• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2021

Жаңарған өлкедегі жасампаз тіршілік

430 рет
көрсетілді

Өңірдің Сандықтау, Атбасар, Жақсы және Жарқайың аудандарына барған адам қайнаған шаруаның ортасына күмп ете түсер еді. Қай тарапқа қарасаң да алға ұмтылған ауыл тұрғындарының береке байланған бекем ісін көресіз. Көресіз де үлкен үмітпен қолға алынып жатқан бар шаруаға әбден разы боласыз.

Өткен жылдың соңында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Балкашин ауылында бірі 36, енді бірі 45 пәтерлік екі көп қабатты үйдің іргетасы қаланған болатын. Шағын аудан үшін бұл көп-көрім жаңалық. Көптен бері тұрғын үйге қолы жетпей жүрген адамдардың көкірегінде үміт отын алаулататын іс қолға алынғалы сандықтаулық әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мен пәтер кезегінде тұрғандар елеңдеулі. Айтпақшы, сөз арасында ауданда бүгінде пәтер кезегінде 250 адамның тұрғанын сыналап айта кетелік. Пәлендей көп те емес, құрылыс қарқыны дәл осы жылдам­ды­ғынан танбаса, бірер жылдың ішінде түгел дерлік жаңа пәтерге ие болатыны анық. Аудандық құрылыс, архитектура және қала құрылысы бөлімінің басшысы Николай Деобальданың айтуына қарағанда, құрылыс алаңында жұмыс күні бұрын түзілген кестеге сәйкес іркіліссіз жүргізілуде. Инженерлік жүйе мен абаттандыру – жеке жоба. Осылайша өткен жылы салынып, пайдалануға берілген үйлерді қоса есептегенде, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бес бірдей көп қабатты үй бой көтеріп отыр. Оған қоса тағы да 36 пәтерлік жалға берілетін екі көп қабатты үйлердің құрылысы әне-міне басталмақшы. Бөлім басшысының айтуына қарағанда, жоба жүзеге асқан кезде, ке­зекте тұрғандар түгел тұрғын үйге қол жет­кізіп, бұл мәселе біржола шешімін табады.

Ауыл ішіндегі ажарлы шаруаның қалпы осылай түзілсе, жыл сайын ақық дәнді аялап өсіретін егістік алқап­та­рында еңбек жыры үдей түскен. Ди­қандар қазір егістік алқаптарды өң­деу­ді біржола аяқтаған. Бұл өңірдегі то­лым­­ды табысымен аты шыққан іргелі шаруашылықтың бірі – «Каменка и Д» серіктестігі. Серіктестік 14 мың гектар жерге бидай, арпа, майлы дақылдар екпек. Техникасы сақадай сай әзір. Сапалы тұқымдарын дәрілеу үстінде. Тыңайтқыштары егіс алқаптарына сіңі­рі­л­іп жатыр. Шаруашылықта екі егістік бригадасы бар. Серіктестік 9 жоғары өнімді кешенмен жабдықталған. Жыл сайын машина-трактор паркін жаңалап отыратын серіктестіктің қуаты күшті. Жоғары өнімді 31 комбайн, 56 тракторы бар. Барлығы соңғы жылдары алынған техника. Осындай күштің арқа­сында көктемгі дала жұмыстарын уақы­тылы аяқтайды. Серіктестік директоры А.Джейрановтың айтуына қарағанда, биыл жұмысшылардың еңбекақысын 50 пайызға өсірмек. Ал, жыл басынан бері 25 пайыз өсіріп, төлеп жатыр екен. Бұл қадам ең алдымен ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсар­ту­ға септігін тигізері сөзсіз. Мықты ме­ха­ни­заторлар қауырт науқандық жұмыс ке­зінде еткен еңбектеріне сай толымды жа­лақы алады.

Атбасар қаласында тұрғын үй салу соңғы жылдары қауырт қарқын алуда. Жаңа шағын аудан пайда болды. Ол жерде 14 бес қабатты тұрғын үй салынды. Жаңа 45 пәтерлік екі тұрғын үй бой көтеруде. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Серікбай Қаранағаевтың айтуына қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін 24 көп қабатты тұрғын үй салынбақ. Оның алтауы несиелік пәтерлер, 18-і жал­ға берілетін тұрғын үйлер. Өткен жылы екі бірдей 45 пәтерлік көп қабатты үйлер пайдалануға берілді. Бұл үйлерден әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы 90 отбасы жайлы пәтерлер алды. №15 үйдің іргетасы өткен жылы қаланған болатын. Биыл қазан айында пайдалануға берілмек, қазіргі күні құры­лыс алаңында жұмыс қауырт жүргізіліп жа­тыр.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік айта қаларлықтай деңгейде даму үстінде. 2021 жылы жаңа бизнес идеяларды қолдау үшін қайтарымсыз 17 млн теңге қаражат бөлініпті. Бүгінде атбасарлықтар осы қаржының 10 миллионын игеріп отыр. Бұл – 10 грант. Грантқа ие болғандардың ара­сында денсаулық студиясын ашып, ха­лыққа қызмет етіп отырған кәсіпкер Мадина Ивлоева да бар.

– Мен осындай бір істі бастауды көптен бері армандаушы едім, – дейді кәсіпкер, – енді міне, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, ойымда жүрген істі жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Атбасарлық қыз-келіншектер де әдемі, сүйкімді болып жүргенді жақсы көреді. Олар аз уақыттың ішінде менің қызметім туралы құлақтанып, көп-көрім танылып қалдым.

