• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 20 Мамыр, 2021

Әзербайжан елшісі: Біз – бір атаның балаларымыз

461 рет
көрсетілді

– Құрметті Рашад Эйнаддиноғлы, әуелі Қазақстан және Әзербайжан мем­­лекет­тері Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы­мен құттықтағым келеді. Бүгінгі жас ұрпақ, жаңа ұрпақ осы датаның маңыздылығын, мәнін қалай сезінуі тиіс? Біз бұл күнге қалай келдік?

– Осыдан отыз жыл бұрын Кеңес Ода­­ғы­­ның ыдырауының нәтижесінде оның құрамындағы республикалардың көбі өз тәуелсіздігін алды. Соның ішінде Әзер­байжан мемлекеті де отауын тігіп, өзін 1918 жылы құрылған, тарихтың «тар жол, тайғақ кешуінде» 23 ай ғана өмір сүр­ген Әзербайжан Демократиялық Респуб­ликасының заңды мұрагері деп жа­риялады. Егемендік алған жас мем­лекеттер өз ұлттық республикаларын құра бастады. Ұлттық идеяға негіз­дел­­ген тәуелсіз ұлттық экономика­сын, ішкі және сыртқы саяси бет-бей­не­сін қа­лыптастырды. Бүгін асқан мақ­­­та­ныш сезімімен айтар бір сөзіміз – Қазақ­­стан мен Әзербайжанның бір­ден еңсесін тіктеп, сенімді түрде тәуел­сіз мемлекеттерін құруы. Біздің мемле­кет­теріміз тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында сәтті мұнай стратегия­сын жүр­гізіп, он жылдан кейін-ақ со­ның же­місін көре бастады. Әлем бізді бейбіт әрі бәсекеге қабілетті жас мемлекет­тер ре­тінде таныды, халықаралық ұйым­дар­ға тең дәрежелі мүше бол­дық. Біз­дің елдеріміз аса ауқымды инфра­құ­ры­лым­дық, трансұлттық жобаларды жүзе­ге асыруға кірісті, бұл өз кезегінде Еура­зия кеңістігіндегі транзитті елдерге айна­лу­ға мүмкіндік берді. Қазақстан мен Әзер­бай­жан мемлекеттері аймақтағы ғана емес, әлемдік қауымдастықтағы елдермен теңқұқылы қарым-қатынас орната білді.

– Келесі жылы Қазақстан мен Әзер­бай­жан мемлекеттері арасын­дағы дип­ло­матиялық қарым-қатынастар­дың орнауына да отыз жыл толады. Алғашқы қадамдар қалай жасалды?

