Каспий теңізінде Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің және Ресей Федерациясы Әскери-теңіз флотилиясының бірлескен оқу-жаттығуы өтуде, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталмыш оқу-жаттығудың тақырыбы – Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі Экономикалық қызметтің объектілерін қорғау.
Қазақстан Қарулы Күштерінің атынан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасының жедел тобы, әскери-теңіз базасының бөлімшесі, «Орал» және «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық корабльдерінің, «Жайық» гидрографиялық кемесінің экипаждары қатысады. Бұдан өзге, оқу-жаттығуға майдан ұшақтары мен армия авиациясының тікұшақтары жұмылдырылды.
Бірлескен оқу-жаттығуды Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов басқарады.
Оқу-жаттығу барысында екі елдің әскери теңізшілері Қазақстан мен Ресей су айлағында орналасқан Каспий теңізінің полигондарында жауынгерлік оқу-жаттығу міндеттерін орындауы тиіс.
Атап айтқанда, экономикалық қызмет объектілерін күзету мен қорғау жөніндегі міндеттерді пысықтап, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдерін үйренеді. Кемелердің экипаждары шартты әуе қарсыласының шабуылына тойтарыс беру жөніндегі іс-шаралар кешенін, әуе және теңіз нысандарына артиллериялық атыстар жүргізуді орындайды, сондай-ақ шартты түрде апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету жөніндегі міндеттерді пысықтайды.