Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шара барысында СІМ басшылары ҰҚШҰ-ның қазіргі қызметі және оны дамыту перспективалары туралы кең ауқымды мәселелерді талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
М.Тілеуберді отырысқа қатысушыларды ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы хабардар етіп, ұйымды одан әрі жан-жақты дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҰҚШҰ-ның 2020 жылы желтоқсанда өткен саммитінде ұсынған бітімгершілік мәселелері бойынша ҰҚШҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі институтын құру туралы бастамасын іске асыруға ерекше назар аударылды.
Министр әріптестеріне және ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Заське Қазақстан Президентінің бастамасын іске асыру бойынша тыңғылықты диалог пен практикалық идеялар үшін ризашылығын білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша министрлер құжаттардың жобаларын мақұлдады, олардың бірқатары 2021 жылдың төртінші тоқсанына Душанбеде жоспарланған ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына шығарылатын болады. Олардың ішінде – ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі келісім мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылуының 30 жылдығына және ҰҚШҰ 20 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары бар.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Нюрнбергтегі халықаралық әскери трибунал үкімінің 75 жылдығына орай, биологиялық және уытты қаруларға тыйым салу туралы Конвенцияны нығайту туралы, ҰҚШҰ-ның мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы туралы, Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қаруларын одан әрі қысқарту және шектеу жөніндегі шарттың қолданылу мерзімін ұзартуға қатысты төрт саяси мәлімдеме қабылдады.