Биыл «Баспана хит», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламаларын қаржыландыру аяқталады. Ал келер жылы «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру тоқтатылады деп жоспарлануда. Аталған жағдай елдің тұрғын үй нарығына, банк секторына қалай әсер етпек? Бұл бұқара халықты баспаналы болу бақытынан айырмай ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
«Баспана хит» биыл тоқтайды
Мемлекеттік бағдарламалардың тоқтайтындығы туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 19 мамыр күні Алматыда өткен «Cfo Idea exchange & networking» саммитінде мәлімдеді.
– Дағдарыстың экономикаға әсері азайды. Демек мемлекеттің нарықтық қағидаттарға орын беріп, кредиттеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты осы жылдың басында қол қойылған Үкімет, Ұлттық банк және агенттік арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім шеңберінде Ұлттық банктің 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуы көзделген, – деді агенттік басшысы.
Расында да, жоғарыда аталған үш құрылымның пандемия кезеңіндегі әрекеттері дағдарыстың экономикаға және қаржы жүйесіне әсерін жеңілдетуге арналды. Бұл ретте, дағдарысқа қарсы шараларға жұмсалған қаржының жалпы жиыны еліміздің ішкі жалпы өнімінің 9 пайызын құраған. Оның 4,3 трлн теңгесі республикалық бюджеттен, 2,1 трлн теңгесі Ұлттық банктен бөлінген.
Мемлекеттің «Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламаларынан іргесін аулақ салатыны туралы жаңалық тұрғындар арасында ерекше талқыланғанын атап өткен жөн. Олардың көбі жеңілдетілген несие үлестіретін мұндай бағдарламалардың жұмысын тоқтату халықты тығырыққа тіреу екенін алға тартты. Тұрғын үй нарығы бойынша сарапшы, экономист Дәулет Мұқаевтың да пікірі осымен үндес.
– «Баспана Хит» пен «7-20-25» бағдарламаларының тоқтатылатыны өкінішті, әрине. Бұлар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2018 жылы қолға алынған, халықтың көңілінен шыққан, сенімділігін арттырған бағдарламалар. Мұндай жобалар бізге керек. Бағдарламалардың лимиттік қаржысы азайғанымен, бұларға деген тұрғындардың ынта-ықыласы әсте кеміген емес. Осы жобалар арқылы халық баспананың бастапқы жарнасы үшін қаржы жинауды да үйреніп келе жатқан-ды. Міне, қаржылық сауаттылығын арттырып, қоржынын қампайта бастаған осы адамдардың үй аламыз деген үлкен үмітін өшіргелі тұрмыз.
Аталған екі бағдарлама тоқтаса, бұқараның сүйенері жалғыз «Отбасы» банк қана болмақ. Ал бұл банктен үй алу үшін баспана құнының 50 пайызын жинау қажет. Өйткені үйдің кезегінде тұрғандарға ғана ұсынылатын 10-20 пайыздық жарна әркімге бұйыра бермейді. Сондықтан «Баспана хит» пен «7-20-25» бағдарламаларын қаржыландыруды тоқтатпау керек деп есептеймін. Әсіресе, «Баспана хиттің» жолын кесуге болмайды. Себебі бұл бағдарлама арқылы баспананы бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да алуға мүмкіндік бар. Ал ел тұрғындары көп жағдайда қайталама нарықты таңдайды. Сондықтан осыған маңыз беру керек. Оларды мұндай мүмкіндіктен айыруға болмайды, – дейді Дәулет Мұқаев.
Еске сала кетейік, «Баспана хит» те, «7-20-25» те – жеңілдетілген ипотека ұсынатын мемлекеттік бағдарлама. Алғашқы бағдарлама бойынша пәтерді бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да, үлескер ретінде жаңа салынып жатқан нысаннан да алуға болады. Қайталама нарықтағы ипотека жылдық 10,75 пайызбен 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна – 20 пайыз.
Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтерді тек бастапқы нарықтан жылдық 7 пайызбен 25 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Бастапқы жарна ретінде пәтердің 20 пайызын бірден төлеу керек. 2021 жылғы 29 сәуірдегі жағдай бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алуға 703,8 млрд теңге көлемінде 58 655 өтінім қабылданған. Оның ішінде 34 362-сі мақұлданды (413,97 млрд теңге).
