Атыраудағы жасөспірімдер үйінің құрылысына Каспий құбыр консорциумы 241 млн теңге жұмсады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Консорциумның бас директоры Николай Горбанның айтуынша, былтыр Атырау облысындағы қайырымдылық жобаларын іске асыруға 3 млн доллар бағытталыпты. Ал, соңғы бес жылда өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 млн АҚШ доллары бөлінген екен.
Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевтың мәлім етуінше, жаңа ғимарат өткен ғасырдың 60-жылдарындағы нысанның орнынан бой көтерді. Нысан 25 тәрбиеленушіге арналыпты. Жобаға сәйкес бірінші қабатта асүй, кір жуатын, демалыс бөлмелері, конференц-зал бар. Спорт залы көпфункциялы бірнеше спорттық құрал-жабдықпен қамтылған. Екінші қабаттағы жатын бөлмелер түрлі жиһазбен жабдықталған.
Жасөспірімдер үйі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері мен балалар үйлерінің, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектерін әлеуметтік бейімдеу үшін ашылып отыр. Мұнда 16-23 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар тұрады. Олар кейін жергілікті әкімдік беретін пәтерлерге көшеді.