• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Мамыр, 2021

«Бруцеллез» мал өрісте жүр

994 рет
көрсетілді

Қостанай облысының ветеринарлары Ұзынкөл ауданына қарасты Сатай ауылында 24 бас ірі қарадан бруцеллез анықтады. Жұқпалы дерт зертханалық талдау арқылы анықталғанымен, мал иелері мамандар шығарған шешімге сенбей отыр. Өйткені ауру анықтала салысымен, ауылда арзан мал іздеген бейтаныс кәсіпкерлер пайда болып, тұрғындардың күмәнін қоюлата түскен.

Олар осы ауылда бруцеллезбен ауыратын мал бар екені туралы ветеринар мамандардың қыз­меттік мәліметтерін ала келіпті. Тұрғындар бұл құжаттардың ком­мерсанттар қолына қалай түс­кенін білмей дал. Осылайша, Сатайда жергілікті халық пен мал дә­рігерлерінің арасында дау туын­дады. Мамандар Сатайда бруцеллез ресми түрде анықталды, оның ал­дын алып, тез арада ауру мал­дың көзін құртпаса, жұқпалы дерт асқынып, белең алып кетуі мүм­­кін, бұл өте қауіпті десе, ауыл тұрғындары мұны теріске шы­­­ға­­рып, өз болжамдарын алға тартады.

Бруцеллездің ошағы анық­талған Сатай ауылы аудан орталығы – Ұзынкөлден 70 шақы­рым қашықта жатыр. Күре жол­дың бойында жатқан елді мекен­де егін салатын бірнеше ірі шаруашылық бар. Мұның сыр­тында тұрғындар бес жүзден астам ірі қара ұстайды. Ауыл тұр­ғыны Юлия Козлованың алты сиы­рының бесеуінен бруцеллез анықталыпты. Ал мал иесі вете­ри­нардың талабына көнбей, сиырын етке өткізуге бермей отыр. Себебі алғаш ауру малдың құжат бойынша сәйкестендіру нөмірі сәйкес келмеген.

– 18 наурызда біздің ветеринар сиырларымнан қан алды. Ақпан айында 5 сиыр сатып алғанмын. Мал дәрігері 26 наурызда келіп, сол 5 сиырдың біреуі бруцеллез екенін айтты. Мен нақты қай сиыр екенін сұрап едім. Сиырдың базаға тіркелмегенін желеу етіп, ауру малды дәл көрсетіп бере алмады. 4 сәуірде тағы бір сынама алды. 5 күннен кейін аудандық ветеринария бөлімінің өкілі келіп, сіздің 5 бас сиырыңыздың бруцеллез екені анықталды деп тұр. Мен ветеринарлар берген қағазды алып, қорадағы малдың құлатаңбасындағы сандармен салыстырып көрдім. Қағаздағы сан мен таңбадағы сан сәйкес келмеді. Ветеринарлар 26 наурызда бруцеллез деп көрсеткен сиырларымды сәуірде сау деп көрсетіп, керісінше, сау сиырларымды енді бруцеллез деп отыр. Мұны қалай түсінуге болады? – деді Юля Козлова.

Ауыл тұрғындары ауру деп танылған малдан өздері қан алып, оны көршілес жатқан басқа өңірлердегі зертханаларға тексертіп көрмек болыпты. Алайда ондағылар сынаманы тексеруден үзілді-кесілді бас тартқан. Тұрғындар қан сынамасын тексеретін ресми орындардан бөлек, балама, тәуелсіз тексеру мекемелерінің жоқтығына қынжылады.

– Мен Нұр-Сұлтандағы, Шучинскідегі зертханаларға қоңырау шалдым. Бәрі өз облыстарыңызда ғана тексерте аласыздар деп, сынаманы тексеруден бас тартты. Оған да тоқтамай, Петропавлға бардым. Біз басқа өңірдің малын тексере алмаймыз деп, сынаманы бірде-бір зертхана қабылдамай қойды. Содан біраз уақыттан соң ауылға қымбат көлікке мінген екі ер адам келіп, қораңызға кіруге бола ма?, дейді. Қаным басыма шапшып, мен сіздерді қора тұрмақ, аулама да кіргізбеймін. Менің қорамда не жоғалттыңдар?» деп едім. Олар сіздің сынамаңызды бәрібір ешбір зертхана қабылдамайды дейді. – Оны кім айтты? Олардың қолында ветеринарлар ауру деп таныған малдың бәрінің нөмірлі таңбасы мен иелерінің аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы көрсетілген ресми қағаз бар екен, соны көрсетті. Қай сиырымның бруцеллез екенін өзім біле алмай жүргенде, бұл коммерсанттар бәрін біліп тұр. Мәліметті Ұзынкөлдегі ветеринария бөлімінен алған сияқты. Мұны қайдан алдыңыздар деп едім, олардан «біз облыстан келіп тұрмыз, бізге осындай мәлімет берді» деген жауап алдым, – деді ашынған Ю.Козлова.

