• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 26 Мамыр, 2021

Балалар әдебиетінің кредосы – шынайылық

1353 рет
көрсетілді

Кейінгі уақытта қоғамда балалар әдебиетінің хал-ахуалы жиі талқыланып, түрлі бастама көтеріліп жүр. Оған қоса, биыл Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған, «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында осы саланы дамыту үшін үлкенді-кішілі іс-шаралар ұйымдастыруға қаржы бөлініп отыр. Ендігі жерде балалар әдебиетінің жағдайы сәл де болса өзгере ме? Осы орайда балалар жазушысы Бауыржан Ғұбайдуллинмен аз-кем әңгімелескен едік, деп хабарлайды Egemen.kz.

– Қоғамда ата-аналар көбінесе бала­ның тамағының тоқтығы мен киі­мінің бүтіндігіне мән беріп жатады. Ал бала­ның рухани жағынан дамуы мек­тептің еншісінде деп біледі. Отба­сының баланың кітап оқытуға деген бейжайлығын қалай түзетуге болады?

– Абайдың «Қарыны тоқтық, көйлегі көктік, ермегі жоқтық, аздырар адам баласын» деген ғақлиясын меніңше, əрбір ата-ана бала тəрбиесінде ұдайы ескеруі тиіс. Хакім бұл жерде «ермек» сөзін менің түсінігімде, «еңбек», «өнер үйрену» һəм «борыш», «парыз» мағынасында қолданғанға ұқсайды. Яғни, əке-шеше мен қоғам алдында өтелуі тиіс парызы барын түсінген, борышы барын білетін адамның асып-тасуы, яки, Құдайын ұмытып, ешкімді танымай, жан баласын көзіне ілмей, астамсуы мүмкін емес нәрсе.

Мұхтар Әуезовтің «Отбасы өнегелі болса, Отан кемел болады» деп айтқаны бар. Ал кітап оқу, оқығаныңды зердеңе мықтап тоқу – кемелдікке жеткізеді. Егер «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қа­лай жүрсе, артқы дөңгелегі солай жүре­тіндігін» ескерсек, бала кітап оқуы үшін, алдымен ата-ананың өзі кітап оқуы тиіс. Мәселенки, дастарқан басында немесе емен-жарқын әңгіме-дүкен барысында әке-шеше перзентіне өзі оқыған кітаптың әсері, әдеби шығармадағы кейіпкерлердің оң-теріс әрекеттері туралы әңгімелеп отырса, қандай ғанибет һәм ғибрат! Тап осындай тәсілді шәкірттерімен тәр­бие сағаттарын өткізгенде немесе бір орайы келгенде мұғалімдер неге жаппай қолданбасқа?! Бүгіндері оқыған кіта­бынан алған әсерін шәкірттеріне әңгі­мелеп беретін мұғалім некен-саяқ, ілу­де біреу ғана. Неге? Себебі мұғалім­дердің өздері қазір кітап оқып, тіпті көркем әдебиет түгілі, күнделікті газет-жур­нал оқып жарытпайды. Орыс дра­матургі Андрей Битовтың «Егер адам бала­сының өмірінен көркем әдебиет пен өнер­ді алып тастаса, онда адамзат қо­ғамында зеңбіректің гүрсілі мен тиынның шықыры ғана қалады» деген көзқарасы сізге де мәлім болса керек. Міне, осы қауіпті деңгейге қазақстандық қоғам әбден тақалып келіп, қазір тура жар басында тұр... Әлемді тән сұлулығы емес, жан сұлулығы құтқарады. Ал ол, жан сұлулығы көркем әдебиет арқылы қалыптасады. Тоқ етерін айтқанда, әлемді әдебиет құтқарады.

– Бір жағынан, бүгінгі ұрпақ – кі­тап оқымайтын ұрпақ. Бұл – ақиқат. Екін­шіден, балаларға арналған шығар­ма­лардың аз екендігі, сирек жариялана­тыны тағы бар. Осы екі қарама-қай­шы­лықтың қосындысынан шығып отыр ғой бүгінгі мәселеміз. Таразы ба­сын қалай теңестіреміз? Екі тарапты ортақ игі іске қалай біріктіреміз?