– 1991 жылдың 18 қазанында Әзер­бай­жан Республикасы, араға ай салып 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуел­сіз­дігін жариялады. 1992 жыл­дың 27 тамызынан басталған біз­дің мем­ле­кет­теріміз арасындағы диплома­тия­лық қарым-қатынас үлкен достық пен бауырластықтың үлгісіне айналды. Мұның алтын бастауында біздің ұлттық лидерлеріміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиевтің үлкен достығы тұр. Осы тұлғалардың өмірлік тәжірибесі, кө­ре­гендігі мен даналығы біздің қа­рым-қатынастарымыздың көкжиегін ке­ңей­т­іп, болашағын айқындап берді. Бү­гін­гі таңда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Пре­зиденті Ильхам Әлиев сол ұлы дәс­түр­лерді нық ұстап, жасампаздықпен жалғастырып келеді. Елшіліктеріміз құрылды, қажетті келіссөздер жүргізілді. Біз – екі бауырлас мемлекетпіз, бір атаның балаларымыз. Біздің даңқты ортақ тарихымыз, ортақ құндылықтарымыз бар, қаны бір, жаны бір халықтармыз. Бұл туысқандық – мемлекеттеріміз арасында берік қарым-қатынастар орнатуға сенімді іргетас болды. Біздің экономикамыз – бірін-бірі толықтырушы экономика, оның негізінде – шикізат өндірісі, өзара тауар алмасуы тұр. Екі ел арасында келісімдік-құқықтық база бойынша түрлі саладағы 120-дан астам құжаттарға қол қойылған. Осы отыз жыл ішінде орасан зор жұмыстар атқарылды. Сауда-саттық және экономика мәселелері бойынша екі ел арасындағы Үкіметаралық комиссия жемісті жұмыс істеп тұр, Қазақстан тарапынан тең төраға ретінде Нұрлан Асқарұлы Ноғаев, Әзербайжан тарапынан Парвиз Шахбазов тағайындалған. Саясат пен экономика ғана емес, руханият пен мәдениет, ғылым мен білім мәселелері бойынша да тиісті ведомстволар тығыз әріптестік байланыс­тар орната алды. Гуманитария саласы, мәдени байланыстар, ортақ тарихты тану бо­йынша да маңызды шаралар атқарылу­да. Мәселен, Қазақстанда Әзербайжан тарихы мен мәдениетін зерттейтін Гей­дар Әлиев атындағы төрт орталық бар, олар үлкен университеттердің базасында тұр, осы ортақ мүдделерге қызмет ететін алаңқайлар жас ұрпақтың жадында ортақ тарихты жаңғыртып, өткен мен болашақ арасында алтын көпір болып отыр. Сәйкесінше Әзербайжанда да Абай орталығы бар, біздің оқу орын­да­рын­да Абай сөзі оқытылады, ор­­та­лық үлкен кітап қоры және Қазақ елін та­нытатын қажетті материалдармен то­лық қамтылған. Екі жақтағы елші­лік­тер жылына жүздеген мәдени іс-шара өт­кізеді, бұл іс-шаралар бізді одан әрі жа­қын­дастыра түсуді, таныта түсуді мақ­сат тұтады. Әрине, әлемдік пандемия жағ­дайы біздің жоспарларымызға еріксіз түрде өз түзетулерін енгізді. Соған қарамастан, онлайн режімде болса да жұ­мыстар істелуде. Студенттеріміз де өз­ара алмасып оқиды, ғылыми-зерттеу ор­та­лықтарында іс-тәжірибеден өтеді, мұ­ның бәрі өлкетану, елтану, жертану, ор­тақ тарихымызды тануда таптырмас мүм­кіндіктер. Қазақстан – әлемдегі ең үл­кен түркітілдес мемлекет, біз оның ұлы­лығы мен байтақтығын мақтан тұта­мыз, бүгінгі жетістіктерін үлгі етеміз, ол көтерген бейбітшілік пен тұ­рақ­ты­лық, үздіксіз даму мен келісім бай­ра­ғы­на қарап бой түзейміз. Осының бәрі сұңғыла саясаткер, тұтас түркі әлемі­нің ақсақалы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың арқасы. Ол жас мемлекетті жа­сам­паз дамудың жолына салды, оның стратегиялық дамуын айқындап бер­ді, посткеңестік кеңістіктегі мем­лекет­тер арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстанның шекарасын бекі­тіп берді, Қазақ елін әлемдік қауым­дас­тықтың беделді мүшесіне айнал­дыр­ды. Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, түгел аймақтағы маңызды әрі шешу­ші мем­ле­кетке айналды. Қазақстан Әзер­бай­жан­ның стратегиялық әріптес, үлкен досы, бұл құндылықтар сөз жүзінде емес, құжаттармен толық бекітіліп, не­гіз­делді. Мен Қазақстан мемлекетіне, қазақ бауырларыма әрдайым біздің бір қа­быр­ғамыз болып тұрғаны үшін, қы­рық төрт күндік Қарабақ соғысында қасы­мыздан табылғаны үшін, барынша қол­дау көрсеткені үшін ерекше ризашы­лығымды білдіргім келеді. Сол соғыстың тұсында екі күн бойы Әзербайжан елінің байрағын бас қалада үлкен экранында желбіретіп, бағымызды асырғанын ешқашан да ұмытпаймыз. Білесіз бе, елшілікке еліміздің түкпір-түкпірінен қарапайым адамдар топ-тобымен келіп, қолдау білдіріп жатты. Мұғалімдер, дәрігерлер, студент жастар, инженерлер, ауыл адамдары келді, қаншама хаттар жазды, ақындар өлең арнады. Қазақстанның бейбітшіліксүйгіш халқы басқыншылықты қолдамайтынын, қатыгез соғысқа қарсы екенін осылайша білдірді. Мұны әрбір әзербайжан баласы сезінді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «посткеңес­тік кеңістіктегі кез келген қақтығыс сол елдердің территориялық тұтастығын сақ­тай отырып шешілуі тиіс екені» жө­нін­дегі қолдау сөзін бүкіл Әзербайжан хал­қы ыстық ықыласпен қабылдады. Тари­хи жеңіс тарихи әділеттіліктің орнауын көрсетіп берді. Екінші Қарабақ соғы­сының аяқталуынан кейін менің пре­зи­дентім Ильхам Гей­дар­ұлы Әлиев қай­тарылған елді мекен­дер­дің қайта қал­пына келтірілуіне қол­даған, қа­сы­мыз­­дан табылған мемлекет­тер атсалы­­саты­нын айтты. Дәл осы тұста Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың телефон арқылы хабарласып, қалпына келтіру жұмыстарына қазақ­стандық компаниялар араласатынын айтуы аса үлкен қолдау болды.

