2020-2021 жылдардың қысқы маусымында «KEGOC» АҚ алғаш рет аномальды табиғи құбылыстармен бетпе-бет келді. Өткен күзгі-қысқы маусым қазақстандық энергетиктер үшін оңайға соқпады. Желілердің қызмет көрсетуін күрделендіре түсетін жылыту маусымының сынақтарына (мәселен, аяз, қар, боран) коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты туындаған шектеулер қосылды. Алайда, республиканың Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы «KEGOC» АҚ 2020-2021 жылдарғы күзгі-қысқы кезеңді ойдағыдай аяқтағанын хабарлайды. «KEGOC» АҚ-ның Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Бақытхан Жазықбаев сұхбатын осы тақырыптың төңірегінен бастады.
– Әлбетте, жыл сайын қиындығы мен күрделілігі мол күзгі-қысқы кезең басталғаннан-ақ энергетиктер қауымы осы машақаты көп айлардың сәтті өтуіне алаңдайды. Жыл сайын жылыту маусымының сәтті аяқталғаны жөнінде хабар беріп отырғанымызға қуаныштымыз, – дейді Бақытхан Медеғалиұлы. – Әрине, қысқы кезеңге дайындық ерте көктемде басталады. Мәселен, былтырғы дайындық жұмыстарын 2020 жылдың сәуір айында бастап, «КЕGОС» АҚ энергия нысандарын алдағы қысқы кезеңге дайындауға кіріскен болатынбыз. Өткен жылы жалпы 603 электр желісі нысаны жөндеуден өтті. Соның ішінде – 95 электр беру желісі, 56 қосалқы станса жабдықтары, 100 ғимарат пен құрылыстар, 352 автокөлік және арнайы механизмдер бар. Нәтижесінде, біз жоспарланған іс-шараларды 100 пайыз орындап шықтық. Сонымен қатар шығын материалдарының, қосалқы бөлшектердің, конструкциялардың авариялық қорын қалыптастыру сияқты маңызды сәттер ескерілді, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарының түрлері және қажетті көлемі сатып алынды.
Нәтижесінде жұмыстардың негізгі көлемі жоспарланған мерзімде аяқталды. 22 қазанда Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті компаниямызға – «KEGOC» АҚ-на 2020-2021 жылдарғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігі жөнінде паспортын тапсырды.
– Бақытхан Медеғалиұлы, республикада бір жыл бұрын енгізілген карантиндік шектеулер энергохолдингтің жұмысына қалай әсер етті?
– 2020-2021 жылдары күзгі-қысқы кезеңде компания ұжымы қысқы мезгілдің қатаң әрі жағымсыз факторларымен бетпе-бет келгені белгілі. Сондай-ақ елімізде коронавирус инфекциясының кең таралуына жол бермеу үшін карантиндік шаралар жағдайында электр энергиясымен үздіксіз қамту жұмыстарын ұйымдастыруға тура келді.
Сондықтан жоспарлы жөндеу-алдын алу жұмыстары елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып жасалған кесте бойынша жүргізілгенін еске салғым келеді, барлық жұмыстар кәсіби деңгейде және жоспарға сәйкес жүргізілді.
– Жаңа жылдың алғашқы күндері Қазақстанның батыс өңірлерінде электр энергиясының апаттық өшуі орын алған болатын. Осы жайында кеңірек айтып бере аласыз ба?
– Өкінішке қарай, 2021 жылғы 10 және 15 қаңтарда «KEGOC» АҚ-ның Атырау және Маңғыстау облыстарында орналасқан филиалында – «Батыс ЖЭТ» 110-220 кВ жоғары вольтты жабдықтың жаппай ажыратылуы орын алды. Нәтижесінде, Қазақстанның батысындағы бірқатар тұтынушылар мен бірнеше аудан тұрғындары біраз уақытқа электр қуатынсыз қалды, бұл халықтың әділ наразылығын тудырған болатын.
Оқиғаның себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, технологиялық бұзылыстар оқшаулаудың құрамында сульфат пен хлорид қоспалары бар электр өткізгіш шөгінділердің салдарынан бұзылуына байланысты туындаған.
Апат себептерін тәуелсіз зерттеу жұмыстарын Г.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің мамандары да жүргізді. Сонымен, апаттың себептері табиғи құбылыстардың салдары екендігін мамандандырылған университеттің сарапшылары да растады. Яғни табиғат құбылысының әсерінен арнайы жабдықтың электр оқшаулағышы бұзылды. Қалың тұман мен мол жаңбыр салдарынан атмосфералық ылғал оқшаулағыштардың бетінде жиналып, соның салдарынан тоқ өткізетін қабат пайда болды. Бұл өкінішке қарай, компанияның энергия объектілерінде көптеген және жаппай «тәж разрядтар» тудырып, авариялық ажыратуларға әкелді.
