• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Мамыр, 2021

Цифрлы теңге – цифрлы эволюция ма?

2424 рет
көрсетілді

Ұлттық банк цифрлы валютаны енгізу үшін қоғам талқы­лауына «Цифрлық теңге» есебін жариялағаны белгілі.

Баяндамада мұның Қазақстандағы цифрлы экономикаға бейімделген ақшаның жаңа түрі екені, Ұлттық банк шыға­ратыны айтылған. «Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны немесе қолма-қол ақшасыз төлемнің орнын ауыстыруға арналмаған, бірақ онымен қатар қолданылады» делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Елде цифрлы валютаны енгі­зудің түрлі сценариін әзірлеу Ұлт­тық банктің экс-төрағасы Гри­горий Марченконың кезінде басталғаны мәлім. Ол өзінің теле­арнаға берген сұхбатында Ұлт­тық банк Үкіметтің қара­уына цифрлы ақшаны дамы­ту туралы заң жобасын дайын­дағанын жеткізген болатын. Бірақ сол кезде Министрлер ка­бинеті бұл заң жобасын Пар­ламентке ұсынуға ықылас таныта қоймады. «Егер бізді сол кезде Үкімет қолдаған болса, онда Қазақстан цифрлы ақшаны енгізген алғашқы ел болар еді» деген еді экс-төраға журналис­термен кездесуінде.

Ал Ұлтттық банк сайтында жа­­рияланған баяндамаға көз жү­гіртсек, цифрлы теңге қол­да­­нысқа енеді. Бұл үш қағи­дат­қа негізделген: жаңа валюта ақ­шалай немесе қаржылық тұ­рақ­­тылыққа әсер етпеуі керек; ақшаның қолданыстағы түр­лерін толықтыруы тиіс; тө­лем тиімділігін арттыру және ин­но­вацияны дамытуға ықпал етеді.

Жалпы төлем жүйелерінің сан­­дық трансформациясы әлем­нің көптеген орта­лық банктері үшін маңызды рөл атқарады. Осыған дейін Қазақстанның Ұлт­тық банкі Цифрлы валюта жө­ніндегі халықаралық зерт­теу тобының жұмысына қа­ты­сып, Халықаралық есеп айы­ры­су банкімен және Халық­аралық валюта қорымен бір­ге цифрлы валютаны реттеу тәсілдерін зерт­теген. Ұлттық банк Қытай Халық Респуб­ли­касында, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдерінде, Канадада, Сингапурда және Еуропалық Одақта цифрлы ва­­лютаны енгізу бойынша қанатқақты жобалардың ба­қылаушысы ретінде де тір­кел­ген. Енді елімізде цифрлы теңгенің әсерін бағалау бо­йынша зерттеулер сериясын ұсы­нып, цифрлы валютаның ерек­шеліктері мен тиімділігін талқылау үшін бірнеше сессия өткізу жоспарланып отыр. Осы жұмыстың қорытындысы бо­йынша цифрлы тең­гені енгізу қажеттілігі туралы шешім қа­былданбақ. «Ұлттық банк бұл жұмысты қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халық­аралық серіктестермен бірлесе жүргізеді», деп хабарлайды Ұлттық банк өкілдері.

Ұлттық банк төрағасының кеңес­шісі Олжас Төлеуовтің айтуынша, транзак­ция­лық, тех­нологиялық шығындар төмен­деген сайын сол төлемнің ба­­­ғасы да тө­мен­дейді. Яғни банк­­аралық және бас­қа на­рық қа­­ты­сушылары арасындағы тө­­лемдер құны төмендейді де со­ның есе­бінен комиссия­лар да азаяды. «Біз цифр­лы тең­ге­нің қажеттілігі туралы ше­шім қабыл­данбас бұрын тә­жі­рибе жүргіземіз. Бұл өзіндік «зертханалық эксперимент» бо­лады, соның шеңберінде цифр­­лы теңгені енгізудің кей­бір ас­пектілерін тексереміз», дейді Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі.

Цифрлы теңгені енгізудің тиімділігімен қатар, тәуекелі де бар. Жүйені енгізерде кем-кетіктің бәрі ескеріледі. «Тө­лемнің бұл түрін енгізу арқылы үш түрлі мәселемен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Оның бірі киберқауіпсіздік, жеке дерек­тердің құпия­лылығына қатыс­ты тәуекел болса, үшін­шісі макроэкономикалық әсерге қа­тысты», дейді О.Төлеуов.

Баяндаманы талқылауға 150-ден астам адам қатысқан. Онлайн-кездесу барысында жобаны жүзеге асыру кезіндегі тех­нологиялық шешімдерге, сондай-ақ цифрлы валютаның ақша-несие саясатына және ­Қаз­ақстанның қаржылық тұ­рақ­ты­лығына қатысты 100-ден астам сұрақ келіп түскен.