 – Қазақ даласына, біздің ұлы бабаларымыздың байтақ мекеніне алғаш қадам басқан сәт есіңізде ме? Сол сәтте қандай күй кештіңіз?

– Менің ұзақ жылдардағы диплома­тиялық миссиям, Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болуым – мен үшін үлкен мәр­тебе болды. Себебі мен өзіміздің та­рихи отанымызға, түгел түркінің қара­ша­ңы­рағына келдім. Өзімді ата-бабасын іздеп келген перзенттей сезіндім. Осы қыркүйек айында менің Қазақстанға дипломатиялық миссиямен келуіме он үш жыл толады. Жақын арада менің миссиям аяқталады, еліме ораламын. Өмірімнің үлкен бір бөлігі, бір мүшел жасым Қазақ елінде өткеніне, осы даланың топырағын басып, суын ішкеніме өзімді бақытты сезінемін. Осы жылдар ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды, қанша зауыт пен кәсіпорындар іске қосылды, инфрақұрылымдық, транслогистикалық жобалар жүзеге асты. Бұл жобалар тек екі елдің мүддесіне жұмыс істеп қа­на қойған жоқ, аймақтағы елдердің сау­да-саттық және экономикалық байланыс жөніндегі көп мәселесін шешті. Біз өз мемлекеттерімізді тек саяси бел­сен­ді елге ғана емес, экономикалық жағ­­дайда әлем­дік қауымдастықтың қызығу­шы­лығын тудыратын қуатты мемлекеттерге айнал­дыра білдік.

– Жүзеге асқан жұмыстардың барлығы қатталып, қағазға түсіп, екі ел халықтарының игіліне айналып үлгерді. Алдағы жобалар жөнінде аз-кем айтып өтсеңіз...

– Ауқымды жобалар бар. Мәсе­лен, соның бірі – транскаспийлік фиб­рооп­тикалық кабельдің жүргізілуі, бұл өз кезегінде Еуропа мен Азияны жа­лғай­тын жоба болмақ. Қазақстан нарығы Әзербайжан үшін қаншалықты қызықты әрі маңызды екенін бүгінгі таңда Қазақстанның экономикалық аймақтарында, атап айтқанда, Батыс, Оңтүстік өңірлерде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан байқауға болады. Сонымен қатар мамыр айының 25 күні біз Әзербайжанның Қазақстандағы сауда үйін ашуды жоспарлап отырмыз. Әуелі Ақтауда ашылады, кейін Қазақстанның барлық аймақтарында ашуды көздейміз. Бұл Әзербайжан тарапынан Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істейді деп ойлаймыз. Сәйкесінше, Әзербайжанда Қазақстанның сауда үйлері ашылады. Қазақстан өндірушілері үшін он миллионнан астам тұтынушысы бар нарыққа тікелей кіруге мүмкіндік туады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, біз қазақстандық компанияларды Қарабақ соғысынан кейінгі қалпына келтіру жұмысына белсенді қатысуға шақырып отырмыз. Бұл да инвестиция салу үшін тартымды жағдай деп білемін. Мұның бәрі де біздің елдеріміздің басшылары алдымызға қойып отырған міндеттер.

– Өзіңіз айтқандай, бір мүшел аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде қазақ даласында өмір сүріп жатқан адам ретінде қандай рухани құндылықтарды сіңірдіңіз, осы жылдар сіздің өміріңізге қандай өзгерістер алып келді?