«KEGOC» АҚ ұжымы осындай құбылысқа алғаш рет тап болды және бұрын мұндай аварияларды жою тәжірибесі болған емес. Бірақ энергетиктер сыни-қатерлі сәтті абыроймен атқарып, тұтынушыларымызды электр энергиясымен қамтуды қалпына келтірді. Тіпті Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев екі апаттың салдарын жою бойынша қатардағы энергетиктерге жұмыс істеуге тура келген күрделі жағдайларды атап өтіп, олардың қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.
Өткен күзгі-қысқы кезеңде «адами фактор» деп аталатын авариялар байқалмағанын ерекше атап өткім келеді. Керісінше, барлық құрылымдық бөлімшелер мен барлық деңгейдегі қызметкерлердің үйлесімді жұмысы авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік берді. Бұл үшін әріптестеріме алғыс білдіргім келеді.
– Болашақта осындай оқиғалардың қайталануына жол бермес үшін қазіргі уақытта қандай шаралар атқарылуда?
– Кез келген штаттан тыс жағдай әрдайым мұқият тергеу тақырыбына айналады. Мақсат – болашақта негізгі ұйымдастырушылық және техникалық шараларды әзірлеу. Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ тұтынушыларды энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу аясында Атырау және Маңғыстау облыстарында ғана емес, сондай-ақ барлық өңірде өнеркәсіптік тұтынушылар мен халықты электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру бойынша қосымша іс-шаралар жүргізуде.
Компания «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту. Электр желілік объектілерді салу» жобасын іске асыруда. Аталған жобаны жүзеге асыру республиканың БЭЖ Батыс аймағының – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың өткізу қабілеті мен сенімділігін кемінде екі есе арттырады. Былайша айтқанда, жалпы ұзындығы 775 шақырымдық 220 кВ «Орал – Индер – Қарабатан – Теңіз» екінші транзитінің құрылысын жоспарладық, сондай-ақ 220 кВ «Орал» қосалқы стансасы қайта жөндеуден өткізіледі, 220 кВ «Құлсары», «Теңіз», «Индер», «Бейнеу» қосалқы стансалары кеңейтіледі, «Қарабатан» тарату пункті салынады. Ауқымды жоба шеңберінде жергілікті электр стансаларында генерациялайтын қуаттардың елеулі көлемін авариялық ажырату кезінде резервтеу есебінен желінің өткізу қабілетін арттыратын бірқатар басқа да іс-шараларды іске асыру болжанып отыр.
– Естуімізше, бұл компанияда ұлттық энергия жүйесінің сенімділігін арттыруда жүзеге асырылып жатқан жалғыз жоба емес?
– Шынында да, қазіргі уақытта KEGOC мамандары компанияның барлық филиалында әуе желілерін (ӘЖ) мерзімінде қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, «Ақтөбе ЖЭТ» және «Батыс ЖЭТ» филиалдарының 24 объектісінің 18-іне құрылыс-монтаждау жұмыстары жасалуда. Жоба жүзеге асырыла бастағалы бері 2029 шақырым ӘЖ-нің 950 шақырымы, оның ішінде биыл – 100,7 шақырымы қайта жөндеуден өтті.
Кестеге сәйкес, «Ағадыр», «Алматы», «Атырау», «Бейнеу», «Боран», «Жезқазған», «Қаратау», «Құлсары», «Теңіз», «Орал», «Кентау» және ОҚМАЭС қосалқы стансаларында жоғары вольтты жабдықтарды ауыстыра отырып, тарату құрылғыларын реконструкциялау бойынша жұмыстар іске асырылуда.
Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстан Ұлттық электр торабы қызметінің сенімділігін арттыруға және еліміздің барлық өңірлеріндегі тұтынушыларын электр энергиясымен қамтуға іркілістер мен кедергілер әкелуі мүмкін технологиялық аварияларға жол бермеуге бағытталған жұмыстардың үлкен көлемі жүргізілуде.
Сөз соңында, қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ 2021-2022 жылдарғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық бойынша жөндеу-алдын алу жұмыстарына кіріскенін және компания ұжымы барлық қазақстандықтарды өмірлік қажетті электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтқым келеді.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»