Қаржыгер Мақсат Халық алғашқы кезде цифрлы теңге­ні криптовалюта немесе бит­коин форматында дайындаған жөн деген пікірлердің басым болғанын, қазіргі ұсыныс – блок­чейн технологиясына ба­сымдық беріп тұрғанын айтты. Яғни цифрлы ақша ең алдымен көлең­келі экономиканың жолын кесуге пайдалы. Бұл жағдайда ақша ағынын тек Қаржы ми­нистрлігі емес, барлық сегменттен бақылап отыруға мүмкіндік туады. Көлеңкелі экономика үлесі 30 пайызға жетіп қалған Қазақстанға бұл үлкен мүм­кіндік екенін тәуелсіз сарапшылар да айтып жатыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабар­лауынша, елдегі ең танымал fintech бағыттар – электронды тө­лемдер, аударымдар, валютаны конвертациялау және он­лайн-сақтандыру сегменттері IT-мен интеграциялауды бастап кет­ті. Цифрлы ақша туралы әлем­дік додаға біз де қосылып кет­тік.

Халықаралық ақша ауда­рым­дары сала­сындағы көш­басшы Western Union компания­сы ең ірі банктердің бірі «Банк ЦентрКредит» АҚ-пен бірге, westernunion.kz сайтын іске қосып, тұтынушыларға жа­қындары мен туыстарына 24/7 режі­мінде әлемнің кез келген жеріне ақша аудару мүм­кіндігін ұсынып, цифрлы же­лі­­сін кеңейтіп жатыр. Бүгінгі таң­да он­лайн-қызметтер дүние­жүзі бойынша 70-тен астам ел мен аймақтарда қолже­тімді. Енді цифрлы ақша аударымдарын Қазақстандағы клиенттер де тұтына алады. Бұрын ТМД елдерінде бұл сервис Украина мен Ресейде іске қосылған болатын.

Сарапшылардың пікірінше, бірнеше жылдан кейін цифр­лы ақша дәстүрлі ақша­лар­дың орнын басады және бұған қажетті барлық алғышарт бар. Со­нымен қатар сарапшы­лар әлемнің көптеген елі 2025 жылдан бастап, цифрлы ақшаға кө­шеді деген батыл болжам айта бастады. Оңтүстік Ко­рея, Швеция және Қытай сияқ­ты елдер 2020 жылдың орта­сынан бастап, өздерінің цифр­лық ақшаларын дамыту жағдайын ұдайы тексеріп келеді. 2020 жылдың қазан айын­да Еуропалық орталық банк (ECB) өзінің цифрлы еуро жобасын жариялады. Сонымен бірге, оның басшысы Кристин Лагард цифрлы төлемдерге деген сенімділікке қарамастан, цифрлы еуро әдеттегі еуроны еш­бір жағдайда алмастырмауы керек, тек оны толықтыруы керек деп атап өтті.

Alpari-дің аға талдау­шы­сы Анна Бод­рова шын мә­нінде қазіргі уақытта Ұлт­тық банк үшін цифрлы валютаны енгізу тұр­ғысынан әлемдік әріп­тестерден қалыспауы керек деп санайды. «Мұндай механизмді әзірлеу мен жүзеге асырудың жос­пары мен нақты стратегия­сы болуы керек. Цифрлы теңгенің не үшін қажет екенін түсінген жөн болар еді, өйткені дәл қа­зір цифрлы эволюцияның со­ңында қалмау қажет. Мұндай ме­ханизмді біз әлі қолданып көр­ген жоқпыз», дейді талдау­шы.

А.Бодрованың айтуынша, ғалам­дық цифрлы валюта – қауіпсіздік, опера­ция­лар­­дың жылдамдығы және есеп­­ке алу мен бақылаудың қа­ра­­пайымдылығы. Ресейдің Ор­талық банкі цифрлы рубльдің енгі­зілуін белсенді түрде зерттеп жатыр, 2020 жылғы қазанда Орталық банк цифрлы рубль тұжырымдамасын әзірлеп, оны нарық ойыншылары мен сарапшылар қауымдастығының талқылауына ұсынды. «Мұның бәрі экономикаға тиімді. Цифр­лы теңгені енгізу үшін іс жүзінде ешқандай қауіп жоқ, бірақ мұнда әлемдік тәжірибе мен технологияларды ескеру қажет, егер оны тиімді пайдалану мүмкін болса, прогресті үнемдемеу керек. Валютаның мұндай түрі заманауи және технологиялық тұрғыдан дамыған», дейді сарапшы.

SoftLink талдаушысы Дмит­рий Лука­шов Қазақстан Ұлт­тық банкінің цифрлы валю­та­ға көшетін кезі келді деп есеп­тей­ді. «Цифрлы теңгенің ен­гі­зілуі Қазақстандағы эконо­ми­калық өсуді тездетіп, қол­ма-қол төлемдерді қауіпсіз әрі жыл­дам етуі тиіс. Бұл опе­ра­циялардың ашықтығын, са­лық жинауды арттыру арқы­лы Қазақстанның бүкіл қаржы жү­йесінің тұрақтылығын арт­тырады, сонымен қатар қыл­мыстық жолмен түскен кіріс­тер­ді заңдастыруға қарсы тұ­руға мүмкіндік береді», дейді Д.Лукашов.

