Қазіргі таңда «сары аймаққа» енген Маңғыстау облысында жалпы COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 6 763-ті құрады. Оның 90%-ы емделіп шықса, 105 адам о дүниелік болды. Ал жыл басынан бері қауіпті індеттен 28 адам қайтыс болған.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде денсаулық сақтау нысандары штаттық режімде жұмыс істеуде. Тұрғындарға 515 инфекциялық және 60 реанимациялық төсектік 10 стационар қызмет көрсетуде және бұған қосымша 2 452 төсектік орын, 131 реанимациялық орын толығымен жабдықталып, резервте дайын тұр. Осы жылдың 17-24 мамыр аралығында 359 адам ем қабылдап, жазылып шыққан. Бүгінде стационарларда 237 адам ем алып жатыр. Оның 20-сы кәмелет жасқа толмаған балалар. Өңірде барлығы екі компонент бойынша 52 926 адам егілген болса, ауруханада коронавируспен ауырып жатқандардың барлығы КВИ-ге қарсы екпе алмағандар екен.
Маңғыстау облысында КВИ-ге қарсы екпеге арналған 38 екпе кабинеті жұмыс істейді. Оның 17-і – Ақтау қаласында. Қосымша екпе пункттерінің жұмысы ұйымдастырылуда.
– Дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдарымен қамту мәселесі де басты назарда. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда 3 айға жететін дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдар қоры жасақталды. Сонымен қатар медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық көлемде қамтылды, бұл бойынша мәселе жоқ, – дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова.
Сонымен қатар өңірдің 241 кәсіпкерлік объектісінде Аshyq мобильдік қосымшасы толық іске қосылған. 29 кәсіпкерлік нысан сынақ мерзімімен жұмыс істеуде. Алайда Аshyq қосымшасы арқылы қосылып, бірақ тиісті талаптарды сақтамаған кәсіпкерлік нысандары да анықталды. Тәртіп бұзған «LOFT PUB», «Coffee City Premium», «Донер Сарайы», «На мангале», «Шум-Гам бар» қоғамдық орындарының Аshyq қосымшасындағы аккаунттары 2 аптаға бұғатталды.
Маңғыстау облысы