• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Мамыр, 2021

Жігер алға жетелейді

499 рет
көрсетілді

Көкіректегі үміт отын алаулатып, қатарынан кем қалдырмай, алға сүйрейтін, алға сүйрегенде де алысқа жетелейтін адамның жүрегіндегі жігер-ау, сірә! Тіршіліктің түйіні уысынан шығып бара жатқанда жалаулы жасыл дүниеге деген іңкәр махаббатын мелтектетіп, алдынан сара жол ашатын алапат күш – сенім.

Жалғас Тайкенов – Атбасар қаласы­ның тумасы. Балалық шағында бұлардың отбасы автобус паркіне қарама-қарсы тұрды.  Неше түрлі көлік паркке бірі кіріп, бірі шығып, құмырсқаның илеуін­дей қайнап жататын. Неге екенін кім біл­сін, бала біткен осы жерге әуес. Үл­кендер әлденеден сақтандырып, қуып жат­са да, қайта айналып осы жерді табады. Әлде, сәби көңіл тіршілік тамыры ты­нымсыз соғып жатқан жерді қалап тұра ма екен? Көңілдеріне қорқыныш кірмейтін. Дәу автобустардың гүжілдеп жүретініне, көшенің шаңын аспанға көтеріп, ағылып жататындарына бойлары әбден үйренген. Жазмыш дегенің ешқашан айтып келмейді ғой. Қауіп-қатер де табаныңның астында.

Төрт жасқа енді толған шағы. Аула­дағы ойын жалықтырған соң ересек ба­лаларға ілесіп автобус паркінің алды­на келген. Осы жерде жасырынбақ ой­нады. Кезек-кезек. Әуелі біреулері ты­ғы­лады, екінші топ оларды жаза баспай тауып алуға тырысады. Жасырын жер белгілі болып қалған балалар қолды-аяққа тұрмай, жас құлындай ойнақтап, тынымсыз жүгіреді. Жалғас та жүгіріп жүрген. Ойын баласы емес пе, төніп келген қауіпті елей қоймады. Қапелімде автобустың астында қалғаны. Апаттың нәтижесінде сол аяғын жоғалтты.

Сәби сана қатал тағдырдың аяусыз екендігін осы жолы ұғынған. Енді бая­ғыдай балалармен жарысып жүгіре алмайды. Жүгіргеніңіз не, шоқалақтап жалғыз аяқпен қарға адым жер аттаудың өзі мұң. Ата-анасының қабағын кірбің шалған. Бұл жұқалап айтқанымыз ғой, әйтпесе перзентінің өмір-бақи мүгедек болып қалуы қасірет-қайғының үлкені емес пе?!

Бес жасында алғаш протез киген. Жүруге қолайсыз екен. Ал құлдыраңдай жүгіру түске де енбейтін шығар. Алға­шында жасанды аяқпен жүріп кетеріне күмәнданған. «Басқа түскен баспақшыл» демекші, бір сүрініп, бір жығылып жүріп, бұған да үйренуге тура келді. Бала кезінде ештеңе емес еді, есейе келе иығына түскен жүктің қаншалықты ауыр екендігін ұққан. Тал-шыбықтай бұралып, өсіп, жетіле келе. Оның үстіне көрші-қолаңның көргенде мүсіркеп тұрғандығын, ет бауырлары езіліп, аяп тұрғандығын байқайды. Аяғанды ұнатпайды. Тағдырдың жазуы осы. Енді қалғаны сол – қатал, адам баласын аяуды білмейтін тағдырмен күресу. Маңдайға жазғаны осы екен деп салы суға кетіп, отырып қалған жоқ. Қолайсыз болса да алға ұмтылуға тырысты.

Бір жақсысы, достары мұны жақ­сы түсінетін. Олардың еш­қайсысы мүгедектігін бетіне айтпақ тү­гіл, ым-ишарамен де білдірген жоқ. Мі­не, нағыз дос деген осындай болар! Олардың бойындағы дос көңілін жан-жүрегімен сезінетін. Өзі де сол достарының сенімін ақтауға тырысты. 15 жасында воркаут әлеміне енді. Оқыр­манға түсінікті болуы үшін сәл ға­на таратып айта кетелік. Бұл өз салма­ғы мен денесін басқарудың тамаша тә­сілі.

Әлемге аты шыққан спортшылардың өмірін зерттеді. Олардың талабы мен табан­дылығынан тағылым алды. Сөйт­се, өзі тәрізді мүмкіндігі шектеулі спорт­шылардың шырқау биікке шығуына себеп болған ұлы күш – рух екен. Ендеше, Жалғас та жақсылардың ізіне жалғасып, рухы күшті адам болуға тиіс.