– Дипломаттың өмірі – аса жауапты, күрделі әрі сонымен бірге қызықты өмір. Көп жағдайда адам сіңісе алмайды, әсіресе отбасыңды өзге мемлекетке, өзге құн­дылықтар әлеміне алып келудің қай­шы­лығы, балаларыңның алдынан шығатын қиындықтар аз болмайды. Бірақ бұл қиындықтар бізді айналып өт­кен секілді. Біз өз бауырымыздың үйі­не келдік. Балаларым бірден бауыр ба­сып, сіңісіп кетті. Себебі бөтендік, жат­тық сезінген жоқ. Ол бірден ойлау жүйе­сі мен дәстүрлері ортақ ортаға кірді. Өзара түсіністік мәселесінде де өз басым­да ешқандай қиындық болмады. Жо­ға­ры қызметте отырған әріптестерден бөлек, елдің ішінде жүрген қарапайым адам­дармен, зиялы қауым өкілдерімен, ғалым­дармен достасып кеттім. Бір мүддеге, ортақ мақсаттарға қызмет етуге ұмтылып тұратын елде, ортада өмір сүру әрі еңбек ету әрбір елшінің арманы, бақыты деп білемін. Өзара сенім мен достық дүниесінде бауырлас екі мемлекеттің барлық мәніндегі байланысын нығайтуға қызмет етуден артық не бар?!. Құшағы ашық халықтың бауырында өткен жылдарым – бақытты жылдарым. Менің балаларым қазақ балабақшасына барды, қазақ мектебінде оқыды. Олар үйде және далада қазақ тілінде сөйлесті.

– Осында өмірге келген балаңыз бар ма?

– Иә, қызым осы Қазақ елінде дүние есігін ашты. Олар қазақша ойланады, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады, өз бойларына қазақ даласының, қазақ халқының адамгершілік құндылықтарын сіңіріп өсті. Олар Қазақстанды екінші отанымыз деп біледі.

– Бала жайлы айтқанда, бола­шақ жай­­лы ай­тамыз. Біздің, иә ортақ тари­хы­мыз, орт­ақ діліміз, құнды­лық­тары­мыз бар. Сіз біз­дің рухани байланыстары­мыз­дың болашағын қай деңгейде көресіз?

– Қайталап айтқым келеді, біз – бір атаның балаларымыз. Біз даңқты әрі ұлы ортақ тарихты арқалап келе жатқан халықтармыз, көне мәдениет өкілдеріміз, бай дәстүрлеріміз бізді сақтап келеді. Осы құндылықтар бізді қуатты етеді. Бар­лық рухани құндылықтарымызды сақтай отырып ұлттық идеяларға негізделген мем­лекеттер құра алдық. Бір атаның ша­па­нының астынан өрбідік. Сондықтан біздің армандарымыз бен мақсаттары­мыз, қуанышымыз бен жетістіктері­міз ғана емес, қайғымыз да, дертіміз де, тіпті алдымыздан шыққан, шығатын қиындықтарымыз да ұқсас. Тіпті біздің қауіптеріміз де ұқсас. Екі мемлекет те көпұлтты, көпдінді. Осының барлығын көріп, біліп, сезініп отырғандықтан біз бір-бірімізді қадір тұтамыз, сақтауға, қор­ғауға, бір-бірімізді байытуға, толық­тыру­ға ұмтыламыз. Жүрегіміз бірге соғады десем жалған айтты демессіз. Біз осы құн­дылықтарды сақтау үшін ортақ үлкен идея­ларға қызмет ететін алаңқайлар жаса­дық: ол – Түрік Кеңесі, Түрксой, Халық­аралық Түркі академиясы, Түркі мәде­ниеті мен мұрасы қоры, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы. Біз ерек­ше қамқорлық танытатын, мақтан тұ­та­тын осы халықаралық институттар саяси, экономикалық, руханият пен ғы­­лым мәселесінде өзара иықтасып, ық­­пал­­дасып жұмыс істейді, біз де бұл құ­ры­­лым­дармен тығыз байланыстамыз. Бұл сырт­қа айбар көрсететін емес, өз іші­міз­­де қайрат қылатын, ортақ тарих пен та­мы­ры­мыз­ды зерттейтін, болашаққа ба­ғыт­та­ры­мызды айқындайтын институт­тар. Бұл бізге керек, балаларымызға ке­­рек. Қа­зақ­стан әртүрлі Халықаралық ұйым­­дар­дың мүшесі, Әзербайжан да көп­те­­ген ұйым­ға мүше, біріміз жоқ ұйым­да бірі­мізді жоқ­татпаймыз, бір-бірі­міз­дің мүд­­де­лерімізді қорғаймыз. Бір дас­тар­қан­­ның басында қай бауырың отырса, сол ба­уыр қалған бауырлардың сөзін айтады, мүд­десін көздеп отырады. Сондықтан да, ор­­тақ тарих ортақ болашақты тудырады деп са­най­мын. Біз ұлы болашаққа, түркі ха­­лық­­тары­ның болашағына бет түзеп барамыз.