Оның айтуынша, маңызды фактор – экономиканы цифр­ландыру процесінің алға жылжуы. Осы тұста сарапшылар цифрлы теңге мен электронды ақша арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарға назар аудару қажеттігін ескертіп отыр. Бұған Ұлттық банктің баяндамасында ерекше тоқталған. «Цифрлы теңге Ұлттық банк эмис­сиялайтын ақшаның қо­сымша нысанына айналады, ал электронды ақша нақты төлем жүйесінің инфрақұрылымы шеңберінде ғана қолданылады және оның ішінде оны жеке ұйымдар эмиссиялай алады. Басқаша айтқанда, электронды ақша бір төлем жүйесі шең­берінде өз функцияларын орындайды. Бұл активтер тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жаппай ақы төлеу үшін қолданылмайды, сондай-ақ ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құ­­нының тұрақсыз болуына ба­й­­ланысты толыққанды құн өл­шемі және айналыс құ­ралы ре­тінде пайдаланылмай­ды. Өз кезегінде, цифрлы түр­де эмис­сияланатын ұлттық ва­лю­­таның (цифр­лы теңгенің) тө­лем айналымының бар­лық қа­тысушысының мүддесі үшін оның орнықты жұмыс істеуін қам­тамасыз ететін бірыңғай эми­­тенті болады», делінген баян­­дамада.

EXANTE халықаралық ин­вес­тициялық компаниясының тал­даушысы Андрей Чебо­та­рев мұндай валюта экономиканы кө­леңкеден шығаруға жә­не нақты бір банк­тің емес, бү­кіл ақша жүйесіндегі цифрлы қыз­меттерге қарапайым жолмен қол жеткізуге көмектесетініне сенеді. «Бұл цифрлы жүйе қа­ра­пайымдылығымен ерек­ше­ленеді. Қосымша шығындар азая­ды. Өйткені цифрлы актив жылдам және арзан. Мұндай төлемдер әртүрлі қаржы институттары мен әртүрлі банктерден аударымдар арасындағы комиссияларды азайтады. Заңды тұлғалар арасындағы аударымдар да арзан болады», деп түсіндірді А.Чеботарев.

Алайда мұндай иннова­ция қолма-қол ақшамен жұ­мыс істеуге және салықтан жал­та­­руға үйреніп қалғандардың қарсы­лығына ұшырауы мүмкін. Себебі қолма-қол ақша – кез келген салықтан және «ақша қайдан келді?» деген сұрақтардан құты­лудың ең оңай тәсілі. Ал ақша цифрлы сипатқа ие бола салысымен, оны қайдан, кім алғаны бірден айқындалады.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдас­тығының қаржы технологиялары және инно­ва­ция­лық секторының директо­ры Константин Пак цифр­лы теңгені шығару туралы ше­шім экономикалық агенттер, ақша-несие саясаты мен қар­жылық тұрақтылық үшін бар­лық ықтимал жеңіл­дік пен тә­уекелдерді жан-жақты талдап, зерттеуді қажет етеді деп санай­ды.

Сарапшылар цифрлы теңге­ні енгізуден ұтылмайтыны­мыз­ды, бірақ әлемдік тәжі­рибе мен технологияны ескеру керек­ті­гін айтады. «Халықаралық зерт­теулерге сәйкес, цифрлы валю­таны енгізудің артық­шы­лық­тары мен тәуекелдері туралы ашық сұрақтарға аналитикалық түрде сенім­ді жауап беруге болмайды, өйткені тал­даудың көбі – болжамдар. Сондықтан бұл мәселені шешудің ең қолай­лы тәсілі – қанат­қақты жоба шеңберінде цифрлы теңгені пай­даланудың түрлі сценариін тексеріп көру.

Қазір көптеген мемлекеттер цифрлы валюта жобасына жеке атау беруге назар аударып жатыр. ҚХР-дың Халық банкі оны «DC/EP» деп атаса, Уругвайдың орта­лық банкі – e-Peso, Швецияның орталық банкі – e-Krona, Украинаның ұлттық банкі – e-Hryvnia, DXCD, Сингапур валюталық басқар­масы – Ubin, ал Канада банкі Jasper деген ат берді. Қазақстан әзірше Ресей одақтасы (цифрлы рубль) секілді «цифрлы теңге» деген шартты атауды пайдаланып отыр.

Бірқатар сарапшы ЦТ «алтын» деген атты иеленуі мүмкін дейді. Қандай атау­ға ие болса да цифрланған валютаның іргесі берік қалануы керек. Себебі, алтын атауы да, теңге атауы да біздің түсінігімізге жат емес.

 

АЛМАТЫ