• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2021

Алға ұмтылған Ақмола өңірінде сәтті шаруа ретімен сабақталуда

483 рет
көрсетілді

Ақмола облысының Ақкөл, Целиноград және Ерейментау аудандарында ауыз толтырып айтарлық толымды істер бар. Бірлігі бекем өңірдің берекесі молаюына бірқатар мемлекеттік бағдарламаның септігі тиюде. Нәтижесінде, әлеуметтік-экономикалық ахуал көп-көрім жақсарып, әсіресе ауылдық жерлердің ажары кіріп келеді.

Сапар барысында алдымен «Ақкөл-Горкомхоз» коммуналдық кәсіпорнына қарасты жаңадан салынған «Восточный» бу қазандығымен таныстық. Кәсіпорын дирек­торының міндетін атқарушы Мұ­ратбек Әлімбаевтың айтуына қара­ған­да, мұнда Щучинскідегі зауытта жа­салған «КВТС-3,5» маркалы 4 қазан­дық орнатылыпты. Қуаты мол қа­зандық 22 көпқабатты тұрғын үй, 535 тұ­ты­ну­шы және бірқатар әлеуметтік ны­сан­ды өткен қыста жылумен қам­та­ма­сыз еткен. Жұмыстың барлығы авто­мат­тан­ды­рылған.

Кеңес ауылдық округіне қарасты Домбыралы ауылында тауарлы сүт фер­ма­сының құрылысы жүргізілуде. «Ақкөл АГРО» серіктестігінің бас директоры Мәди Есқараев 300 бас сауын сиырға арналған нысан биылғы төртінші тоқсанда іске қосылады деп сендіруде.

– Бурабай ауданындағы жеке кәсіп­кер Әбдірахмановтан 40 бас симменталь тұқымды ірі қара сатып алдық. Қазір Гер­ма­ниядан асыл тұқымды сауын сиыр мен қондырғылар жеткізу қолға алынып отыр. Мемлекет тарапынан субсидия және жеңілдетілген салық арқылы қолдау күшті. Толық іске қосылған ке­зі­мізде жылына 500 тонна табиғи сүт өн­діріп, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Пав­ло­дар қалаларының сүт зауыттарына өткізуге мүмкіндік туады. Бүгінгі күні 20 жұмыс орны ашылып отыр, дейді бас директор.

Домбыралы ауылындағы дәрігерлік амбулатория төңіректегі 5 елді мекенде тұратын 1576 адамға қызмет көрсетеді. Жедел жәрдем көлігі келісім бойынша жалға алыныпты. Амбулатория қажетті медициналық құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Целиноград ауданындағы «Сивка-Бурка» шаруа қожалығы – ісі нәтижелі ұжымның бірі. 2016 жылы «Құлан» бағдарламасы аясында несие алып, үйірлі жылқы сатып алыпты. Қожалық басшысы Игілік Талкенов кейін «Сыбаға» бағ­дар­ламасы арқылы 138 бас сауын сиыр, герефорд тұқымдас 6 бұқа сатып алған. Малсақ қауым берекелі еңбек етуінің нә­ти­жесінде түлік төлінен өсіп, 400 бас­қа жеткен.

– Жергілікті малды сіңіре будандас­ты­рып, тұқымын асылдандырып жатыр­мыз. Былтыр қасапхана салдық, келе­шекте ет өңдеу жұмысын жолға қой­мақпыз. Мал азығын өзіміз дайын­дасақ, табыс та молая түсер еді. Алдағы жылы мал азығы дақылдарын егуді ұйым­дас­тыр­мақшымыз. Жайылым, ш­а­бын­дық жеткілікті. Сондықтан малды өз төлі есебінен көбейтуге мүмкіндік әбден бар. Қожалықтағы қара малдың басын 1 мыңға жеткізгіміз келеді. Осы арада ауылда тұрып, игілікті көбейтемін де­ген­­дерге мемлекет тарапынан көп кө­мек көрсетіліп отырғанын айта кетуге тиістіміз. Ауылда қазір жұмыс емес, жұ­мысшы жетіспейді, – дейді қожалық басшысы.

Шаруасы оңынан оңғарылған елді мекенде желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жайы да айта кетерлік екен. Осындағы «Зерек бала» интеллектуалдық дамыту орталығының жұмысы кәдімгі қалалық жерлердегі мектепке дейінгі мекемелерден сынықсүйем кем емес.

– Орталықта 72 бала тәрбиеленуде. Әртүрлі пәндер бойынша терең білім нәрін сіңіруге тырысудамыз. Ағылшын тілі пәнінен шетел азаматы дәріс береді. Жаман тұмау жайлаған карантин кезінде онлайн режімінде жұмыс істедік, – дейді орталық директоры Ақбота Санжарова.

Елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. «Мейір-М» компаниясы кұрылыс участогының басшысы Сағынтай Кенжетаев өз сөзінде спорт нысаны «Ауыл – ел бесігі» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында салынып жатқанын, оның құрылысы 840 млн теңгеге бағаланғанын айтты.

– Құрылыстың материалдары Ново­сі­бір қаласынан әкелінді. Бүгін­гі күні сыртқы жұмыс аяқталып қалды. Ішкі әрлеу, абаттандыру және инженерлік жұ­мыстары қолға алынды. Қазір құры­лыс­та 70 адам жұмыс істейді. Спорт ке­шенінде бассейн, екі жаттығу залы, дәм­хана болады. Нысан биыл үшінші тоқсанда толық пай­далануға беріледі, – дейді учаске басшысы.