Бас банктің түсініктемесі
Ұлттық банктің еншілес ұйымы – «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларының операторы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
«7-20-25» бағдарламасы 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде айтылған «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасының міндеттерін орындау шеңберінде іске асырылуда. Бағдарлама ипотекалық кредиттеудің қолжетімді талаптарымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру көлемі бойынша бекітілген лимит 1 трлн теңгені құрайды. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша 325 млрд теңгеге жуық сомаға несие берілді. Ол өз кезегінде бастапқы тұрғын үй нарығынан 27 мың отбасының үйлі болуына септігін тигізді. «7-20-25» бағдарламасының мерзімі шектеусіз, бағдарлама бекітілген 1 трлн теңге лимитіне жеткенге дейін іске асырылады», делінген ресми түсініктемеде.
Ал «Баспана хит» бағдарламасына бекітілген лимит – 600 млрд теңге. Осы лимитке жеткенде бағдарлама да аяқталады. Қазіргі кезде «Баспана хит» бойынша жалпы берілген қарыз сомасы 493 млрд теңгені құрайды. Оның көмегімен 54 мыңнан астам отбасы баспана алған. Екінші деңгейлі банктердің болжамы бойынша аталған сома осы жылдың соңына дейін игерілмек.
«Бұл ретте «Баспана хит» бағдарламасы халық үшін қайталама нарықтағы ипотеканың қолжетімділігін арттыру бойынша өз міндетін толық орындағанын атап өткен жөн. Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер «Баспана хит» бағдарламасына ұқсас кредиттеу талаптарын әзірлеп, ұсынуда. Демек, енді мемлекет тарапынан ипотека нарығының аталған сегментін одан әрі ынталандырудың қажеті жоқ. Бұл жағдай бағдарламаны жоспарлы түрде аяқтауға мүмкіндік береді», деп хабарлады «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-ы.
Балама бағдарлама пайда болады
EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы, экономист Андрей Чеботарев қос бағдарлама туралы жаңалықты қалыпты қабылдағанын және осылай болуы тиіс екенін жеткізді.
– Экономика қалпына келе бастады. Демек, нарықтық механизмге өту маңызды. Биыл Ұлттық банк Қазақстанның ішкі нарығына зерттеу жүргізді. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттің ипотека нарығындағы үлесі әлдеқайда көп екені анықталды. Бұлай болмауы керек. Мұны бір деңіз. Екіншіден, әлемдегі қалыпты жұмыс істейтін коммерциялық банктерді алға сүйреп отырған арнайы өнімдер бар. Соның ең негізгілерінің бірі – ипотека. Коммерциялық банктер дәл осы өнімнің арқасында күн көріп отыр. Ал біздегі жағдай керісінше. Сондықтан Қазақстан банктерінің әлемдік трендке қарай ойысуы құптарлық қадам болар еді. Ол үшін мемлекет ипотека нарығынан ығысуы тиіс, – дейді А.Чеботарев.
Оның пікірінше, Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы бағаның құбылуы жеңілдетілген несие беру бағдарламалары іске қосылғаннан кейін басталған.
– Біз нарықты жеңілдетілген ипотекалармен толтырып отырмыз. Бұдан елдің бюджетіне салмақ түседі. Өйткені мемлекет ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қажетті қаржыны ел қазынасынан алады. Демек, жолға немесе мектеп құрылысына жұмсалуы керек қаржының біраз бөлігі осы мақсатқа жұмсалып отыр. Сондай-ақ бұдан жеңілдетілген бағдарламалардың игілігін көруі тиіс қарапайым тұрғындар зардап шегеді. Қалай дейсіз бе? Бағдарлама арзан тұрғын үй сатып алуға арналған. Алайда оны сатып алуда, өткізуде нақты шектеулер жоқ. Яғни тұрғындар бірнеше пәтер сатып ала алады және оны бірден сатып жіберуге де құқылы. Міне, осындай шектеулердің жоқтығынан тұрғын үй бағасында тербеліс басталады. Бағдарлама әу бастағы бағытынан қалай жаңылғанын да байқамай қалады. Осылайша, қолжетімді деген үйлер мемлекеттік бағдарлама қатысушыларының өзіне қолжетімсіз болып қалады. Бұл дұрыс емес, – дейді сарапшы.