Мемлекеттік қолдауға ие болып отыр­ған­дардың бірі – Сәуле Жаңабергенова гүл сатуды қолға алған. Арнайы кәсіптік білімді игеріп, бизнес жоспарын түзіп, 550 мың теңге төңірегіндегі грантқа ие болған. Қазір гүл тұқымдарын сатып алып, өсіріп жатыр. Ақадал еңбегімен гүл жай­наған өлкеде адамдардың бір-біріне гүл сыйлауы да әдемі емес пе?!

Державинск қаласында бүгінде пәтер кезегінде тұрған көп балалы отба­сы­лар жоқ. Олардың барлығы қо­лай­лы пәтерлермен тегіс қамтамасыз етілген. Былтыр пәтерге қол жеткізген Абдрахмановтардың отбасына кіріп шықтық. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Молодежный» шағын ауданында 60 пәтерлік көп қабатты тұр­ғын үй қайта жаңғыртылған екен. Осы үйден үш көп балалы отбасы, 17 жетім бала, 40 әлеуметтік жағынан аз қам­та­ма­сыз етілген адамдар пәтер алыпты. Абрахмановтарға тигені үш бөлмелі, кең пәтер. Тіршілікке өте қолайлы. Көп ба­лалы отбасы қамқорлығына алып, жағ­дай­ларын жасаған мемлекетке алғыс айтады.

Былтыр мемлекеттік бағдарлама бойынша осындағы Ақпан Үкібаев атындағы орта мектепке 194 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білім ошағының іші кірсе шыққысыз болып жайнап тұр. Оқушылардың білім алуына барлық қолайлы жағдай туғызылған. Бұл аудандағы алғашқы қазақ мектебі. Жергілікті ұлт тілінде тәлім-тәрбие бере­тін білім ошағының талапқа сай болғаны қан­дай тамаша?!

Жарқайың ауданындағы Тасөткел ауылы бүгінде бақыт құшағында деп айтсақ, артықтығы болмас еді. Қазір шоқ жұлдыздай шағын ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай көп көңілін өзіне аударып отыр. Мұндай жағдайды осын­дағы «Темірлан» серіктестігі жаса­ған. Серіктестік басшысы Ерлан Алин туған жердің топырағын түлетуге аянбай атсалысып жүрген атымтай жомарттың бірі. Ауылдан қоныс тепкен мұғалім, мәдениет қызметкері, малшылар мен диқандар жаңа пәтерлерге ие болуда. Бұрынғы жатақхананы құрылысшылар қалағынан жаңа шыққандай етіп жөндеген. Ол жерде жас отбасылар мен науқандық жұмыс кезінде шаруашылыққа көмекке келе­тін механизаторлар тұрады. Шалғай­дағы шағын ауылдың екі көше­сі орта­лық­тандырылған жылумен қамта­ма­сыз етілген. Барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. 1974 жылы салынған мектеп үйін жаңаға бергісіз етіп, күрделі жөндеуден өткізіп беріпті. 2019 жылы се­ріктестік директоры 100 млн теңге қа­ра­жат бөліп, ескі клубты жөндеген. Қазір тасөткелдіктер бос уақыттарын осы жер­де өткізеді.

Кітапхананың іші оқырмандарға толы. Таяуда серіктестік 10 млн теңгеге бала­лар алаңын салып бермекші. Алдағы жоспар бойынша «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келетін жас мамандарға арнап бес тұрғын үй салмақ.

Жан сүйсінтер жақсы іс Жақсы ауда­нында да аз емес. «Агрофирма ТNК» ком­паниясының құрамына енетін «Уро­жай­ный» серіктестігі бұл өңірдегі ең ірі шаруашылықтың бірі. Төрт бірдей элеватор, екі диірмені, мал азығын дайындайтын зауыты бар компания 2019 жылы астық жармаларын дайындайтын, қуаты тәулігіне 60 тоннаға жететін зауыт са­лып алған. Бұл жердегі ең бастысы, зауыт өнімдерінің табиғи тазалығы. Бүгінде «Жақсы» бренді алыс-жақын шет елдерге де танымал.

Серіктестікте еңбекақы уақытылы тө­ле­неді. Жұмысшылардың жұмыс істе­уі­не барынша қолайлы жағдай жасал­ған. Кәсіпорынның мамандары үшін тұрғын үй салынып жатыр. Бір жетіспейтіні – кадр тапшылығы. Әсіресе технологтар, лаборанттар сұранысқа ие. «Агрофирма ТNК» өзінің сүт өнімдерімен де танымал. Неміс құрылғыларымен әлденеше түрлі ет өнімдерін де дайындайды. Осы арада компанияның қыруар жұмысын айғақтайтын статистиканы да келтіре кетуге болар еді. Мәселен, 2020 жылы олар 2 802 тонна сүт, 12 тонна қапталған сүт, 25 тонна ірімшік, 46 тонна консервіленген өнімдер дайындапты.

Жақсы ауылының тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесі аудан бас­шы­ларының үнемі назарында. 2020 жылы жерасты суларын пайдалануға бет бұрған. Зерт­ханадан өткізген кезде жерасты сула­рының пайдалануға әбден жарамды екен­дігі белгілі болған. Таза сумен қамту жоба­сы­ның құны – 200 млн теңгеден астам.

Биыл Жақсыда құрылыс қарқыны айрықша сипатқа ие болатын түрі бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 18 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткен. Мамыр айының соңына дейін 27 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы қолға алынбақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйі мен бірнеше ауыл мектебі күрделі жөндеуден өткізілмек.

Төрт ауданды көктей өтіп, тыныс-тіршілігімен танысқан шағымызда қай­на­­ған тіршіліктің куәсі болдық. Бұл тәуел­­сіздік жылдары жаңарған, жасанған өлке­дегі жан сүйсінтер игі іс!

 

Ақмола облысы