Ерейментау ауданында болып, бір­қатар әлеуметтік-экономикалық нысан­ды аралап көрдік. Алдымен, Ерей­мен­тау қаласындағы екі 45 пәтерлік жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй құрылысының алаңында болдық. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Хамит Дәулеттің айтуына қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үш тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен.

– Биыл құрылысы аяқталатын несие­лік тұрғын үй кезекте тұрған отбасы­ларға беріледі. Екінші тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Шілде айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 60 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы басталды. 2025 жылға дейін 17 көпқабатты тұрғын үй салу жос­парланып отыр. Ауданда 700-ден астам адам пәтер кезегінде тұр. Құрылыс қарқыны осы деңгейде болса, бірер жыл­дың ішінде кезекте тұрғандарды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – дейді бөлім басшысы.

Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 734 млн теңге қаржы бөлініп, Ерейментау қаласында орналасқан №5 бу қазандығын және жылу құбыры жүйесін қалпына келтіру жұмысы басталған болатын. Биыл «Көкшетау Хлебстрой» серіктестігі бұл жұ­мыстың екінші кезеңін жүргізуде. Бүгінгі күні барлық жұмыстың 80 па­йызы атқарылыпты. Нысанды қалпына келтіру жұмысы 1 шілдеде толық аяқталады.

Қуаты 30 МВт Golden Energy Corp жел электр стансасының септігі мол.

– Бұл нысанның құрылысы 2019 жылы басталды. Жобаның құны 7,2 млрд теңгені құрайды. Қаржының 30 пайызы жекеменшіктікі. Өткен жылы жобаның бірінші кезеңін, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 30 МВт жел паркін іске қостық, – дейді кәсіпорынның бас энер­гетигі Виктор Зулин. – Қазір барлық тур­бина жұмыс істейді, 17 жел генераторы орнатылды. Оның әрқайсысы – 1,8 МВт. Мәселен, жел паркінің қуаты Ерей­ментау ауданының тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді. Қазір өндірілген электр қуаты бірыңғай республикалық жүйеге беріледі. Компания қала бюджетіне салық төлейді, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Торғай ауылы маңында жел паркі салынады деп жоспарлануда. Бүгінде 3 жел генераторы сатып алынды, – дейді бас энергетик.

Жол Торғай ауылына жетеледі. Шоқ жұлдыздай шағын ауылда да игіліктің ізі бар. Жеке кәсіпкер Александр Шевченко қатты ірімшік қайнататын цех ашыпты.

– Алғашында сыныптасым екеуміз жұ­мыс істедік. Үш жылдан бері алты адам жұмыс істейміз. Қатты ірім­шік­тің 12 түрін шығарып, Нұр-Сұлтан қала­сындағы сауда сөрелеріне жеткізе­міз. Тұрақты тұтынушылар қалыптасты. Тәулігіне 450 литр сүтті өңдеп, 40 кило қат­ты ірімшік дайындаймыз, – дейді кәсіпкер.

Новомарковка ауылының маңында орналасқан «Жаңа береке» серіктестігіне қа­расты «Айдар» шаруа қожалығының жұ­мысы ауыл шаруашылығы дақыл­да­рының шығымдылығын арттыру­ға бағытталған. Бұрын олар 400 гектар алқапты суаратын. Биыл суармалы жер­дің көлемі 600 гектарға ұлғайтылған. Қазір көктемгі егіс жұмысы жүргізілуде. Қо­жалық биыл 300 гектар алқапқа жүгері, 150 гектар жерге судан шөбін, 150 гектарға жоңышқа еккен. Су шашатын қондырғы сатып алыныпты. Мал азығы «Жаңа береке» серіктестігінің мал бордақылау алаңында тұрған 3 мың бас ірі қара малы үшін дайындалады. Ауылда «Новомарковка Агро фирмасы-2010» серіктестігі жұмыс істейді. Се­рік­тестік директоры Серік Ізбасаров биыл 12 мың гектар алқапқа дәнді да­қыл­дар тұқымын сіңірген.

– Көктемгі егіс жұмысында 30 адам жұмыс істеуде. Қазір тұқым қырмандағы ашық алаңда кептіріліп, залалсыздандырылуда. Дала жұмыстары үшін 5 К-700, 2 трактор, тұқымсепкіштер, жүк автокөлігі тәрізді қажетті техникалардың барлығы бар. Былтыр дәнді дақылдарды тазалайтын және кептіретін қондырғылар орнаттық. Қырманға асфальт төседік. Астық қоймаларын жөндедік. Мемлекет субсидия түрінде қолдау көрсетеді, – деді серіктестік директоры.

Ауыл ауылды аралап, тұрғындармен тілдескенде еңбекке деген ынтаның өскенін, қолынан іс келетін адамдардың тырмыса тіршілік етіп жатқанын айқын аңғардық. Ауылдық жерде жұмысқа ынтасы, кәсіпке ниеті бар адамның айналысатын ісі аз емес екен. Мемлекет тарапынан да мол қамқорлық көрсетілуде. Қалғаны шаруаның өзіне байланысты. Ісі оңынан оңғарылса, туған жерінің төсін түлетіп, берекесін кіргізуге әбден болады. Ал береке байланған босаға бақыт құшағында болады емес пе?!

 

Ақмола облысы