар үшін ғана емес, біз үшін де үлкен қуаныш.
Маңғыстау облысы