АҚДМ Дін істері комитеті дін саласындағы өзекті мәселелерді жастармен талқылауға арналған «YZ CLUB» жаңа диалог алаңын іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Диалог алаңы атауының негізіне Y (1980-1997 ж.т.) және Z (1997-2015 ж. т.) буындарының белгілері алынды.Клуб шеңберінде Комитет жастар қоғамдастығы өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізетін болады.Диалог платформасының жұмысы 2021 жылдың 21 мамырында өткен Комитет төрағасы Ержан Нүкежановтың «VERSUS» жас дінтанушылар қауымдастығы өкілдерімен кездесуінен басталды.Кездесу Нұр-сұлтан қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайының жанындағы саябақта, қатысушылар арасында ашықтық, сенім және келісім атмосферасында өтті.Кездесу барысында дінтану және теология мамандықтарының түлектерін жұмысқа орналастыру, әлеуметтік желілердегі діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмысқа жастар мен азаматтық қоғамды тарту, сондай-ақ дін саласындағы жаңа жобалар мен тәсілдерді бірлесіп әзірлеу мәселелері талқыланды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдегі діни ахуалды жақсарту мақсатында өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруға келісті.«YZ CLUB» диалог алаңы шеңберінде іс-шаралар өткізу дін саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге жастарды тартуға және елде діни экстремизм идеологиясының таралуына жол бермеу мәселелерінде азаматтық сана деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.