Партияның Орталық аппараты кеңсесінде “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Франция Республикасы Парламенті Ұлттық Ассамблеясының депутаты, “Халық қозғалысы үшін одағы” партиясының халықаралық істер жөніндегі өкілетті өкілі Тьерри Марьянимен кездесті, деп хабарлады осы партияның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин партия жұмысының басым бағыттары туралы, Қазақстан Республикасының Президенті, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның алдына қойған мақсат-міндеттері жайлы баяндады.
Тараптар басқарушы екі партияның: “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы мен “Халық қозғалысы үшін одағы” партиясы арасында жақын қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Айталық, партиялар арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, екі партия да мүшесі саналатын Орталықтандырылған интернационал демократиялық партиялар атқарушы комитеті аясында белсенді іс-әрекет танытып келеді. Сондай-ақ, болашақта жүзеге асырылатын басым бағыттар сөз болып, екі жақты әріптестіктің одан әрі кезеңмен дами беретініне сенім білдірілді.
Өз кезегінде Т.Марьянни Қазақстанның Орталық Азиядағы саяси тұрақтылықты, ЕҚЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.