– Балалар әдебиетінің тынысы ашылып, көкжиегі кеңейіп, көсегесі көгеруі үшін үшбу мәселеге қатысты мемлекеттік деңгейдегі ұзақ мерзімді қамтитын тұ­жырымдама керек. Ал енді мұндай құжатта қандай маңызды мәселелер міндетті түрде қамтылуы тиіс, ол жағын министрлік пен Жазушылар одағы белгілі балалар ақын-жазушылары мен бастауыш сыныптардың білікті мұға­лімдерін қатыстыра отырып, кең ауқымда талқылағаны жөн.

Рухани құлдыраудан құтылудың та­ғы бір жолы – көркем әдебиетті жү­йелі әрі сауатты насихаттау. Бүгінде қазақ­­стандық телеарналар таным-түсінігі таяз әншісымақтарды жарнамалауға әсі­ре әуес. Неге тележурналистика ас­қақ гума­низмді арқау еткен көркем шығар­ма­ларды, көкейкесті мәселелерді өзек еткен публицистикалық туындыларды наси­хаттауға үлес қоспайды? Мұндай қа­дам әр адамның да, тұтас қоғамның да интел­лектуалдық деңгейін күрт көтеріп, парасат-пайымын да арттырар еді.

– Балалар тақырыбына жазу қан­ша­­­­лықты қиын? Жалпы, балалар әде­­­­бие­тіне қойылатын басты талап қан­­дай?

– Балаларға жазу үшін жан-дүниеңіз­де ең болмаса бір сәтке болса да, мына у-шуы көп дүбірлі дүниеге, мына қу­лық-сұмдығы таусылмайтын әлем-жәлем әлемге баланың бейкүнә көзімен, сәбидің періште пейілімен қарай алатындай ба-­ л­а­­лық аңғалдық, яғни жан тазалығы сақ­талуы шарт. Онсыз балалар иланатындай, балдырғандарды еліктіретіндей шынайы дүние жазу мүмкін емес. Ал жалпы ал­ғанда адамзат қоғамының дамуына, дәуірдің талабына балалар әдебиеті де лайықты болуға міндетті. Мұндай қарым-қабілет, қадір-қасиетсіз қарусыз майдан – идеология саласында балалар әдебиеті бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ендеше, мұндай үдеден көрінуі үшін ең алдымен балаларға арнап әдеби шығармалар жазатын қаламгерлердің ойлау көкжиегі мейлінше кең болғаны ләзім.

– Бұрынырақта жазылған бір мы­сал-әңгімеңізде етікші образы ар­қы­лы болашақ ұрпақты еңбекке тәрбиелеудің өне­гесін баяндапсыз. Сондай-ақ осы шы­ғармада биліктегілердің өз ісі­не сал­ғырттығын, ортақ шаруаға ора­шолақ­тығын әшкерелейсіз. Сы­ны­ңыз­ға ілік­кен сол кейіпкерлер қа­зір өз­герді ме?

– Шынымен де етікшінің ұқып­ты­лығы, еңбекқорлығы өз міндетіне адами да, кәсіби де тұрғыдан үлкен жауап­кершілікпен қарайтындығы, төл миссиясын ақ-адал атқаратындығы кім-кімге де үлгі боларлықтай. Қазақ арасында «Адал кәсіптің жаманы жоқ» деген мәтел бар. Ендеше мүйізі қарағайдай саясаткерлердің өздері етікшіден біраз жақсы қадір-қасиет жамай алады. Мәсе­лен, АҚШ-тың XVI пре­зиденті Авраам Линкольннің әкесі етік­ші болған. Қарапайым етікшінің ұлын әлемдегі ірі де іргелі мемлекеттің нөмірі бірінші басшысы болатындай деңгейде тәрбиелегеніне қалай сүйсінбейсің?! Кәнігі етікшілігімен ел-жұртқа танымал болған кісілер қазақ арасында да болған. Тіпті танымал тұлғалар да баршылық. Мәселен, соңына қалдырған рухани мұ­расы мол әнші, композитор Мәди Бапи­ұлы, сондай-ақ Әлихан Бөкейхановтың, Бауыржан Момышұлының әкелері етікші болған деседі.

Кеңес өкіметінен жиренетінге қоса, үйренетін жайттар да баршылық. Мы­салы, ол кезеңде жоғары білімді жас ма­ман мейлі ол дәрігер болсын, мили­ция болсын, агроном болсын, зоотехник болсын жұмысты ең төменнен бас­тай­тын. Ал қазір билік буындарында жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық айылын жияр емес. Ашы­ғын айтқанда, қазақстандық қоғамда ме­ри­тократия ұстанымдарына қатысты әлі көзбояушылық көп.