А.Чеботаревтың айтуынша, нарықта жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың болғаны дұрыс. Бірақ олар халықтың барлық санатына қолжетімді болмауы керек. Мұндай бағдарламалар халықтың белгілі бір тобына ғана арналуы шарт. Мәселен, көпбалалы аналарға арналған ипотекалық бағдарлама бар. Міне, мұны құптауға болады.
– Нарықта арзан ипотека көбейген соң, құрылыс салушылардың қатары күрт өсті. Бұл орынды болып көрінгенімен, құрылыстың сапасына теріс әсерін тигізді. Сапасыз тұрғын үйлер көп салына бастады. Оның үстіне баға да шарықтай түсті. Сөйтіп, бұқара халыққа онсыз да қолжетімсіз үйлер арманға айналып қала берді. Тұрғын үй бағасының қымбаттауына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржының шекті көлемін алу да теріс әсерін тигізгенін көрдік. Сондықтан мемлекеттің мұндай бағдарламалардан алыстауы орынды деп ойлаймын. Алдағы уақытта оның нарық заңдылықтарына бейімделген әлдеқайда оңтайлы түрлері пайда боларына сенімдемін, – дейді ол.
Дегенмен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың тоқтатылуы тұрғын үй құрылысын бәсеңдетуі мүмкін. Былтыр алғаш рет КСРО кезіндегі көрсеткіштен (1988 жыл – 8,8 млн шаршы метр, 2020 жыл – 15,3 шаршы метр) асырып үй салдық деп бөркімізді аспанға атып едік. Сондықтан биылғы межені де тым жоғары етіп белгіледік – 17 млн шаршы метр. Алайда экономист Андрей Чеботарев Үкімет тұрғын үй құрылысын бәсеңдетуге жол бермейді деп есептейді.
– Мұндайға жол бермес үшін талаптары өзгерген басқа балама бағдарламалар пайда болуы мүмкін. Бұл ретте, Сингапурдың тәжірибесіне иек артқан жөн. Аталған мемлекетте халықтың 98 пайыздан астамы баспанамен қамтылған. Оның 84 пайызы әлеуметтік тұрғын үйлерде тұрады. Баспана 99 жылға жалға беріледі. Қазақстандағы шаршы метрдің шаруасын да осылай шешуге болады, – дейді экономист.
Құрылысшылар одағы неге қарсы?
Отандық құрылыс салушылардың басын біріктіріп отырған Қазақстан Құрылысшылар одағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының тоқтатылуына қарсы. Сондықтан олар Үкіметке нарықтағы ойыншылардың ұстанымын жеткізуге ниетті.
– Жыл сайын тұрғын үй құрылысы нарығында 2 трлн теңгедей қаржы айналымда жүреді. Оның 55 пайызы жекеменшік құрылыс салушыларға тиесілі. 30 пайыздық үлесті жеке тұрғын үй салатындар иеленіп отыр. 25 пайызы – мемлекеттік бағдарламалардың үлесі. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, елімізде 2 млн 800 мың адам баспанаға мұқтаж. Ал дәл қазір айналымдағы қаржы елдегі баспана мәселесін біржола шешу үшін жеткіліксіз. Осы қарқынмен жүре берсек, алдағы 15 жылда да баспана мәселесін күн тәртібінен ысырып тастай алмаймыз. Сондықтан жағдайды реттеу үшін тұрғын үй құрылысы нарығындағы жыл сайынғы ақша айналымы 3,5-4 трлн теңгеге жетуі керек. Сондықтан қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын тоқтатпай, керісінше қосымша жобалардың қатарын көбейткен дұрыс, – дейді Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Оның дерегінше, осыдан бес жыл бұрын республика бойынша шамамен 450 мың адам әкімдіктердің пәтер кезегінде тұрған. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр үй пайдалануға берілсе де, кезекте тұрғандардың қатары кемімей, керісінше көбейе түскен. Қазір олардың саны шамамен 550 мыңды құрайды.
