Экология министрлігі Waste to Energy (WTE) механизмін енгізейік дегенді бұрыннан көтеріп жүр. Бұл дегеніңіз – қатты тұрмыстық қалдықтарды жағып жіберу арқылы энергия өндіріп алудың бірегей жолы.
Қоқыс жоятын жоба
Біреулер қос қолын көтеріп қолдады, енді біразы қарсылық танытып петиция жариялады. Қазір әлемде 2 мыңнан астам WTE нысаны бар екен. ТМД елдері арасында тек Әзербайжанда ғана осындай зауыт салынған.
Жыл басында Үкімет отырысында Экологиялық кодексті таныстырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу көлемі өте төмен деген болатын. Сондықтан Эко кодекске «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру» атты жаңа бағыт енгізіліп отыр екен. Расында, елдегі 3,5 мың полигонда 120 млн тонна қатты қалдық жиналған. Қауіпті цифр. Жыл сайын 5 млн тонна қалдық үстемелене бермек. Министрдің есептеуінше, бұл шамамен 42 футбол алаңындай көлем болмақ.
– 2016 жылдан бері тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2,6-дан 14,9 пайызға өсті. Алайда мұның өзі аз. Жиналған қалдықтарды азайту үшін Waste to Energy жобасын енгізу ұсынылды. Бұл бойынша өртелген қоқыстан алынған электр энергиясы желілерге беріледі. Аталған механизм Еуропада жақсы қырынан көрінді. Әрі оны енгізу жеке инвесторларды тарту мәселесін де шешеді. Соның нәтижесінде, 2025 жылға таман қалдық көлемі 30 пайызға азайып, 180 млрд теңгеден астам инвестиция тарта аламыз, – деген еді министр.
Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы өткізген конференцияға қатысқан Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жету керек екенін айтты.
– Қоқыс өртейтін зауыттарды іске қосқаннан кейін біз қалдықтарды сұрыптамаймыз деген пікір бар. Бірақ қалдықтарға қатысты көп сатылы жүйені қарастырып отырмыз. Қоқыс өртейтін зауыт – соның бір бөлігі ғана. Аталған жүйе бойынша қайта өңдеуге болатын барлық элемент қоқыс ішінен алынып, өзге аса қауіпті, радиоактивті элемент жойылып кетеді. Қалдықтарды бөліп жинау көлемі тек өсе береді. Зауытқа қайта өңдеуге, сұрыптауға келмейтін қалдықтар жіберіледі, – дейді А.Пірімқұлов.
Қоқыс өртейтін зауыт алдағы 2-3 жыл ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Өскемен және Қарағанды қалаларында салынбақ. Сол үшін жылдың екінші жартысында инвесторларды іріктеу жүргізілмек. Ал қазір ведомство жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жер телімі, қажетті инфрақұрылым мәселелерін шешіп жатқан көрінеді.
Француз сарапшысы Пьер Хитцбергердің айтуынша, Парижде энергетикалық утилизация жасайтын үш зауыт бар.
– Зауыттарда қайта өңдеуге жарамсыз және тым қатты ластанған қалдықтарды утилизациялайды. Ондай кешендер тұрғын үй аудандарында жұмыс істейді және лас қалдық бөліп шығару тұрғысынан қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Егер термиялық өңдеуден шығатын қалдықтар мен түрлі өндірістен бөлінетін қалдықтарды салыстырар болсақ онда азот оксиді бойынша автотранспорттар (51 пайыз) алда тұр, бөлінетін лас шығарындылардың 21 пайызы құрылыс саласына тиесілі. Waste to Energy зауытынан бөлінетін лас қалдықтар деңгейі өзге позициялармен салыстырғанда әлдеқайда төмен, – дейді сарапшы.