2019 жылы Сатайдан 100-ге жуық бруцеллез мал анықталып, тұрғындар ауру малды амалсыз арзан бағаға етке өткізіпті. Ауыл тұрғындарының сөзінше,  малды сою цехына апарған соң, иесіне ауру сиыр өткізгені туралы ешқандай құжат берілмейді екен. Биыл ауылдың 4 тұрғыны бруцеллез малын етке өткізіпті, малдың ауру екені туралы қағазды олар да ала алмаған.

Сатайда бүгінде 200-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Ауыл әкімі Юлия Новотееваның айтуынша, бруцеллез дауы осы көктемгі ветеринарлық алдын алу шарасы басталған соң туындапты.

– Осы көктемде 21 бас сиырдан бруцеллез анықталған. Зертханалық талдау нәтижесінде 12 бас ірі қараның ауру екені анықталып, 9 бас күмәнді деп танылды. Ауыл тұрғындары мұнымен келіспей отыр. Өйткені жергілікті ветеринар малдан қан алу кезінде қате жіберген. Ол бірінші рет зертханаға қанды дұрыс тапсырмаған. Прокуратураның нұсқауымен ол ауыл малынан екінші рет қан алып, зертханаға тапсырды. Бірінші қан тапсырғанда бір бас ірі қарадан ғана бруцеллез анықталып, қалғаны сау болып шыққан. Екіншісінде 12 сиырдан бруцеллез анықталды. 2019 жылы біздің ауылда бруцеллезге байланысты 8 айға карантин жарияланған. Ауру малдың бәрі етке өткізіліп, малды сауықтыру шаралары жүргізілді. 2020 жылы бірде-бір малдан ауру табылған жоқ. Ал биыл, міне, тағы бруцеллез пайда болып жатыр, – деді ауыл әкімі.

Қазір ауыл халқы не істерін білмей отыр. «Біздің айлығымыз шамалы, бәріміз қолдағы азын-аулақ малмен күн көріп отырмыз. Біз үшін бақша егіп, сиыр сауып, сүт пен ет, қаймақ өткізуден басқа жұмыс жоқ. Әкімдіктегілер мал басын көбейтіңдер деп неше түрлі бағдарламалар туралы айтып кетеді. Енді соның біріне қатысып, мал басын құрай бастағанда, ветеринарлар келеді де тартып алып кетеді. Шынымызды айтсақ, қазір шағымданатын құзырлы орын қалмады. Ұзынкөлдегі барлық есікті қағып шықтық, ешкім көмектесе алмай отыр», дейді тұрғындар.

Таяуда осы ауылда тұратын Қуантай Рахманов екі сиырын етке өткізді. Бірақ Амантайдың малының бруцеллез екеніне күмәні зор. Ол ветеринарлар өздері жіберген қатені жауып-жасыру үшін менің екі сиырымды қасақана ауру етіп көрсетіп отыр деп есептейді. «Қан алмай, малды ауру ғып жатыр. Маған ведстансадан қоңырау шалып, «малың ауру» дейді. Егер қан алмаса, менің малымның ауру екенін олар қалай біліп отыр? Сөйтсем, олар басқа біреудің малынан қан алып, менің малыммен шатастырып алыпты. Олар «малың базада болмаған соң, біз жаза салдық» дейді. Мен: «Сендер қан алмасаңдар, қалай жаза саласыңдар?» деп едім. Олар келіп малымнан қан алды. Алдында екі малымды қан алмай ауру қылған дәрігерлерге бұл жолы менің сиырларымның ішінен қайткенде де екі бруцеллез табу керек болды. Нәтижесінде дәл солай болып шықты, екі сиырымнан бруцеллез табылып, амал жоқ заңға мойынсұнып малымды арзанға өткіздім. Менің сиырым кемі 300 кило ет беретін. Аналардың таразысы 150 килоны көрсетті, соңынан 190 деді. Сөйтіп сиырға 200 мың, қашарға 150 мың теңге алдым. Ал мұнда мен бір сиырды 400 мыңға сатар едім, - дейді Қуантай.

Облыстық ветеринария басқармасын­дағылар тексеру нәтижесінің дұрысты­ғына шүбә келтірмейді. Ал басында ауру малдың орнына сау малдың көрсетілуі жануар­лардың сәйкестендіру нөмірін шатас­тырған ауылдағы жас маманның тәжірибесіздігінен кеткен қателік деп отыр.

– Юля Валентиновна деген кісінің малынан қан алады. Тексерген кезде бес сиырдың үшеуі базада жоқ боп шыққан. Соны алады да осында тұратын Рахманов деген кісінің атына жазған. Сөйтіп лабораторияға өткізген, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.

Өрескел қателік жіберген жас маманға басшылары тек сөгіс берумен шектелген. Ал ауру анықталған 24 сиырдың осы уақытқа дейін тек 9-ы ғана етке өткізілген. Қалғаны тұрғындардың айтуынша табында жүр. Ветеринар мамандар мал иелері талапқа көнбесе, мәселені сот арқылы шешуге тура келеді деп отыр.