Көкшетауда 12 жастағы бала әкесінің көлігін рұқсатсыз жүргізіп, жол апатына түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
17 мамыр күні сағат 22:00-де Көкшетау қаласының 50 жастағы тұрғыны 8 наурыз көшесіндегі үйдің ауласында Mitsubishi Pajero маркалы автокөлігіне жөндеу жүргізіп, оны оталдырып, уақытша көлік жанынан кетіп қалған. Осы сәтте 12 жасар ұлы әкесінің автокөлігінің салонына отырып, көлікті жүргізген. Салдарынан 8 март көшесіндегі ауладағы металл қоршауды қағып кеткен.
Содан кейін көлік иесі оқиға орнынан көлікті айдап кетіп, бұл туралы ІІО-ға хабарламаған. Алайда тұрғындар болған жағдайдың бәрін телефон камерасына түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан.
Полиция өкілдері бір сағат ішінде жүргізушіні анықтап, жауапқа тартты. Автокөлік иесіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 611-бабының 1-бөлігі (жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.