Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын, біздің жастық шағымызда, мен туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Қарабұлақ ауылында 23 соғыс ардагері бар еді. Жеңіс мерекесі кезінде кеуделеріне орден-медальдерін сылдыратып осы ардагерлер көшеге шыққан кезде ауылымызды ерекше салтанатты жағдай кернеп алатын.
Майдангер ақын Қасым Аманжоловтың «солдаттың етігіндей жаным сірі» деп жырлағанындай, расында да нағыз жаны сірі ұрпақтың өкілдері еді олар: балалық шақтары аштық пен жалаңаштыққа тап келіп, бір уыс бидай үшін күрескен, жастық шағын зұлмат соғыс өрті жалмап, қан кешу қасап заманнан аман шыққан, онан кейінгі жылдары соғыс зардаптарын жойып, шаруашылықтарды көтеруге арналып, ат үстінен түспеген, демалыс дегеннің не екенін білмеген, жұмысқа үйінен таңмен таласа шығып, қас қарайған кезде оралған, бәлкім сол бір сұрапыл заманның, қиын өмірдің тәрбиесі ме екен, өмірде боркемік, жасық соғыс ардагерін көрген емеспін. От пен судан қаймықпас нағыз тасқайнат жандар еді шетінен.
Жеңіс күнгі мереке мен салтанат, сонан кейін ай сайын берілетін 3 кило сары май, 5-6 кило ет, 5-6 пәшкі үнді шайы аштық пен жалаңаштықты әбден көрген, оқ пен оттың астында жүріп, керзі етікпен Еуропаға дейін жеткен, заман қиындығын қайыспай көтерген осы қайсар жандардың ерлік пен еңбекке толы өмірлерінің өтеуіне берілген там-тұм нәрселер еді. Сол соғыс ардагерлерінің бірі менің әкем Файзолда Әліпбайұлы еді. Олар соны қанағат тұтып өмірден өтті.
Иә, соғыс ардагерлері туралы енді өткен шақпен сөйлеуге тура келетіндей. Өйткені адам рухының мызғымас мықтылығының белгісіндей болған аңыз адамдардың өмір сүрген дәуірі басымыздан өтіп барады. Олардың ерліктері туралы айтылар тірі куәгері жоқ әңгімелер енді басталып келеді.
Осыдан алты жыл бұрын Жеңіс мерекесі тұсында «Соғыстың соңғы солдаттары» деген мақала жаздым. Мақаланы жазуыма жаңағы 23 соғыс ардагерінен біздің көршіміз Молдақан Садықовтың ғана қалуы түрткі болды. Ақсақалдың телефонын тауып алып, өзімен сөйлестім, Жеңіс мерекесімен құттықтадым. Ол кісі біздің ауылымыз Қарабұлақта емес, енді Зайсан қаласында тұрып жатыр екен. Аудан әкімдігі қаладан жаңа пәтер беріпті. Кенже ұлы мен келінін қолына алып, сол пәтерінде екен. Соған баладай мәз.
Дегенмен сол жолы ауылымыздың Молдахан ағадан басқа тағы бір көзі тірі ардагері табылып қалар ма екен деген ниетпен мақала тақырыбын «Соғыстың соңғы солдаттары» деп көпше түрде қойдым. Сол мақаланы осы жолы интернеттен іздеп көріп едім, таба алмадым. Оның орнына «Соғыстың соңғы солдаты» деген тақырыппен әр жерден жазылған басқа мақалалар қаптап кетіпті. Содан бергі уақытта Молдахан аға да тоқсаннан асып барып дүниеден өтіп кетті. Былтырғы Жеңіс мерекесіне енді бүкіл Зайсан ауданынан төрт-ақ соғыс ардагері тірі жеткен екен. Ал биыл аудан бойынша жалғыз соғыс ардагері Зәкен Құрманқожанов қана қалыпты. «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай аудан әкімі ауданымыздағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Зәкен Құрманқожановты мерекемен құттықтап, тілдесіп қайтты. Зәкен ата 1923 жылы Зайсан ауданы, Сарыжыра ауылында дүниеге келген. Өзінің саналы ғұмырында көпті көрген ақсақал биыл 98 жасқа келді» депті бұл жайында әлеуметтік желідегі Зайсан ауданы әкімдігінің парақшасында.
Зайсан ауданы бойынша соғыстың соңғы солдаты Зәкен Құрманқожановтың өмір деректеріне интернет арқылы біраз үңілдім. Могиканның соңғы тұяғы секілді шынымен де аңыз адам екен. Майданға небәрі 17 жасында өзі сұранып аттанған. Алғаш ұрысқа кірген күні иығынан жараланған. Невель қаласындағы сұрапыл шайқаста қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен кездескен. Соғыста сегіз рет өлімнен қалған. Бір оқ әлі күнге дейін денесінде жүр. «Саржыра, Ленин колхоздарында ұзақ жылдар бойы ағаш шебері болып еңбек етті. 10 балалы отағасы 28 немереден 32 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр» делінген осыдан төрт жыл бұрынғы мәліметте.
Қолымыздағы деректер бойынша Зайсан ауданынан соғысқа 6 559 адам аттанса, олардың 3 927-сі тірі келген, 2 632-сі майдан даласынан оралмаған. Сол 4 мыңға тарта соғыс ардагерінен бұл күнде тек Зәкен Құрманқожанов қана қалды. …Соғыстың соңғы солдаты.