Химиялық қауіпсіздік проблемалары бойынша сарапшы Валерий Петросян қоқыс жиналатын полигондарды жай әсер ететін химиялық бомба деп бағалайды. «Қалдықтарды энергетикалық утилизацияға жіберу – қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесі және қайта өңделмейтін қоқыстарға қатысты маңызды рөлге ие. Өйткені бұл – қалдықтардың көзін жоюдың жалғыз шешімі» дейді ол.
Ауру тудыратын жоба
Бір Мәскеудің өзінде дәл осындай төрт зауыт бар екен. Енді біртіндеп тұрғыны миллионнан асатын қалаларға мұндай зауыт ауадай қажет бола түсетін секілді. Дегенмен бірқатар эколог басқаша ойлайды. Эколог Сергей Цойдың айтуынша, министрліктің бірнеше қалада мұндай зауыт саламыз деп белсенуі қаражатты игерудің амалы ғана.
– Министрліктің қоқыс өртейтін зауыт туралы жобасы қоғамның үлкен қарсылығына ұшырап отыр. 30 жылда бізде қоқыстарды басқаруға қатысты жағдай ретке келтірілмеді. Енді қоқыс көлемі шамадан тыс асып кеткен кезде оның бәрін жинап, өртей салмақ. Әрі онысы жаңғырмалы және «жасыл технология» деп әспеттеліп отыр. Жобаның қолға алынуы шетелдік инвесторлардың бюджет қаржысын алуына мүмкіндік бермек. Жоба Экология министрінің ұсынысымен, қоғам пікірін ескермей іске асқалы жатыр, – дейді эколог.
Сарапшы бұл шешім қоғамның талқылауынсыз-ақ заңнамаға енгізіліп кетті деп есептейді.
– Сірә, Президент тапсырмасы әсер еткен болар. Бірақ онда басқаша айтылған: «Үкіметке Waste to Energy технологиясын енгізу үшін заңнамалық базаны және қолайлы инвестициялық жағдайларды тез арада қамтамасыз ету қажет» деді. Үкіметке тапсырылды, алайда негізгі рөлді онда неге Парламент алып отыр? Әлде мен бірдеңе түсінбеймін бе? Мүмкін дәл бұлай құпиялық жасаудың бір себебі – жобаның жүзеге асуына, сол жол арқылы қаржы игеруге ерекше мүдделі топтардың лоббиінде жатқан болар, – дейді С.Цой.
Министрліктің бұл жобасына қарсы дайындаған петицияда мынадай дерек келтіріледі.
«Қоқыс өртейтін зауытта қалдықтарды жағып жіберу қатты тұрмыстық қалдық мәселесін шешпейді. Өйткені жаққаннан кейін улы күл қалдықтары пайда болады. Оның үстіне пластмасса құрамында жаққан кезде пайда болатын қауіпті хлорланған диоксиндер (тұрақты органикалық ластаушылар) түзіледі. Газ тазартқыш жүйелер ұшпа күлге қонақтап қалған барлық тұрақты органикалық ластаушыларды жойып жібере алмайды. Ол ұшпа күл адамдар мен жануарларға тарап, суға түсіп, созылмалы респираторлық ауруларды, қатерлі ісікті тудырады» делінген петицияда.
Қолдаушылардың бірі Әлия Сәлменова жобаны экономикалық және экологиялық тұрғыдан да тиімсіз деп санайды. Жобаны Үкімет қолдап тұр, бірақ қоғам белсенділері қарсы. Тайталастың қашанға созылары белгісіз. Бізде қоғам қарсылығына тап болғанына қарамастан емін-еркін қабылданып кете барған бастамалар көп-ақ. Қоқыс өртейтін зауыт та соның бірі атанып кете бара ма, әлде жарты жолдан тоқтай ма, ол да белгісіз. Егер белсенділер айтқандай бұл расымен қоқысты жойғанымен, жаңа ауруларға жол ашып берер жоба болып шықса ше? Бастама әлі біраз талқыны, соған сай әлі біраз жетілдіруді қажет ететін секілді.