– Мотивациялық бейнебаяндар­ды көп көрдім, – дейді Жалғас Тайке­нов. – Көше спортшыларының іс-қимыл­да­рынан тәлім алдым. Олардың керемет қимылдары, тіпті он екі мүшесі сау адам­­дардың жасар-жасамасы белгі­сіз әре­кеттері айрықша шабыт беретін.

Көп уақыт өтпей Жалғас та осындай қи­мылдарды жасай бастады. Алғашқыда жұрт көзінен таса жерде, көзге түспей қимылдауды жөн көретін. Кейін «көрсе, кө­ре берсін» деп ойлады, ұят ештеңесі жоқ қой.

Жалғастың осы бір ерлікке пара-пар іс-қимылынан құлақтанған жұрт өз көз­дерімен көру үшін қаумалай қоршап тұратын. Сәл уақыттан соң көше спортшы­лары бірнеше команда құрып, өзара жарыса бастады.

Іс-қимылдардың түр-түрін күн са­йын байытып отыратын Жалғас жанына жігер беретін жаттығулардың қатарына жүзуді де қосты. Суда жүзген қандай тамаша?! Майда толқындар кеудеңе соғылып, қақ айырылып жол беру үшін құлаштай жүзіп алға ұмтылуың керек. Құтты өмірдің өзі тәрізді. Толқын деге­ніңіз төтеннен жолыққан, жолыңды кесетін кедергі. Ал сен болсаң, қат-қа­бат кедергіні қақырата жарып алға жү­зіп келесің. Бойыңда бұла күш бар, таусылып бітпестей қуат бар. Жүзе алатыныңа, қиындық атаулыны жеңе алатыныңа сенесің. Сүліктей болып судан шыққан соң қара жердің үстін­дегі тіршілік басталады. Жаңағы су ішін­дегідей қауырт қимыл қажет. Сонда ғана қатарыңнан кем қалмайсың.

Әлеуметтік желі арқылы параканоэ туралы егжей-тегжейлі білім алды. Бұл тірек-қимыл мүшелері зақымданған адам­дарға арналған құдды су үстінде қалт-құлт етіп толқыған қайық тәріздес дүние. Спорттың мұндай түрімен Қа­зақ­станда ешкім айналыспаған екен. Жаңа­лыққа жаны құмар Жалғас қатты қызықты. Ел естіп көрмеген, жаңа сипаттағы, денсаулыққа пайдасы ұшан-те­ңіз, жігеріңді жанып, қайратыңды есе­лейтін спорт екен.

Спорттың жаңа түрімен айналысып, халықаралық деңгейде ел намы­сын қорғағысы келді. Бойындағы жастық жігерді, нағыз азаматтарға тән өр на­мыс­ты осы арқылы дәлелдемек. Ұм­тылысын мемлекет те қолдап, бюджет есебінен Ресейге жаттығуға жіберді.

Топ спортшының ішінде Жалғасты намысқойлығы, еңбекқорлығы ерек­шелендіріп тұратын. Тал бойындағы тамаша қасиетті тәлімгерлері де байқады. Ерек­ше назар аудара бастады. Түптің түбінде топ жарып шығатын жүйрікке қа­жетті қасиеттің бәрі бар. Ең бастысы, ерек­ше еңбекқор. Талпынуға тура кел­ді. Табыс тұла бойындағы талант пен еңбек ұштасса ғана келмек. Аз уақыттың ішін­де Азия чемпионатында мерейі үстем бол­­ды.

Жақсылық атаулы қаперге ілінбей қалатын кез емес. Ел бірден құлақтанған. Қазақстандықтардың арасында да параканоэ спорт түріне қызығушылар біртіндеп көбейе бастады. Жеке өтініш айт­қандар да аз емес. Шымкенттік Бей­барыс Спатайға осы бағытта білікті­лігін арттырып, дамуына қолұшын берді.

Шынтуайтын айтқанда, спорттың бұл түрі ауа райына тәуелді. Көктемнен күзге дейін ғана жаттығуға болады. Ең қолайлы орындар – Шымкент маңын­дағы су қоймалары. Қыста спортшылар Өзбек­станға барып жаттығады.

Жаттығу үшін Жалғасқа заманауи протез алу қажет болды. Жанашырлары әлемге аты шыққан компаниялармен байланысып, тапсырыс берді. Бес миллион теңге қажет екен. Дос-жолдастың көптігі осындайда керек. Өзі қалап сұра­маса да, құлақтанған адамдар әп-сәтте жи­нап берді.

Бүгінде Жалғас Түркістан облысын­да жаттығып жүр. Тамыз айында Токиода өтетін Олимпиада ойындарына барын салып дайындалу үстінде. Жігерлі жас жігіттің жеңіс тұғырына көтерілетініне жерлестері кәміл сенімді.