– Бірер жыл бұрын Қызылорда қаласында Халықаралық поэзия фестивалі өтті. Сонда келген әзер­байжан, түрік бауырларымызға «Міне, Қорқыт атамыз біздің далада жатыр» деп көрсеттік. Әзербайжан ақыны «Қорқыт дәдә бізде жатыр» дейді, түрік бауырымыз «Қорқыт баба бізде жатыр ғой» дейді. Кішігірім дау болды. Ақыр соңында Қорқыт ата және түркі халықтарына ортақ ұлы тұлғалардың барлығы біздің жүрегімізде жатыр деген тоқтамға келдік. Осы ұлы тарихи тұлғалардың, бүгінгі көзі тірі мәдениет адамдарының, ғалымдар мен ақындардың бізді біріктірудегі рөлін қалай бағамдайсыз?

– «Түркі халықтары тарихты жасады, бірақ оны жазып қалдырмады» деген сөз бар. Кеңес Одағы біздерді одақтас мемлекеттер ретінде жақындастырды, бірақ қаны бір бауырлас халықтар ретінде алыстатты. Жасыратыны жоқ, бұр­маланған тарихпен өмір сүрдік. Тәуел­сіздік алған отыз жылдың ішін­де біз бірден өз тамырларымызды ізде­дік. Тамырды іздегенде, тарихқа барғанд­а, бір-бірімізді таптық. Біз ұлы тұлғалары­мыз­ды таптық. Соларды табу арқы­лы өзі­мізді таптық. Сол тұлғалар, ұлы эпос­тар, ғалымдарымыздың кітаптары, ақын-жазу­шыларымыздың насихат сөзі бізді қайта тәрбиеледі. Қорқыт ата түр­кі даласының әр өңірінде ғана емес, түркі баласының санасы мен жүрегінде өмір сүретіні рас. Ол – бізге ортақ ақсақалдың образы, әділеттілік, тазалық, ізгіліктің культі. Бүгінгі зиялы қауым сол міндетті атқарып жатыр. Мәселен, ертеңгі ұрпақ «Олжас Сүлейменов кім?» дегенде, қазақ баласы ғана емес, түркінің қай баласы да «біздің тарихымызды түгендеушілердің бірі ғана емес, тағдырымызға әсер еткен тұлға» дейді. Неге десеңіз, тоқсаныншы жылдары әзербайжан халқының басынан ауыр күндер өткенін білесіздер. Сонда әзербайжан зиялылары бүкіл Кеңес Одағының зиялыларына үндеу тастады: «Бізге көмектесіңдер, мұндай басқыншылыққа жол бермеңдер!» деді. Сонда Олжас бей Бакуге ұшып келді, қырық градус ыстығы көтеріліп, ауырып тұрса да келді. КСРО-ның Ішкі істер министріне хат жазды. Жауап беруін сұрады. Ол өзімен бірге гуманитарлық көмек ала келді. Дәрі-дәрмек, азық-түлік дегендей. Міне, біздің бүгінгі әр­бір тұлғамыз осылай әрекет етуі керек, нем­құрайлы болмауы керек, бауырдың тағдырына бейжай қарамауы тиіс.

– Уақыт тауып, сұхбат беріп, келелі әңгіме айтқаныңызға ризашылық білдіреміз. Сөз соңында қазақ халқына қандай тілек айтар едіңіз?

– Мен Қазақстан халқына, қазақ бауырларыма шын жүректен алғыс айтамын. Дипломатиялық қызметімде қолдау көрсеткен, жанымнан табылған, білгенін үйреткен, бірге бір мақсатқа жұмыс істескен барлық әріптестеріме, достарыма, қарапайым адамдарға қарыздармын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінде қанат­тас қызмет еткен әріптестерге ризашылы­ғым­ды білдіргім келеді. Мен үлкен мектептен өттім, рухани байыдым, тамырымды таптым, біздің ортақ мақсаттарымызға қызмет ету бақытына ие болдым.

 – Әңгімеңізге рахмет.