– Кейбір шығармаларыңыздың ағыл­шын, француз, бенгал, парсы, орыс тілдеріне аударылғанынан хабардар­мыз. Шығармаларыңызды кімдер тәржімалады?

– Ересектерге арналған «Кие» атты про­залық шығармамды және «Ақ көбе­лек», «Кішкентай «командир», «Қонақ­жай Құтжол» деген балаларға арналған әңгімелерімді ағылшын тіліне Алпамыс Файзолла аударды. Сон­дай-ақ «Киені» парсы тіліне аудармашы Гауһар Омарханова, француз тіліне Талғат Әбдірахманов тәржімалады. Ал үндістандық жазушы Амар Митра «Ақ көбелек», пен «Кішкентай «командирді» бенгал тілінде сөйлетті. Балаларға ар­нал­ған бірнеше әңгімемді Беларусь Жазу­шылар одағы төрағасының орынбасары, жазушы-журналист Елена Стельмах белорус, Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің тілшісі Борис Мырзағалиев орыс тіліне тәржімалады. Студенттік өмір­ден жазылған «Ұялшақ махаббаттың ғұмыры ұзақ» атты көлемді әңгімемді қырғыз тіліне Олжобай Бубатаев, ал «Ор­тақ ерлікті» ұйғыр тіліне Мінәмжан Әсімов аударды.

– «Балалар әдебиеті – үлкен әде­биеттің кіріспесі» деген біржақты пі­кір қоғамда әлі күнге дейін белең алып тұр. Оған балалар әдебиетінің бүгін­гі ахуалы анық дәлел. Алайда, биыл министрліктің бастамасымен түрлі жоба қолға алынды. Әрине, оның бар­лығы айтарлықтай нәтиже бере ме – ол уақыттың еншісінде. Балалар әде­биетінде үлкен өзгеріс болуы үшін нақты не істеуіміз керек?

– Балалар әдебиеті үлкен әдебиетке қоса, жалпы тұтастай алғанда, бүкіл адамзат қоғамының гуманизм тұрғысындағы іргетасы. Ал іргетасы берік емес, кез келген нысан қауіпті. Балалар әдебиетінсіз дұрыс қоғам қалыптастыру, хакім Абай армандағандай, кемел тұлға, яки толық адам тәрбиелеу мүмкін емес.

Америкалық әлеуметтанушылар ұзақ жыл әлеуметтік зерттеу жүргізе келіп, мынандай ұйғарымға келген кө­рі­неді: «Ұл болсын, қыз болсын, егер бала 10 жасқа дейін әдеби кітап оқуға дағдыланса, демек бұл баланың санасында өзін-өзі жамандықтан сақтандыратын, яғни біреуге қорлық-қиянат көрсетуден, біреуге зорлық-зомбылық жасаудан, ұр­лық-қарлыққа барудан, басқа да толып жатқан жаман әдеттерден бойын алшақ ұстауға, іргесін аулақ салуға жетелейтін түйсік қалыптасады».

Балалар әдебиетіне жүйелі түрде аялы көзқарас керек. Бір жылды арнағанмен, бұл саладағы жылдар бойы қордаланған күрмеуі көп күрделі мәселелер түпкілікті шешілмейді. Балаларға арнап жаза­тын ақын-жазушыларға қомақты қалам­ақы төлеп, олардың кітаптарын балдыр­ған­дардың назарын бірден тартатындай етіп әдемі безендіріп, мемлекеттік тапсырыс арқылы жеткілікті таралыммен тұрақты шығарып тұру керек. Және бір өте маңызды мәселе, балаларға ар­налған көркем шы­ғар­малар байқауы әділ өтуі тиіс. Балалар әдебиеті – мөлдір бұлақ. Осы кіршіксіз тұнық дүниені біз лайламауға тиіспіз. Айтпақшы, балаларға арналған мерзімді баспасөзде қызмет істейтін әріптестердің де еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Соны­мен қатар жеткіншектерге арналған газет-журналдардың танымдық-тағылымдық сипатын арттырып, безендірілуін эсте­тикалық жоғары деңгейге көтере алсақ, тіпті керемет.

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»