– Пәтер кезегіне тұратындардың саны әлі де өседі. Өйткені ауылдан қалаға қоныс аударушылар көп. Бүгінде республика халқының 45 пайызы ғана ауылды мекендеп отыр. Бұл көрсеткіш әлі де кемиді. Себебі қалаға оқуға түскен жастар ауылға қайтып оралмайды. Демек, қаладағы халықтың саны көбейген сайын баспанаға деген мұқтаждық та артады. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін алдағы 10 жылда тұрғын үй құрылысы нарығына 35 трлн теңгедей қаржы бөлінуі керек. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл, тұрғын үй құрылысы саласының іргесі қаланғанына 20 жыл болды. Біз осы аралықта тұрғындарды жеткілікті көлемде баспанамен қамти алмадық. Оны алдағы 10 жылда шешпесек, бұл мәселе тіпті сағызша созылып кетеді. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, баспана проблемасын біржола реттеу үшін әрі кеткенде 15 жыл ғана керек. Мысалы, Германия халқының саны бізден біренеше есе көп болса да, бұл мәселені аз ғана уақыт ішінде шешіп тастады. Ал Қазақстандағы халықтың саны олармен салыстырғанда аса көп емес қой. Сондықтан жағдайды жедел реттеп алуға мүмкіндік бар. Оның үстіне Президенттің ел тұрғындарын баспанамен қамтуға айрықша назар аударып отырғанын да естен шығаруға болмайды, – дейді одақ төрағасы.
Үйдің бағасы арзандай ма?
Көпшіліктің көкейін тескен сұрақ бұл. Бірақ сарапшылар «Баспана хит» пен «7-20-25» бағдарламаларын қаржыландыруды тоқтату тұрғын үй нарығындағы бағаға анау айтқандай әсер етпейді деген пікірді алға тартуда.
– Бұл жағдай тұрғын үй нарығына ешқандай әсер етпейді. Кейбіреулер «үй бағасы арзандайды» деп айтуы мүмкін. Шын мәнінде, біздің елде әлдебір дүниенің арзандап кетуі екіталай. Үйдің бағасы қазіргі қалпында тұрақтап қалуы ықтимал, бірақ арзандамайтыны анық, – дейді сарапшы Дәулет Мұқаев.
Талғат Ерғалиевтің де ойы осы пікірмен үндес.
– Үйдің бағасына әсер ететін бірден-бір фактор – құрылыс материалдары. Өкінішке қарай біздегі құрылыс материалдарының 60 пайыздан астамы сырттан импортталады. Отандық материалдардың бағасын ауыздықтағанмен, шетелден жеткізілетін өнімнің құны бір орында тұрмайды. Мәселен, арматураның бағасы 80 пайызға өсті. Өзімізде өндірілетін цемент 25 пайызға қымбаттады. Ашығын айту керек, құрылыс материалдарының бағасы жыл өткен сайын көтеріле береді. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту керек. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі қазіргідей 25 пайыз емес, 50-60 пайызға жетуі керек. Ұлттық валютамыз нығайып, шетелге топ-тобымен дайын тауар экспорттайтын күнге жеткенде ғана бағаны тежеу туралы әңгіме айтуға болады. Ал әзірше мұның бәрі бос қиял, – дейді Құрылысшылар одағының төрағасы.
Сарапшы Андрей Чеботаревтың пікірінше, үйдің бағасы арзандамайды. Біздегі мемлекеттік бағдарламалар санының көбеюі я азаюы нарықтағы бағаға айтарлықтай әсер етпейді.
Экономист Расул Рысмамбетовтің айтуынша, «7-20-25», «Баспана хит», «5-20-25» бағдарламалары бір-біріне ұқсас әрі өзара «бәсекелес». Көп жағдайда бұл клиенттерді шатастырып жатады. Оның үстіне бағдарламалардың әрқайсысында жалақы мен бонустар алып отырған штат бар.
– Сондықтан олардың біразының жабылуы артық шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Зейнетақы қаражатын пайдалану бағдарламасы іске қосылғаннан бері тұрғын үй нарығындағы ұсыныстар көбейді. Ал жобалардың біразын жапқанымен, тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімді бола түспейді. Бұл тек мемлекеттің нарықтық құралдарға ендігі жерде араласуға құлықты емес екенін көрсетеді. Сондай-ақ бұл жағдай құрылыс салушыларды да сабасына түсірмек. Олар енді мемлекет қаржысына иек артпайтын болады. Тиісінше, тұрғын үй бағасы тұрақтала ма деген сенім бар, – дейді ол.